RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ Мексикамен шекарасын бекітіп жатыр

25.10.2026, 10:30 40

Тіпті дрондарға қарсы жүйесін орнатты. Өйткені іргелес жатқан елдегі есірткі картельдері ұшқышсыз аппаратты адамдарды аңдуға қолданатын болған, деп хабарлайды 24KZ.

Сондықтан Аризона штатында арнайы әскери жаттығу өтті. Сөйтіп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне радарлар, бақылау камералары мен дронды қағып түсіретін жүйесін көрсетті.

Кейінгі бір айда АҚШ аумағына Мексикадан 380-ге жуық дрон кірген. Құрама Штаттар әскерилерінің айтуына қарағанда, бұл дүкенде сатылатын қарапайым коммерциялық ұшқышсыз аппараттар. Бірақ құрылғылар камерамен жабдықталған. Есірткі картельдері оларды барлау жұмыстарын жүргізу үшін ұшырады.

Брайан Филлер, бригада генералы:

– Бізде жоғары сапалы оптикалық камералар бар. Сондай-ақ ұшқышсыз аппараттардың әуе кеңістігімізге кіргенін анықтайтын арнайы датчиктер орнатылған. Бұл технология аумағымызға кірген дрондарды бірден тіркеуге мүмкіндік береді.

АҚШ дрондарға қарсы бес қаруын сайлап отыр. Биыл тамыздан бері мексикалық есірткі картельдері ұшырған 11 дронды қағып түсірген. Аризона штатының Юма полигонында ұшқышсыз аппаратқа қарсы технологияның түр-түрі көрсетілді. Соның бірі – «Гоби» деп аталатын аппарат. Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін жүйе жаудың дронын қуып жетіп, жоя алады.

Роберт Рид, Harmattan Industries бағдарламасының директоры:

– Қазір дрондардан төнер қауіп күннен күнге күшейіп келеді. Сондықтан біздің басты міндет – бұған қарсы тұрып, көзін жоятын тиімді қорғаныс жүйесін жасау.

Иә, озық технологияның түрлі салада кеңінен қолданылуы адамның ой-өрісін ғана емес, сондай-ақ соғыс тактикасын да өзгертті. Сондықтан АҚШ дрон өндірісімен қатар ұшқышсыз аппараттарға қарсы жүйені де белсенді қолдана бастады. 2022 жылдан бері Құрама Штаттар бұл салаға млрд-таған доллар қаржы құйып үлгерген.

Мэтт Росс, бригада генералы:

– Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыста дрондардың бәсі биік тұр. Ұшқышсыз аппараттар майдан даласында барлау жұмыстарын орындап, діттеген жерге бомба тастап, жарылыс ұйымдастырады. Яғни ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дрон өндірісімен қатар, оған қарсы жүйені дамыту да аса маңызды.

Кейінгі зерттеуге қарағанда, дронға қарсы технологиялар нарығы биыл 2 млрд 470 млн долларға жетуі ықтимал. Ал 2031 жылға қарай бұл көрсеткіш 8 жарым млрд долларға дейін өседі деген болжам бар. Яғни бес жылда 3 есе ұлғаяды. Өйткені қазір әскер емес, көбіне осы дрондар соғысып жатыр.

Авторы: Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz