Әлем атом энергетикасын дамытуға мүдделі.
Басқа амал да қалмады. Енді Сауд Арабиясы мұнайының бір бөлігін Сингапурдегі үңгірде сақтамақ. Бұл қор Азияға мұнай жетпей қалған кезде қажет. Өйткені тасымал болмай қалса, онсыз да қымбаттап жатқан қара алтының құны одан әрі шарықтай түседі. Ал Еуропа үшін биылғы қыс тіптен қауіпті болайын деп тұр.
Қазір мұнай өндіру емес, жеткізу қиын. Осы және өзге де мәселелер Мекке келісіміне мүше мемлекеттер мен Иран арасында талқыланып жатыр. Бұдан нәтиже бола ма?
Келер жылдың екінші жартысынан бастап Сауд Арабиясы Сингапурдағы Джуронг-Рок үңгірлерінде шикі мұнай сақтауды жоспарлап отыр. Екі елдің билігі Ормуз бұғазы арқылы Азияға отын жеткізудегі ірікілістен кейін осындай шешімге келген. Соғысқа дейін Азия мұнайдың үштен екісін Таяу Шығыстан импорттайтын. Қазіргі қақтығыс кезінде ең көп зардап шеккені де - Азия мемлекеттері.
ЦИТАТА: Тан Си Ленг, Сингапурдың Энергетика, сауда және өнеркәсіп министрі:
- Бұл келісім Оңтүстік-Шығыс Азияға Сауд Арабиясының шикі мұнай жеткізу тізбегінің тұрақтылығын арттырып, сондай-ақ жеткізілімдер тоқтаған жағдайда Сингапурдың энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.
Сингапурдың оңтүстік-батысындағы Джуронг аралының ауданы шамамен 3000 гектар. Бұл - елдің мұнай өңдеу, химия және энергетикалық өнеркәсібінің негізгі орталығы. Мұндағы жерасты қоймалары 150 метр тереңдіктегі үңгірлерде орналасқан. Шикі мұнай мен конденсат сияқты сұйық көмірсутегінің 9 миллион баррелін сақтауға болады.
ДЖУРОНГ АРАЛЫ
Аумағы – 3000 га
Жерасты қоймаларының тереңдігі – 150 м
Сыйымдылығы – 9 млн баррель көмірсутек
Дереккөз: Reuters
Бұдан бөлек, қазір Saudi Aramco компаниясы Жапония мен Оңтүстік Кореяда мұнай сақтайды. Күтпеген жерден отын тапшылығы туындаған жағдайда жергілікті билік қоймалардағы мұнай қорын сатып алуға құқылы. Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея мұнайдың мол қорын жинағанымен, Азияның өзге елдерінің басым бөлігінде импорт тоқтаған жағдайда пайдаланатын резерві әлдеқайда аз. Таяу Шығыстың энергия ресурстарына аса тәуелді болғанына қарамастан, Жапония дағдарысты өзгелерге қарағанда жеңілірек еңсерді. Бұған оның әлемдегі ең ірі стратегиялық мұнай қорларының біріне ие болуы ықпал етті. Тамыз айының көрсеткіші бойынша Жапонияда шамамен 372 млн баррель мұнай қоры бар. Қара алтынның бұл көлемі 204 күнге жетеді. Халықаралық энергетикалық агенттіктің ережелеріне сәйкес ұйымға мүше елдер мұнай мен мұнай өнімдерінің қорын импорттың кемінде 90 күніне жететін көлемде сақтауға тиіс. Ал Әл-Жазира телеарнасының мәліметіне сүйенсек, Иранда соғыс енді басталған тұста Вьетнам, Таиланд және Филиппиндегі мұнай қоры шамамен 50-65 күнге жеткілікті болған. Бірақ бұл мемлекеттер Халықаралық энергетикалық ұйымның толыққанды мүшесі саналмайды.
Кеше Brent маркалы мұнай барреліне 114–115 доллар шамасында саудаланды. Өткен аптаның аяғында қара алтын бағасы бірден 6,2 пайызға қымбаттады. Бұған, бір жағынан, хуситтердің Сауд Арабиясындағы нысандарға жасаған шабуылдары себеп. Ал Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Ормуз бұғазындағы жағдай енді ешқашан бұрынғы қалпына келмейді деп мәлімдеді.
Аббас Аракчи, Иранның Сыртқы істер министрі:
- Аймақта түбегейлі әрі стратегиялық өзгерістер болғанын және 40 күндік соғыстан кейін ештеңе бұрынғыдай болмайтынын, соның ішінде Ормуз бұғазы да бұрынғы қалпына келмейтінін мойындау керек. Ормуз бұғазы арқылы өтетін кеме қатынасының бағыттары да, бұғазды басқару тәртібі де өзгереді. Бұл мәселелерді біз Оманмен талқыладық және келіссөздерді әлі де жалғастырамыз. Соғыс қайта бастала ма, жоқ па, осы ұстанымымыздан айнымаймыз. АҚШ Иран халқына қарсы енді әскери шабуыл жасамайды және агрессияға бармайды. Өйткені нәтижесі қалай болатынын көрді.
Дей тұрғанмен, аймақтағы шиеленісті реттеуге бағытталған дипломатиялық әрекеттер әлі де жалғасып жатыр. Мекке келісіміне қол қойған Сауд Арабиясы, Түркия және Пәкістанның жоғары лауазымды өкілдері Тегеранда Иранның ресми өкілдерімен кездесті.
Әли Бакери-Кани, Иранның жоғарғы қауіпсіздік органы хатшысының орынбасары:
- Иран Ислам Республикасының стратегиялық саясаты әрдайым аймақтағы қауіпсіздікті сол өңірдегі елдердің өздері қамтамасыз етуі керек деген ұстанымға негізделген және бұл саясат әлі де жалғасып келеді. АҚШ бастаған сыртқы күштердің кез келген араласуы мен ықпалы, сондай-ақ заңсыз сионистік режимнің аймақтағы барлық деңгейде атқаратын ролі өңірдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына нұқсан келтіреді. Сондықтан Тегеранда өткен төрт елдің бұл кездесуі аймақтық қауіпсіздіктің дербес жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды әрі нәтижелі қадам болуы мүмкін.
Халықаралық энергетикалық агенттік 2027 жылы нарық соғысқа дейінгі қалпына орала алмайды деп болжайды. Қазір әлем мұнай ғана емес, мұнай өнімдерінің бағасына да алаңдаушылық білдіріп отыр. Мәселен, дизель құны шарықтап тұр. Оның үсітне қыс та таяп қалды. Ал Батыс Англияның кейбір аудандары дизель отынын үйлерді жылыту үшін пайдаланады. Сондықтан мұнайдың да, мұнай өнімдернің де бағасы әзір реттеле қоймайтын түрі бар. Тіпті кейбір елдер отынсыз қала ма деген қауіп те бар. Агентік басшысы осы тұста атом энергетикасы саласы қарқынды дамиды дейді. Өйткені басқа амал да жоқ. Зерттеулерге сәйкес, қазір жалпы қуаты 90 гигаватт болатын атом электр станциялары салынып жатыр. Бұл - кейінгі 40 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш.
Авторы Мөлдір Жақан
Тегтер #мұнай #өндіріс #Мекке келісімі #24KZ #Иран #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz