Әлемде дизель бағасы шарықтап тұр.
Литрі шамамен 1,67 доллар. Бұған басты себеп Таяу Шығыстағы жағдай. Осыған дейін ел жағдай реттелер деп үміттенген еді. Бірақ Ормуздан бөлек қазір Қызыл теңіз де өткел бермей тұр. Мұның соңы енді инфляцияға апара жатыр.
Алып экономика АҚШ-тың тұтынатын мұнай өнімдерінің 14%-ы дизельге тиесілі. Жыл басынан бері отынның бұл түрі бір жарым есе қымбаттаған. Елде инфляция да үдеп барады. Аралық сайлау қарсаңында Дональд Трамп үшін бұл тиімсіз, әрине. Сол себепті Ақ үй басшысы бағаны тұрақтандырып, дизель дағдарысымен күресу мақсатында түрлі қадамдарға барды. Бірақ әзірге нәтиже болмай тұр. Ендігі амал қандай?
Дизель отыны өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және автокөлік өндірісінде кеңінен қолданылады. Демек, күрт қымбаттаса, мемлекет үшін экономикалық әрі саяси қысым. Жылдың дәл осы кезеңінде, әдетте, дизель көбейіп, қор толығатын еді. Ал қазір керісінше сарқылып жатыр. Құрама Штаттар фермерлерді дизельмен қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламаны іске қоспақ. Бұл туралы президент Трамп Канзастағы сайлауалды науқан барысында хабарлады.
Ал АҚШ-тағы аралық сайлаудың өтуіне екі аптадай уақыт қалды. Сосын Иранға қарсы соғыс басталғалы бері Ақ үй басшысының рейтингісі де құлдырап кеткені белгілі. Осы себепті сайлаушылардың райынан секем алған Дональд Трамп пен Республикалық партия барын салып жатыр.
Дональд Трамп, АҚШ Президенті
- Ауыл шаруашылығы министрлігі жаңа бағдарламаны қолға алды. Ол фермерлерге дизель отынын сатып алуға көмектеседі. Шаруаларға егін ору кезінде 8 млрд доллар көлемінде қолдау көрсетіледі.
Дизель шикі мұнайдан жылдам қымбаттап жатыр. Әсіресе қарт құрлықта жағдай қиын. Еуропада дизель бағасы жыл басынан бері 82%-ға өскен. Бұған Таяу Шығыс пен Ресейден импорттың тоқтауы себеп. Салдарынан әлемдік нарықта отынның қолжетімді көлемі III тоқсанда тәулігіне 1,7 млн баррельге қысқарды. Таяуда Дональд Трамп Ресеймен нарыққа 4,8 млн тоннаға дейін дизель шығару жөнінде уағдаласқан еді. Қазан айында оның 300 мың тоннасы ғана жіберіледі. «Бірақ бұл нарықтағы жағдайға аса әсер ете қоймайды» дейді сарапшылар. 300 мың тонна дизель – АҚШ-тың бір тәуліктегі тұтыну көлемінен де аз. Ал Ресей Үкіметі төрағасының орынбасары Александр Новактың айтуына қарағанда, көршілес елде дизельдің өндірістік қуаты ішкі сұраныстан екі есе артық.
Эммануэль Макрон, Франция Президенті:
- Менің ойымша, бұл шешім ешкімге де тиімді емес. Ресейден жеткізілетін дизель отынының бұл қоры әлемдік нарықта қазірдің өзінде де бар. Өйткені санкцияларды ұстанбайтын мемлекеттер барын бәріміз білеміз. Сондықтан Ресей мен АҚШ арасындағы келісім мәселені шешпейді.
Дизель тапшылығына байланысты Трамп Кәрі құрлыққа қолқа салған. Яғни, Еуропа стратегиялық қордағы дизельді тездетіп сыртқа шығаруға тиіс. Трамп бұлай болмаса АҚШ-тан жөнелтілетін отын экспортына тыйым салатынын айтып дөңайбат та көрсетті. Енді Халықаралық энергетикалық агенттікке мүше 32 ел стратегиялық қоймалардан 20 миллион баррельден астам дизель шығаруды жоспарлап отыр.
ЦИТАТА: Халықаралық энергетикалық агенттік
- Дизель отынын резервтерден шығару мерзімі жекелеген елдерге, мұнай нарығындағы жағдайға және қыс мезгіліндегі сұранысқа байланысты. Стратегиялық қорлар мұнай нарығын сыртқы факторлар мен бағаның күрт ауытқуынан қорғайды. Демек, резервтердің қысқаруы болашақтағы дағдарыстарға қарсы қорғаныс деңгейін төмендетеді.
Еуропаның басындағы жағдай дәл осы. Қазір онсыз да орталап қалған қордағы отынды шығарса, қыста қайтіп күн көрмек?! Мұнай инфрақұрылымы мен Ормуз бұғазындағы танкерлерге қарсы шабуыл салдарынан әлем қазір 2 млрд баррель мұнайдан айырылды. АҚШ-Иран соғысы Солтүсік және Оңтүстік Американың Парсы шығанағы елдерімен бәсекелестігін күшейтті. Бұл бір жағынан энергетикалық қауіпсіздікті арттырады. Әрине Америка Таяу Шығыстағы арзан мұнайды алмастыра алмайды. Дегенмен, болашақта ОПЕК-тің баға саясатын шектеуге мүмкіндік бар. S&P Global сарапшыларының айтуынша, алдағы уақытта, тіпті Парсы шығанағы елдері әртараптандыруға бет бұрып, Америка құрлығында өндірілетін мұнайға инвестиция құяды.
ЦИТАТА: Шрайнер Паркер, Rystad Energy компаниясының сарапшысы
- Батыста мұнай өндірісінің артуы Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің, әсіресе, Сауд Арабиясының мұнай бағасына ықпал ету мүмкіндігін шектеді. Бұл үдеріске Венесуэла, Аргентина, Гайана, АҚШ және Канада елдерінің әрқайсысы өз үлесін қосады.
Бірақ, қалай дегенмен, Парсы шығанағы елдері географиялық орналасу жағынан ұтып отыр. Өйткені мұнайдың басты иморттаушылары – Қытай мен Үндістан екенін ескерсек, бұларға Америкадан гөрі Таяу шығыстан отын тасымалдау әлдеқайда тиімді. Ал дизельдің жаһандық дағдарысы 2027 жылдың бірінші жартысына дейін жалғасады. Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметіне сүйенсек, биыл мұнай өңдеу зауыттарының жұмысы қалпына келсе де, бұл тапшылықты өтей алмайды. «Сондықтан ұсыныс пен сұраныстың тепе-теңдігі жақын арада орнай қоймайды» дейді сарапшылар. Демек, биылғы қыс жекелеген мемлекеттер ғана емес, тұтас құрлықтар үшін үлкен сынақ болғалы тұр.
Авторы Мөлдір Жақан
Тегтер #дизель бағасы #Трамп #Макрон #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz