Интернеттің ең осал тұсы табылды. Мәселенің басы – PHP бағдарламалау тілі. Мұны сайт жасау үшін пайдаланады. Жүйенің кемшілігін жасанды интеллект анықтаған. Алаңдатарлығы сол, ғаламтордағы сайттардың 70 пайызы осы тілде жасалған. Ал әлемде кибершабуылдар азаймай тұр. Биыл қыркүйекте әр мекеме мен компанияға аптасына 3 мың рет шабуыл жасалған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 жарым есе көп, деп хабарлайды 24KZ.
Википедия мен WordPress секілді әлемдегі ең танымал сайттар мен платформалар осы PHP бағдарламалау тілінде жасалған. Қауіп еселенген соң, әлемнің біраз елінде мемлекеттік мекемелер мен компаниялар интернет-ресурстарының жұмысын уақытша тоқтатты. Өйтпеген жағдайда, хакерлердің нысанына айналуы бек мүмкін.
Райан Остин, Calif киберқауіпсіздік компаниясының зерттеушісі:
– Үйді мысалға келтіріп айтайықшы. Мәселен, үйдің алдыңғы және артқы аумағы бар делік. Хакерлер бағдарламалау тілінің осал тұсын білсе, үйге алдыңғы есігі арқылы баса көктеп кіре алады. Ал ішке кірген соң, қаскөйлер мұның желілік байланысын пайдалануға мүмкіндігі бар. Мұның салдарынан талай адам сан соғып қалуы мүмкін.
PHP бағдарламалау тілінің кемшілігін жасанды интеллект анықтады. Жүйенің қатесі кеше пайда болмаған. Мұны 10 жылдан аса ешкім байқамай келіпті. «Ал нейрожелі бар шаруаны 5-6 күнде тындырып берді», – дейді киберқауіпсіздік саласының маманы Райан Остин.
Райан Остин, Calif киберқауіпсіздік компаниясының зерттеушісі:
– Бұл салада жүргеніме 20 жыл болды. Әуелі қатесі болуы мүмкін кодты талдап, жасанды интеллектінің көмегімен өз гипотезамды тексердім. PHP бағдарламалау тілі кодының көлемі өте үлкен. Мұны мамандар істейтін болса, айлап жүрер едік. Ал нейрожелі мұны 5-6 күнде анықтауға көмектесті.
Жасанды интеллектінің мүмкіндігі зор. Алайда мұны хакерлер де мейлінше пайдаланып жүр. Алаңдатарлығы сол, кейінгі кезде киберқылмыс жасарып барады. Өйткені нейрожелінің көмегімен шабуылға қажет бағдарламаны жасауға бұрынғыдай кәсіби білім мен көп уақыт қажет емес. Мәселен, Еуропада оқушылар қылмыстық жүйе құрып, 1 мыңнан аса кибершабуыл ұйымдастырған. Жасырын платформаларда да жұмыс іздеушілер арасында кәмелетке толмаған балалар көп. Дені – 14 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер. Мұны Kaspersky Digital компаниясының зерттеуі көрсетті. Сарапшылар олар заңды жолмен емес, қысқа уақытта оңай олжаға кенелгісі келетінін айтады.
Хая Шульман, Fraunhofer киберқауіпсіздік инновациялық платформасының ғылыми директоры:
- Жасанды интеллект көз ілеспес қарқынмен дамып келеді. Бұл әсіресе сақтықты талап етеді. Сол үшін киберқауіпсіздікке баса мән берілуі керек. Сондықтан бағдарлама әзірлеушілер қатесін түзететін жаңарту жүйелерін шығаруды кейінге қалдырмауы керек.
Сақтық мақсатында АҚШ пен Ұлыбританияның Ұлттық Қауіпсіздік агенттігі ескерту жариялады. ЕуроОдақ пен Сингапур және Австралияның тиісті мекемелері де қырағылық танытуға шақырды. Жапонияның премьер-министрі Санаэ Такаичи әлеуметтік желіде жазба жариялады. Күн Шығыс елінің үкімет басшысы интернеттегі қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды. Жаңарту бағдарламаларын орнатып біткенше, интернет ресурстарды өшіріп тастауға кеңес берді. Бұл интернет қолданушыларға төнген қауіпті азайтуға тиіс.
Томер Шварц, Wiz Research компаниясы зерттеу тобының мүшесі:
– PHP бағдарламалау тілінің осал тұсы туралы дерек екі күн бұрын тарап кетті. Бұл бағдарлама әзірлеушілерді шұғыл әрекет етіп, жаңарту бағдарламасын белгіленген мерзімнен бұрын шығаруға мәжбүр етті. Бірақ хакерлер осы аласапыран кезді пайдаланып, бағдарламаны жаңартып үлгермеген сайттарға кибершабуыл жасауы мүмкін.
Жаһандық киберқауіпсіздік нарығы кейінгі үш айда 7 млрд долларға жетті. Бұл алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 2 есе көп. Алайда әлемде кибершабуылдар тыйылар емес. Check Point Research зерттеу орталығының дерегі бойынша биыл қыркүйекте әр мекеме мен компанияларға аптасына орта есеппен 3 мың кибершабуыл жасалған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1 жарым есе көп. Ал хакерлердің құрбанына айналмаудың ең тиімді жолы – құрылғылардың бағдарламасын жаңартып, құпия сөзді үнемі өзгертіп отыру. Сарапшылар цифрлық әлемде қырағылық таныту қазіргі заманның басты талабы екенін айтады.
Автор: Зайнұр Байжігіт
Тегтер #сайт #қауіп #жасанды интеллект #кибершабуылPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz