Кореяда жүргізушісіз басқарылатын көліктер, робот-тұрақшы және басқа да «ақылды» технологиялар таныстырылды.
Қазір Каннын қаласында Зияткерлік көлік жүйелерінің бүкіләлемдік конгресі өтіп жатыр. 90 елден жиналған мамандар жаңа инновацияларды жол үстінде өздері сынап көрді.
Автоматтандырылған тұрақшылар, жүргізушісіз автокөліктер және көлік саласындағы басқа да ең соңғы әзірлемелерді Каннындағы көрмеден табасыз. Форумға 90 елден келген қатысушылар олардың жұмысын көздерімен көріп, сынақтан өткізе алады. Сондай-ақ оларға жүргізушісі жоқ қоғамдық көлікпен жүру ұсынылады.
Хон Чжи Сон, Корея Республикасы жер, инфрақұрылым және көлік министрі:
- Оңтүстік Кореядағы зияткерлік көлік жүйелері үлкен прогреске қол жеткізді. Жол қозғалысы туралы ақпарат беру мен көлік ағынын басқарудан бастап, жасанды интеллект негізінде жол жағдайын болжауға және автономды жүргізуді қолдауға дейінгі жолдан өтіп, технологияларды дамыттық, оларды тәжірибеде қолдандық әрі мол тәжірибе жинақтадық. Каннындағы осы конгресте сіздер қол жеткізілген нәтижелерге куә боласыздар.
Форум қонақтары озық жүйелердің Каннында қалай жұмыс істейтінін көрді. Осыдан 2 жыл бұрын мұнда ақпараттық орталық ашылған болатын, оған 3 300 бейнебақылау камерасынан деректер түседі. Оларды жасанды интеллект өңдеп, қаладағы бағдаршамдардың жұмысын реттеп отырады. Бұл жүйе іске қосылғалы бері кептелістер саны 14 пайызға азайған.
Владислав Цой, тілші:
- Бұл жүйе полиция қызметкерлеріне құқық бұзушыларды жылдам анықтауға көмектеседі. Жасанды интеллект бейнебақылау камераларынан алынған деректерді талдайды. Мысалы, көліктің түсі қара болса, жүйе қара түсті автокөліктің белгілі бір жолмен қай уақытта жүргенін көрсете алады. Бейнекамералардан алынған ақпарат бір ай бойы сақталады.
Чо Гён Хак, Каннын қаласы ақпарат орталығының өкілі:
- Егде жастағы адамдар немесе мүмкіндігі шектеулі жаяу жүргіншілер бөлінген уақыт ішінде жолдан өтіп үлгірмейді. Мұндай жағдайларда жүйе олардың өтуді қауіпсіз аяқтауы үшін бағдаршамның жасыл түсін сәл ұзартады. Бұл жолды белгіленбеген жерден өту жағдайларын 90%-ға азайтты. Сонымен қатар ЖИ жол полициясы мен өрт сөндіру қызметінің экипаждарын тиімді бөлуге және орналастыруға көмектеседі.
Бүкіләлемдік конгресте зияткерлік көлік жүйелерін табысты енгізген елдер атап өтілді. Марапатқа Жаңа Зеландияның Гамильтон қалалық кеңесінің өкілдері автобустар мен өрт сөндіру көліктеріне бағдаршамдардан басымдықпен өту жүйесін әзірлегені үшін ие болды. Сонымен қатар 60 мың оқушыға арналған қоғамдық көліктің жүргізушісіз автоматтандырылған жүйесін енгізгені үшін Бельгияның Лёвен қаласының өкілдері де марапатталды.
Владислав Цой, Ольга Лян
Тегтер #корея #көлік #ақылды жүйе #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz