RU
Толық нұсқаға өту

Йеменде соғыс гуманитарлық дағдарысты ушықтырды

23.10.2026, 13:28 27

Йеменде соғыс қимылдарының жиілеуі гуманитарлық дағдарысты ушықтырды. Жолдар жабылып, аймаққа азық-түлік пен жанармай жеткізу қиындаған. Салдарынан елді қымбатшылық жайлады. Мемлекеттік қызметкерлер айлап жалақысыз отыр. Аден қаласындағы ауруханаларға аш құрсақ балалар жиі түсе бастады. Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметінше, мыңдаған адам бас сауғалап, өзге жерге кетуге мәжбүр, деп хабарлайды 24KZ.

Халық саны жарты миллионнан асатын Таиз қаласы Йемендегі қарулы қақтығыстың негізгі ошақтарының біріне айналды. Соғыс салдарынан аймақтағы негізгі жолдар жабық. Шаһарға ең қажетті тауарлар жетпей жатыр. Аймақта азық-түлік пен жанармай тапшы. Мемлекеттік мекемелер жұмысын тоқтатты. Мектептер де жабық. Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметінше, соғыс қимылдары басталғалы 200 мыңнан астам адам өзге жерге бас сауғалауға мәжбүр болды.

Стефан Дюжаррик, БҰҰ баспасөз хатшысы:

– Біз барлық тарапты сабырға шақырамыз. Халықаралық гуманитарлық құқық аясында міндеттемелерді орындап, бейбіт тұрғындар мен азаматтық инфрақұрылым нысандарына тікелей шабуыл жасаудан бас тартуды және бейбіт халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етеміз.

Аден қаласында баспанасынан айырылғандар босқындар лагерлеріне ағылуда. Оларды уақытша шатырмен әрі азық-түлікпен қамтамасыз етудің өзі мұңға айналды. Өйткені гуманитарлық ұйымдарға көмек жеткізу барған сайын қиындық тудыруда. Мәселен, қажеттілік артқанмен, қолда бар ресурстар сарқылып барады. Тіпті ең қажетті азық-түлікке қол жеткізу мүмкін емес. Кейбіреулер жейтін асын қоқыс жәшіктерінен іздеп кеткен. Дағдарыстың салдары медициналық мекемелерде де айқын байқалады. Тырысқақ сияқты жұқпалы ауруларды жұқтырған науқастардың саны артуда. Аштықтан әл-дәрмені таусылған балалар да көп.

Инсаф Әл-Хамри, медициналық мекеме басшысы:

– Бір үзім нан таппай, аш құрсақ жүргендердің қатары күннен күнге артып барады. Аймақтағы ахуал өте нашар. Аштықтың зардабын тартқан нәрестелердің жағдайы өте мүшкіл.

Жылдар бойы жалғасып жатқан соғыс Йеменді қайта есеңгіретіп жіберді. Ел гуманитарлық апаттың алдында тұр. Әскери қақтығыстар тоқтамайынша, миллиондаған адам аштық пен аурудың зардабын тартуға мәжбүр болады.

Автор: Арайлым Жақсылыққызы

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz