Әлемде 13 жарым млн бала ешқашан екпе алмаған. Олардың басым бөлігі табысы төмен елдерде тұрады. Биыл Бангладеште қызылша өршіп тұр. Ауру жұқтырған 1 мыңнан аса тұрғын көз жұмды, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай. Себеп – вакцинамен қамтамасыз ету деңгейінің төмендігі. Алайда мәселе кедей мемлекеттерге ғана қатысты болып тұрған жоқ. Табысы жоғары, дамыған елдердің өзінде екпе алуға күмәнмен қарайтындар жетерлік. Ал сарапшылар вакцинадан жаппай бас тартудың соңы ауру-сырқауды көбейтеді деп алаңдайды.
Әлемде қызылша жұқтырған адам саны бойынша көш бастап тұрған ел – Бангладеш. Наурыз айынан бері 202 мың азамат ауруға шалдығуы мүмкін деген ақпарат бар. 22 мың адамда сырқат ресми расталды. 1200-ге жуық тұрғын көз жұмды. Басым бөлігі – 5 жасқа толмаған бала. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі осындай. Бангладеш қызылшаның осыншалықты өршуіне кейінгі 20 жылда алғаш рет тап болып отыр. Тақауда ғана мемлекет екпе егу көрсеткіші бойынша жоғары нәтижелер көрсеткен. 2024 жылы балалардың 96%-ы вакцинаның бірінші дозасын, ал 93%-ы екінші дозасын алған. Алайда саяси тұрақсыздық пен вакцина жеткізудегі іркіліс салдарынан мыңдаған бала қорғансыз қалды. Қазір билік 3 млн 400 мың баланы екпемен қамтуды жоспарлап отыр.
Абу Джамил Файсел, қоғамдық денсаулық сақтау маманы:
– Екпе алуға 30 баланың 10-15-і ғана келетін. Салдарынан вакцина қабылдамаған балалар бірін-бірі жұқтырып жатыр.
Қызылша – ең жұқпалы инфекциялардың бірі. «Соған қарамастан, вакцинаның екі дозасын қабылдау арқылы аурудан сақтануға болады» дейді дәрігерлер. Ал вакцинамен қамту деңгейі төмендеген кезде вирус жылдам тарайды. Инфекция, әсіресе, кішкентай балалар мен иммунитеті әлсіреген адамдар үшін қауіпті. Табысы төмен елдер ғана емес, дамыған мемлекеттердің өзінде кей тұрғындар екпеге күмәнмен қарайды. АҚШ-та, тіпті, «екпе алу аутизмге әкеледі» деген сенім бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мұны жоққа шығарғанымен, екпе салудан бас тартатындар жетерлік. CDC деректеріне сүйенсек, биыл Құрама Штаттарда 4 мыңнан астам адам қызылшаға шалдыққан, ал олардың 96%-ы екпе алмаған болып шықты.
Дженнифер Нуццо, Браун университетінің профессоры:
– Әлемде қызылша ауруы неғұрлым көп тіркелсе, оның таралуын бақылау соғұрлым қиындай түседі. Алайда вирустың алдын алудың өте тиімді құралы бар. Вакциналау деңгейі ұжымдық иммунитет қалыптасатын 95 пайыздық межеге жетсе, инфекцияның жергілікті таралуына жол бермеуге тиіс.
Әлемде 13 млн-нан астам сәби ешқашан екпе алмаған. Мұндай балалардың 80 пайыздан астамы табысы төмен және орта деңгейге жетпейтін 68 елде тұрады. Сарапшылардың айтуынша, вакцина мен дәрілік препараттарды тиісті температурада сақтау олардың тиімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. «Тоңазытқышта сақтауды қажет етпейтін екпелер халықтың анағұрлым көп бөлігін вакциналауға мүмкіндік береді» дейді. Мұндай вакциналарға әсіресе шалғай елді мекендерде, қарулы қақтығыстардан зардап шеккен аймақтарда және электрмен жабдықтау жүйесі тұрақсыз медициналық мекемелерде қажеттілік байқалады. Әдетте, екпені 2°C-тан 8°C-қа дейінгі температурада сақтау қажет. ЮНИСЕФ-тің мәліметіне сүйенсек, 2023 жылы Судандағы қарулы қақтығыстар кезінде электрмен жабдықтаудың тұрақсыздығы және генераторларға арналған отын тапшылығы мәселесі өткір тұрды. Салдарынан тоңазытқышта сақтаулы тұрған млн-даған доза вакцинаға қауіп төнді. Биыл Ұлыбританияда жүргізілген клиникалық зерттеу тоңазытқышта сақтауды қажет етпейтін вакцина түрінің инфекцияға қарсы күресуге қабілетті екенін көрсетті.
2014 жылы Оңтүстік Африка республикасының мектептерінде адам папиллома вирусына қарсы екпе бағдарламасы енгізілді. Жасы тоғыздан асқан қыздарды вакциналау ұсынылды. Нәтижесінде 10 жылда адам папиллома вирусының 16 және 18-типтерін жұқтыру жағдайлары 83 пайызға азайған. Алайда бұл ауруды жұқтырғаннан кейін жатыр мойны обырының дамуына ондаған жыл қажет болуы мүмкін. Сондықтан әзірге бағдарламаның тиімділігін тек қатерлі ісікке шалдығу көрсеткіштері негізінде бағалауға ерте. Бірақ айта кетерлігі, елде адам папиллома вирусының өзге типтерін жұқтыру деңгейі төмендемеген. «Яғни оң өзгеріс өзге факторларға емес, нақты осы вакцинаға байланысты болғанына сенім артты», – дейді мамандар. Жалпы жыл сайын әлем бойынша 600 мыңнан астам әйелге жатыр мойны обыры диагнозы қойылады. Бұл мәселе Оңтүстік Африка республикасы үшін аса өзекті. Өйткені былтырғы жылдың орта тұсындағы деректерге сүйенсек, елде 8 млн-ға жуық тұрғын Адамның иммун тапшылығы вирусымен ауырған. Бұл жергілікті халықтың шамамен 12 пайызына тең. Ал осы вирусты жұқтырған әйелдердің жатыр мойны обырына шалдығу ықтималдығы әлдеқайда жоғары.
Тегтер #24KZ #шартарап #екпе #Бангладеш #қызылша ауруы #Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz