Саудия бастаған әскери одақ Қызыл теңізде қару-жарақ тиелген кемені жойды.
Нысанға әуеден бірнеше соққы жасалды. Хуситтерге арналған жүктің қай елден жіберілгені корольдік тарапына аян. Бірақ оны жалпақ жұртқа жария еткен жоқ. Анық-қанығын тек өздері біледі. Бірақ бір анығы хуситтер тек Иранға арқа сүйемейді.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Йемендік хуситтерді Иран ғана емес, қолына қару ұстатып желіктіріп отырған өзге де ұйымдар болуы әбден мүмкін. Әмірліктегі халықаралық қатынастар жөніндегі маман Обаид Әли Әлзааби осылай дейді. Оның айтуынша, парсы мемлекеті «Ансар Алла» қозғалысының ұзақ мерзімді әскери әлеуетін қалыптастыруға көмектесті. Бірақ тікелей басқарған жоқ. Ираншыл топ Йеменде өзіндік стратегия мен саяси мүддені ұстанды. Ел ішінде тіреуін нығайтты.
Обаид Әли Әлзааби, халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы:
- Хуситтер көптеген мемлекеттік субъектінің көмегін алады. Ең әуелі Иран, сосын араб түбегіне жақын Африка елдері осы қатарда болуы ықтимал. Бастысы олар жергілікті қауымның қолдауына ие. Осы тұрғыдан алғанда, заңды үкіметке қарсы қозғалысты толықтай жеңу қиын. Мәселе екінші жағынан қарсы тарап күшінің бірікпеуінде болып отыр. Йемен жерінде ұрыс жүргізу де оңай шаруа емес. Тағы айта кетерлігі, олар қару-жарақтың біршама түрін жасауды жолға қойды. Яғни белгілі бір деңгейде әскери дағдыларды меңгерді.
Сауд Арабиясы қазір Йеменге сырттан қару кіргізбеуге тырысып жатыр. Бірер күн бұрын Қызыл теңізде хуситтерге тиесілі кеме жойылды. Саудия тарапы онда әскери керек-жарақ болды дегенімен, қай мемлекеттен жіберілгенін ресми жария еткен жоқ. Белгілісі ираншыл қозғалыста алыс қашықтыққа арналған зымырандардың саны әзірге азаятын түрі көрінбейді. Көбін үкімет жасақтарымен қақтығыс кезінде қолға түсірген. Күніне кемі бір мәрте әуеден жойқын соққы жасауға жетіп жатыр. Сондықтан Эр-Рияд, Даммам секілді қалаларға әлі де ұшақ ұшпайды.
Абдулазиз Сақр, «Gulf» зерттеу орталығының төрағасы:
- Сауд Арабиясы мен шығанақ елдеріне жасалып жатқан шабуыл әлемге әсер етеді. Салдарын көптеген ел сезінеді. Сондықтан қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ортақ негізін қалыптастыру керек. Ақпан айынан бері шиеленіс бәсеңдей қоймады. Аймақ үшін АҚШ саясатының болжап білмейтін тұстары үлкен қауіпке айналды. Вашингтонның бізбен келіспей, пікірімізді ескермей қақтығысты бастауы көп зардабын тигізді.
Араб әлемі қазір кімге сенерін білмей қалды. Бір анығы, хуситтердің күші де, қолдаушысы да мықты. Американдық арсеналдың бір қатарына ие Саудияға төтеп беріп қана қоймай, тықсырып барады. Жалпы араб әлеміне енді бірігетін шақ таяу тәрізді. Кейінгі кезде өңір жетекшілерінің ойынан осы жайт анық аңғарыла бастады. Айталық, Катар өңірлік қорғанысты күшейтін жаңа бастама көтерді. Қалған араб елдері қолдау танытса, түбектің өзінде зымыран және дронға қарсы технологиялық серіктестік іске асуы мүмкін. Бұлай болмаған жағдайда Сауд Арабиясына сырттан енді ешкімнің көмек бере қоюы неғайбыл.
Авторы Рауан Мыңбай
Тегтер #Таяу Шығыс #хуситтер #24KZ #ИранPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz