Ит пен адамның қартаю үдерісі бір-біріне ұқсас.
Ғалымдар төрт аяқты жануардың қанын зерттеу арқылы олардың өмір сүру ұзақтығына әсер ететін биологиялық процестердің адам ағзасындағы өзгерістермен ұқсастығы бар екенін анықтады.
Әсіресе зат алмасу, қабыну және жасушалық стресс сияқты ортақ белгілер дәлелденді. Зерттеу жұмыстары адам, ғұмырын ұзартуға септігін тигізе ме?
Ит адамның досы деп бекер айтылмаса керек. Адамзатпен бірге талай дәуірді өткерген төрт аяқты серігіміз енді адам өмірінің тағы бір құпиясын ашуға септігін тигізуі мүмкін. Дәлірек айтсақ, ғалымдар иттер мен адамдардың қартаю процесінде көп ұқсастық барын анықтады. «Иттердің қартаюы» жобасының зерттеушілері олардың қанындағы шағын молекулалардың таралу заңдылықтары өмір сүру ұзақтығымен байланысы барын анықтады. Бір қызығы, олар адамдарда байқалатын заңдылықтарға өте ұқсас.
ЦИТАТА:
Кейт Криви, Техас A&M Университетінің ветеринариялық медицина және биомедициналық ғылымдар колледжінің профессоры
"Иттердің денсаулығына қауіп төндіретін немесе мезгілінен бұрын қайтыс болуынан қорғайтын молекулалар адамның ағзасында да кездеседі. Бұл қартаюдың биологиялық негіздерінде ортақ ерекшеліктер бар екенін көрсетеді. Мұның өзі өте қызықты әрі құнды жаңалық".
Ғалымдар иттердің өмір сүру ұзақтығына әсер ететін себеп пен салдарды зерттеуді жалғастырып жатыр. Мамандардың айтуынша, егер болашақта бұл жануардың ұзақ өмір сүруіне септігін тигізетін дәрі әзірленсе, алдымен қартаю үдерісінің қалай жүретінін және оған қандай факторлар әсер ететінін анықтау керек.
Ноа Снайдер-Маклер, ғалым:
- Иттердің қартаюын зерттеу адам ағзасындағы қартаю үдерісін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Өйткені біз бұл жануарлардың бүкіл өмірлік кезеңін бақылап, ағзасындағы өзгерістерді зерттей аламыз. Оның үстіне олар зертханалық жануарларға қарағанда түрлі, кейде тіпті қолайсыз әрі лас ортада өмір сүреді. Ал бұл табиғи өмір сүру жағдайындағы қартаю ерекшеліктерін зерделеуге жол ашады.
Ғалымдардың айтуынша, дене бітімі ірі иттер ұсақтарға қарағанда әлдеқайда аз өмір сүреді. Өйткені оларда биологиялық үдерістер жылдамырақ жүреді. Зерттеулерге сай жас ұлғайған сайын ірі иттің ағзасындағы "қажетсіз ДНҚ" бөліктерін басып тұру қабілеті әлсірейді. Сонда жасушадағы осы "қажетсіз ДНҚ" бөліктері белсенділік таныта бастайды. Бұл өз кезегінде қабынудың күшеюіне және бұрын қалыпты жұмыс істеп келген жасушалық үдерістердің бұзылуына ықпал етеді.
Ноа Снайдер-Маклер, ғалым:
- Ғылыми жобаның нәтижесінде ірі иттер ұсақ иттерге қарағанда тез қартаятыны дәлелденді. Бұл ағзаны түрлі қоздырғыштар мен вирустардан қорғайтын иммундық жасушалардан байқалды. Иммундық жүйе бұрын кездескен және жаңа патогендерге қарсы күресте маңызды роль атқарады. Бұл олардың өмір сүру ұзақтығындағы айырмашылықты түсіндіретін факторлардың бірі.
Мамандардың зерттеу жұмыстарына дәл осы жануарды таңдағаны бекер емес. Өйткені жасы ұлғайған сайын кейбір иттер адамда кездесетін дертпен ауыруы мүмкін екен. Сондықтан ғалымдардың басты мақсаты иттердің қартаю процессін тереңірек түсіну арқылы адам өмірін ұзартуға сеп болатын жолдарды анықтау.
Авторы Арайлым Жақсылыққызы
Тегтер #иттер #адам #қартаю #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz