Еуроодақ Арктика бойынша стратегиясын өзгертеді.
Құжатта аймақтың кәрі құрлық үшін маңызы артқаны айтылған. Керек болса, ұйым елдері НАТО-мен әскери күшін біріктіріп, мұз жарғыш кемелердің санын көбейткелі отыр. Сондай-ақ Арктиканы ғарыштан бақылаймыз дейді. Бұған қоса теңіз қауіпсіздігі орталығын құруға ниетті. Сонда Еуроодақ кімнен қорғанбақ?
Таяуда АҚШ Греландияда екі әскери база ашады. Ал Ресейдің атомдық мұз жарғыш кемелері бар. Қажет болса, мұны Арктикаға орналастыруға әзір. Қытайдың да стратегиялық мүддесі айқын. Бейжің порт салуға, пайдалы қазбаларды өндіруге, сондай-ақ бірқатар маңызды инфрақұрылымға инвестиция құйған. Еуроодақ бұл жолы осы алпауыт елдерден секем алып отыр.
Урсула фон дер Ляйен, Еуропалық комиссия басшысы:
- Арктика бізге қатысы жоқ, алыстағы шекара емес. Бұл аймақ Еуроодақтың бір бөлігі. Ұйымға мүше үш мемлекет осы өңірде орналасқан. Еуроодақтың жарты миллион азаматы Арктикада тұрады.
Бұрын Еуроодақ Арктиканы адамзаттың ортақ қазынасы деп есептейтін. Енді стратегиялық маңызы артқанын айтады.
Бұл арада "солтүстіктегі көршілер" саясатын енгіземіз, дейді. Оған Норвегия, Исландия, Канада, Ұлыбритания кіруі мүмкін. Сөйтіп, мәселе туындаса, саммитке жиналып, шешуге ниетті.
Урсула фон дер Ляйен, Еуропалық комиссия басшысы:
- Аймақтағы тұрақтылық бұрынғыдай өздігінен сақталады деп қарап отыруға болмайды. Қазір жаһандық тәртіпке ешкім бағынбай барады. Сондықтан біз өз бетінше қамданып, әрекет етуіміз керек. Стратегиялық ұстанымымызды өзгертіп, одақтас елдермен осы құндылықты қорғауымыз қажет.
Арктика Жер шарының солтүстігінде 21 млн шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Ең үлкен аралы - Гренландия, ең үлкен теңізі - Баренц. Арктика аймағына 8 мемлекеттің шекарасы кіреді. Олар: Ресей, Канада, АҚШ, Дания, Норвегия, Швеция, Финляндия және Исландия. Ең бастысы,оның қойнауы мұнай мен газға бай. Құрама Штаттардың Геологиялық қызметінің дерегі бойынша, Арктикада әлемде барланбаған қара алтын қорының 13, ал көгілдір отынның 30 пайызы болуы мүмкін. Бірақ алдағы уақытта Еуроодақ энергетикалық шикізат өндіруді жоспарлап отырған жоқ. Бұл өңірдің мұнай саласына инвестиция салудың тәуекелі көп екенін айтады.
Наая Натаниэльсен, Нуук үкіметінің бұрынғы министрі:
- Кен орнын игеру немесе мұнай өндіруді бастау оңай шаруа емес. Бұған орта есеппен 16 жыл қажет. Қара алтын табылған күннің өзінде алғашқы баррельді өндіруге кемі 10 жыл кетуі мүмкін. Әрбір қадам нақты әрі мұқият есептелуі тиіс. Мемлекет пен инвесторлар тарапынан төзімділік, қыруар қаражат және нақты стратегия керек.
Климат өзгерісінен Арктика да жылдан жылға жылып барады. Мұнда орташа ауа температурасы 4 есе жоғарылаған. Ал мұздықтардың еруі Азиядан Еуропаға барар жолды қысқартады. Бұл Суэц каналы мен Қызыл теңізге тәуелділікті азайтуға сеп болары анық.
Таяуда Оңтүстік Корея Арктика арқылы кәрі құрлыққа жүк жөнелтті. Сапар 50 күнге созылды. Сеул билігі бұл бағытты 2030 жылға қарай толық іске қосамыз деп отыр.
Ли Чжэ Мён, Оңтүстік Корея президенті:
- Таяу Шығыстағы шиеленіс, Ормуз бұғазының жабылуы Корея экономикасына кері әсер етті. Ал Арктика біз үшін дағдарыс кезінде балама жол болады. Біз тағы бір мәселені шешуіміз қажет. Еуропаға жүк жеткізген кемелер бос қайтпауы керек.
Арктика арқылы жүк тасымалы жеңілдесе, шығын да азаяды. Алайда, Солтүстік теңіз жолы Ресей арқылы өтеді. Мәскеу билігі мұның маңызын жақсы түсінеді. Сондықтан, қарап отырмақ емес. Бақылауды өз қолына алуға ниетті.
ЦИТАТА: Алексей Чекунков, Ресейдің Қиыр Шығыс және Арктиканы дамыту министрі
Ресейдің 40 мұзжарғыш кемесі бар, ал АҚШ-та небәрі 10. Еуропа елдерінде мүлде жоқ. Бұл салада Ресейдің әлеуетіне ешкім жете алмайды. Сондықтан Солтүстік теңіз жолын Ресейдің көмегінсіз пайдалану мүмкін емес.
Ал Қытайдың полюске қызығуы кеше басталған жоқ. 2013 жылы Арктика кеңесіне бақылаушы ретінде кірді. Бұдан соң " Полярлық Жібек жолы" бағдарламасын қолға алды. Ресей мен Қытайдың жоспарына Ақ үй басшысы да алаңдаулы. Президент Трамп Гренландияға көз тігуінің басты себебі де осы. Таяуда Вашингтон, Копенгаген және Нуук билігі қауіпсіздік бойынша келісімге келді. Құжатқа сәйкес, АҚШ аралдың шығыс жағалауында әскери базаларын орналастырады. Ал шығыстағы көршіміз Құрама Штаттардың Бейжіңнен секем алуы қисынсыз, - дейді.
Фу Инь, Қытайдың бұрынғы сыртқы істер министрінің орынбасары:
- Қытай қаупі туралы жиі айтылады. Иә, Қытай халқы көп, аумағы үлкен. Алайда Бейжің Арктикада кімге қарсы соғыс ашуы мүмкін? Бұл аймақта соғыс ашу да оңай емес. Геосаясат туралы жорамалға құрылған қауесетке сенудің қажеті жоқ. Арктика бойынша ең маңызды мәселе — бұл теңіз мұзының еруі, мұз жамылғысының азаюы және температураның көтерілуі. Әлем елдері осыған назар аударуы қажет.
Бүгінгі шиеленістің түпкі себебі Арктика ғана емес, алпауыт елдер арасында бәсеке күшейді. Әрқайсысы аймақтық көшбасшылыққа ие болғысы келеді, дейді сарапшылар. Ал Арктика осы геосаяси тартыстың майданына айналып отыр.
Зайнұр Байжігіт
Тегтер #Арктика #таласу #НАТО #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz