Мерзімді әскери қызметтің алғашқы бөлігін теория, тактика, негізгі дайындық ретінде оқу орталықтарында, ал қалған бөлігін тікелей әскери бөлімдерде жауынгерлік міндетін орындау арқылы өткізу – жиі қолданылатын халықаралық тәсіл, деп хабарлайды 24KZ.
Финляндияда мерзімді әскери қызмет екі кезеңдік жүйеден тұрады. Мерзімі сарбаздың мамандығына байланысты 6, 9 немесе 12 айды құрайды. Егер азамат 6 ай ғана қызмет етсе, оның алғашқы 3 айы қарқынды базалық дайындықпен оқу орталығында өтеді. Кейінгі 3 айында олар тікелей әскери бөлімшелерге жіберіліп, шынайы сынақ жағдайында жауынгерлік міндетін атқарады. Бұл жүйе Финляндияға қысқа мерзім ішінде ел қорғауға дайын 900 мыңға жуық сапалы резерв құруға мүмкіндік берді.
Дания әскери жүйесін қайта қарап, биыл 3 тамыздан бастап мерзімді қызметті 11 айға дейін ұзартты. Сарбаздар алғашқы 3-5 айда базалық әскери дайындық жасайды, ал қалған айларда тікелей әскери бөлімдерге бекітіліп, елдің қорғаныс қабілетін күшейтетін арнайы мамандандырылған дайындықтан өтеді. Сонымен қатар биылғы реформа аясында ел тарихында алғаш рет ерлер мен әйелдер әскерге толықтай тең құқылы негізде шақырыла бастады.
Германия да үлкен өзгеріс алдында тұр. Елдің Қорғаныс министрлігі 6 айлық ерікті әскери қызмет жүйесін енгізу туралы заң жобасын әзірледі. Бұл модельде алғашқы айларда сарбаздар оқу орталықтарында ортақ базалық дайындықтан өтеді, ал кейінгі айларда Отан қорғау бағдарламасы шеңберінде нақты әскери бөлімдерге бөлініп, танк жүргізушісі, жүк көлігі жүргізушісі сияқты нақты әскери-есептік мамандықтарды меңгеруге көшеді. Неміс билігі бұл қадам арқылы кәсіби әскер қатарын толықтырып, жаһандық геосаяси дағдарыстар кезінде Бундесвердің қорғаныс әлеуетін жедел арттыруды көздеп отыр.
Авторы: Ернат Рахметолла
Тегтер #24KZ #Финляндия #әскери қызмет #Дания #ГерманияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz