АҚШ-та ғалымдардың шетелге көшуі жиіледі. Бұған Президент Дональд Трамп әкімшілігінің ғылыми зерттеулерді қаржыландыру саясатындағы өзгерістері әсер етті. Федералдық гранттардың қысқаруы мен ғылыми еркіндікке қатысты алаңдаушылық америкалық зерттеушілердің Еуропа елдеріне қоныс аударуына түрткі болды. Ал шетелдік университеттер оларға тұрақты қаржыландыру мен қолайлы жұмыс жағдайын ұсынып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Хэлли Фрёлих ғылыми мансабын АҚШ-та жалғастыруды жоспарлаған. Калифорния университетінде тұрақты қызметке де орнықты. Алайда елдегі саяси өзгерістер мен ғылыми зерттеулерге қатысты шектеулер шешімін өзгертуге мәжбүр етті. Ғалым отбасымен Финляндияға көшіп, Хельсинки университетінде жұмысын жалғастырып жатыр. Мұнда оған зерттеу жұмыстары үшін бес жылға шамамен 3 млн доллар көлемінде қаржы бөлінді.
Хэлли Фрёлих, Хельсинки университетінің ғалымы:
– Мен Калифорния университетінде жақсы қызметке енді ғана қол жеткізген едім. Сондықтан ол жақтан кетуімнің себебін көпшілік түсіне қоймады. Әрине, бұрынғы өмірімді сағынамын. Бірақ алға қойған ұзақ мерзімді мақсатыма қол жеткізу үшін АҚШ-тағы жағдай мүмкіндік бермейді. Тіпті мен сияқты зерттеушілер үшін қолайсыз дер едім. Көшуіміздің себебі де осы болды.
АҚШ-та ғылыми жобаларды қаржыландыру тәртібі өзгерді. Кейбір гранттар тоқтатылып, зерттеу бағыттарына қойылатын талаптар күшейді. Трамптың екінші президенттік мерзімі басталғалы 177 миллиард долларға дейінгі федералдық грант қысқартылып, кейбіреулері уақытша тоқтатылған. Мысалы, АҚШ Ұлттық денсаулық сақтау институттары Адамның иммун тапшылығы вирусын зерттеуге арналған 450 миллион доллар қаржыландырудан айырылды, ал NASA келісімшарттары 420 миллион долларға қысқартылды. АҚШ-тың Мұхиттық және атмосфералық зерттеулер ұлттық басқармасы қызметкерлерін жұмыстан шығара бастаған. Сондықтан жергілікті ғалымдардың төрттен үш бөлігі елден кету мүмкіндігін қарастыра бастады. Америкалық университеттер қауымдастығы бұл жағдай елдің ғылыми әлеуетіне әсер етуі мүмкін деп дабыл қағады.
Тобин Смит, Америка университеттер қауымдастығының өкілі:
– Ұлттық ғылыми қор сияқты мекемелердің бюджетін айтарлықтай қысқарту ұсынылды. Ал зерттеудің кейбір бағыттары бойынша гранттар бір түнде-ақ тоқтап қалды.
Ғалымдардың шетелге кетуі қазірдің өзінде жиі байқалады. Биыл сәуірде жарияланған есепке сай, АҚШ штаттарының жартысынан астамы халықаралық бағдарламалардағы өзгерістен біраз ғалымдарынан айырылып қалды. Ал 2025 жылы физика саласында докторлық дәрежесін алған мамандардың елден кету көрсеткіші соңғы 30 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті. Ал америкалық университеттер қауымдастығының мәліметінше, 2026 жылдың күзінде ірі зерттеу университеттері докторантура бағдарламаларына алдыңғы жылмен салыстырғанда 15%-ға аз студент қабылдаған. Сарапшылар мұның салдары болашақ ғалымдар үшін ауыр тиюі мүмкін дейді.
Хэлли Фрёлих, Хельсинки университетінің ғалымы:
– Ғылыммен айналысу мүмкіндігін шектеп отыр. Бұл болашақта ғылыммен айналысам деген ұрпақтың шешіміне де әсер етеді. Әрине, оның нақты әсері кейінірек байқалады.
Дегенмен АҚШ әлемдегі жетекші ғылыми орталықтардың бірі болып қала береді. Елде қалған зерттеушілер балама қаржы көздерін іздеп, қолдан келгенше тырысып бағуда. Алайда сарапшылар ғылыми бағдарламалардың қысқаруы мен білікті кадрлардың шетел асуы алдағы он жылдықта кері әсерін беретініне сенімді. Айтуынша, егер бұл үрдіс жалғаса берсе, АҚШ ғылымы мен экономикасы үшін қиындықтар туатыны сөзсіз. Өйткені университеттердегі ғылыми зерттеулер елдің ғылыми-технологиялық дамуының маңызды бөлігі болып табылады.
Авторы: Арайлым Жақсылыққызы
Тегтер #24KZ #АҚШ #ғалымдар #Дональд Трамп #саяси жүйе #шартарапPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz