Енді Түркияда 15 жасқа дейінгі балалар әлеуметтік желіні қолдана алмайды.
Тиісті заң 1 қарашадан бастап күшіне енеді. Сөйтіп, жылдар бойы жауапты министрлік зерттеп, Түркия Мәжілісі осы көктемде мақұлдаған құжат бекіді. Ал егер тәртіпке бағынбаса, аккаунт бірден бұғатталады. Жергілікті электронды үкімет жүйесінде әрбір қолданушы туралы ақпарат жіпке тізгендей жазулы тұр.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Интернет дәуірінде дүниеге келген балаларға әлеуметтік желіні шектеу талабын енгізу оңай болған жоқ. Дегенмен, әлеужелідегі мінсіз сұлулық балалардың психологиялық һәм физикалық күйіне кері әсерін тигізіп отыр. Осылай деген Түркияның отбасы және әлеуметтік қызметтер министрі бұл бастаманың адам бостандығын шектеу емес екенін атап өтті. Бірнеше жыл сүзгіден өткен ережеге сәйкес, енді 1 қарашадан бастап 15 жасқа толмаған балалардың интернет желісінде аккаунт ашуына шектеу қойылады. Бұл 15 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер платформаны емін-еркін қолдана алады деген сөз емес. Оларға да талап күшейді. Желіні қолдана алғанымен, бұл жастағы жеткіншектерге арналған контент жасына сай болуы керек.
Махинур Өздемир Гөкташ, Түркияның отбасы және әлеуметтік қызметтер министрі:
- Әлемдегі тәжірибені 2 жылдай зерделеп, Түркияның өзіне тән моделін әзірледік. Бұл заң сәуір айында Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінде қабылданды. Біз осы бағыттағы жұмысты киберқауіпсіздік басқармасымен бірлесіп жүргіздік. Мақсатымыз – балаларға қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыру. Енді ережелер кезең-кезеңімен күшіне енеді. Жаңа ашылған аккаунттарға талап енгізіліп, қолданыстағы барлық аккаунттар 2027 жылдың 31 наурызына дейін жас тексеруінен өтуі тиіс. Бұл талап ересектердің аккаунтына да қатысты.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Иә, жаңа тәртіпті айналып өту де оңай болмайды. Мәселен, 15 жасқа толмаған бала бөтен адамның атымен аккаунт ашуға тырысса, платформа алгоритмі оның жасы мен аккаунттағы мәліметтің сәйкес еместігін анықтай алады. Мұндай жағдайда жүйе жасты қайта растауды талап етіп, ереже бұзылған аккаунтқа шектеу қояды, тіпті бұғаттауы мүмкін. Өйткені желіні қолданушының жасы Түркияның электронды үкімет жүйесі арқылы расталады.
Махинур Өздемир Гөкташ, Түркияның отбасы және әлеуметтік қызметтер министрі:
- Енді әлеуметтік желіге кіру кезінде электронды үкімет жүйесі арқылы қолданушының жасы тексеріледі. Егер пайдаланушы 15 жасқа толмаған болса, оның әлеуметтік желіге кіруіне жол берілмейді. Ал 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдер үшін экранды үздіксіз айналдыруға негізделген функциялар шектеледі, тікелей эфир жүргізе алмайды. Олардың аккаунты әдепкіде жабық болады. Достар тізімін тек өзара байланыс орнатқан адамдар ғана көре алады. Сондай-ақ тәуелділік тудыратын дизайн элементтеріне шектеу қойылады.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Баласының ғаламтордағы әрекетіне алаңдаған ата-ана енді оның аккаунт баптауын бақылап, желіде өткізетін уақытын шектей алады. Олар бұл бастаманы ұлы мен қызын зиянды контент пен интернеттегі қысымнан қорғаудың қажетті шарасы деп санайды. Ал енді бірі әлеуметтік желіні тек ақпарат алмасу құралы ретінде ғана пайдалану қажет дегенді алға тартып отыр.
БЛИЦ
- Балалардың интернет арқылы танысқанын құптамаймын. Ғаламторда шындыққа жанаспайтын зиянды ақпарат өте көп. Сол себепті бұл дұрыс шешім.
- Менің ойымша, балаларға әлеуметтік желіні шектеу дұрыс. Өйткені технология ересектерге де кері әсер етіп жатыр. Ата-аналар балаларына көбірек көңіл бөліп, телефонға тәуелділіктің алдын алуы керек.
- Әлеуметтік желі арқылы балалар танымайтын, бөтен адаммен сөйлеседі. Ал оны шектеу өте дұрыс бастама. Бұл балалардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Қалай болғанда да түрік қоғамы бұл бастамаға дұрыс көзқараста. Өйткені оң-солын енді танып бастаған бозбала мен бойжеткеннің әлеуметтік желідегі қауіпсіздігін күшейту оларды интернеттегі қысымнан қорғайды. Ал жауаптылар жаңа талаптың орындалуы тек жүйеге ғана емес, отбасының бақылауына да байланысты екенін ескертеді.
Авторы Әсия Нұрлыбаева
Тегтер #Түркия #әлеуметтік желі #бала #аккаунт #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz