RU
Толық нұсқаға өту

Қытайда адасқан қар барысы құтқарылды

23.10.2026, 07:43 34

Қар барысы әлемнің 12 мемлекетінде кездеседі. Алайда саны аса көп емес. Солардың тең жартысына жуығы Қытай тауларын мекендейді екен. Халықаралық табиғатты қорғау ұйымдары жүргізген зерттеулерге қарағанда, бұл елде 4 мыңнан аса қар барысы болуы мүмкін, деп хабарлайды 24KZ.


Қытайда қар барысы жойылып кету қаупі бар жабайы аңдардың тізіміне енген. Мемлекет оны ерекше қорғайды. Жыртқыш 5 провинцияда жиі кездеседі. Ал ең басым бөлігі Шыңжаң өңірінде мекендейді. Жуырда осы Қазақстанмен шекаралас аймақта адасқан қар барысы құтқарылды. Бір қызығы түз тағысы адамдарға тауда емес, шөлде кезіккен.

Ли Хунбяо, жергілікті Орман шаруашылығы басқармасының станция директоры:

– Қоршаған ортаға талдау жасалды. Біздің ойымызша, бұл қар барысы Тянь-Шань тауларынан түскен. Жемтігінің ізіне түсіп, адасып кеткен болса керек. Ұрғашы екен. Әбден әлсіреген. Аңды біраз уақыт арнайы орталықта ұстап, бақылаймыз. Әл жинаған соң табиғи мекендейтін ортасына жіберетін боламыз.

Мамандар 3-4 мың метр биіктікте мекендейтін аңның құм ішінен табылуы сирек жағдай деп отыр. Абырой болғанда, алдынан шыққан бір топ саяхатшыға айбат шегіп, шабуыл жасамаған.

Бай Цзюин, Шаньшань уезінің полиция қызметкері:

– Хабарлама күндізгі сағат 14:00 шамасында түсті. Аңмен бірнеше сағат арпалысып торға әрең қамадық. Ең бастысы, төңіректегі адамдарға зияны тимеді. Жыртқыштың өзі де ешқандай жарақат алмады. Шыңжаңдағы жануарларды қорғау орталығына жеткізіліп, кәсіби мамандардың қолына тапсырылды.

Қытайдың ұлттық орман шаруашылығы басқармасы қар барысы популяциясының өсіп келе жатқанын мәлімдеді. Қазір ғалымдар 1200 қар барысының санағын тұрақты түрде жүргізіп отыр. Ғылыми зерттеулерге жасанды интеллектіні қолдануда. Сонымен қатар жергілікті малшылар мен ауыл тұрғындары да тартылған. Олар көші-қон бағытын анықтап, фотосуретке түсіру арқылы қорықшыларға жәрдем береді.

Автор: Руслан Бақытбекұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz