RU
Толық нұсқаға өту

Сауд Арабиясын кім қорғайды?

28.10.2026, 07:30 40

Мысыр Сауд Арабиясына әскери қолдау көрсетуге келісті. Бұлай етуі орынды. Өйткені Қызыл теңіздегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Мысырдың да өз мүддесі бар. 

Ал хуситтердің әрекеті Каирді де титықтатып барады. Суэц каналынан аста-төк түсіп жататын табыс күрт азайған қазір. Бұдан бөлек аймақтағы соғыс мұндағы мемлекеттер ес жиып, бас біріктірмесе болмайтынын анық байқатты.

Мысыр Сауд Арабиясына әскери қолдау көрсетуге келісті. Елдің Конституциясына сәйкес, әскердің шетелдегі ұрыс қимылдарына қатысуын депутаттардың үштен екісі мақұлдауы қажет еді. Парламент Мысыр Президентіне Сауд Арабиясының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға өкілеттік берді. Дегенмен Мысырдың ұстанымы тек қорғаныс сипатында болмақ. Яғни Корольдіктің аумағы мен шекарасын қорғауға ғана ат салысады. Каир 1991 жылғы Парсы шығанағындағы соғыстан бері шетелге ауқымды көлемде әскер жіберген емес.

Ахмед Белал, Мысыр парламентінің мүшесі:

- Мысыр үшін Баб-эль-Мандеб бұғазы, Қызыл теңіздегі еркін кеме қатынасы  ұлттық қауіпсіздік мәселесі саналады. Мысыр Президенті Парламентті бұл шешімді қолдауға шақырғанға дейін АҚШ Президенті Израильдің Сауд Арабиясын қорғау мәселесіне араласа алатынын мәлімдеді. Мысыр мұнымен келісе алмайды. Біз Израильдің Сауд Арабиясының аумағында немесе оның Қызыл теңіз жағалауындағы шекарасы маңында орнығуына жол бермейміз.

Иә, Мысырдың Корольдікке қолдау көрсетуі орынды. Қос мемлекет – экономика, қаржы, ұлттық қауіпсіздік, энергетика салалары бойынша стратегиялық серіктес.

Бұдан бөлек, Мысыр Қызыл теңіздегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тікелей мүдделі. Өйткені хуситтердің әрекетінен бұларға да оңай тиіп тұрған жоқ. Суэц каналына апаратын негізгі теңіз жолы Баб-эль-Мандеб бұғазы маңындағы қарулы ұйымның шабуылдары кеме қатынасын бұзып, каналдың кірісін азайтты. Ал бір жарым ғасыр бұрын өздері салған жасанды су жолы Мысыр үшін маңызды табыс көзі ретінде туризммен қатар тұр.

2023 жылы каналдан 10,2 млрд доллар табыс түскен еді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Алайда жыл соңында Газада қақтығыс басталған кезде Йемендік хуситтер Қызыл теңіз аймағындағы кемелерді атқылай бастады. Салдарынан көптеген сауда кемесі Суэц каналына бұрылмай, Африка арқылы жүретін болды. Салдарынан каналдан келетін табыс көлемі де күрт азайды. 2025-2026 жылдары бюджетке не бары 4,6 млрд доллар түскен. Суэц каналына әлемдік сауданың шамамен 12%-ы тиесілі.

Мысырлықтар өңірлік ынтымақтастықты нығайтуды қолдайды. Алайда мұның экономикалық салдарына алаңдайды. Қазірдің өзінде елдегі жағдай мәз емес. Британиялық қаржы компаниясының мәліметіне сүйенсек, ұлттық валюта долларға шаққанда көп құлдыраған. Бүгінде 1 доллар - 56  мысырлық фунт.

Ахмед Эль-Гамрави, Мысыр тұрғыны:

- Менің ойымша, бұл – өз елінің ғана емес, бүкіл араб аймағының қауіпсіздігін және халықаралық тұрақтылықты ойлайтын дана президенттің парасатты шешімі.

Шериф Сабер, Мысыр тұрғыны:

- Әрине, әлемдегі кез келген соғыс экономикаға әсер етеді. Мұның әсері оң болмайтыны анық. Дегенмен араб елдері арасындағы экономикалық, әскери немесе басқа да саладағы ынтымақтастықты қолдаймын. Египет Президенті бұл мәселені бейбіт жолмен шеше алады деп үміттенеміз.

Ұлыбритания билігі хуситтердің шабуылы сауда жолдарын бұғаттап, отын жетуізуге кедергі келтіретінін атап өтті. Сол себепті бір аптадай уақыт бұрын Лондон Риядқа қолдау ретінде британдық Typhoon жойғыш ұшақтарын жіберетінін мәлімдеді. Бұлар Саудия қалалары мен аса маңызды ұлттық инфрақұрылымдарды әуе шабуылдарынан қорғайды. Ұшақтар тек қорғаныс мақсатында ғана әрекет етеді.

Уэс Стритинг, Ұлыбританияның қорғаныс министрі:

- Кейінгі апталарда хуситтермен қақтығыстың тым өршіп бара жатқаны бізді алаңдатады. Жүздеген адамның өмірін қиған азаматтық әуежайларды бомбалаған жағдайларды жұрт ұмытқан жоқ. Бұған жол беруге болмайды. Ал Ұлыбритания – одақтастары көмек сұрағанда, қол ұшын созатын ел.

Мекке келісіміне қол қойған Сауд Арабиясы, Түркия және Пәкістан өкілдері Иранда кездесті. Аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында диалогты жалғастыруға уағдаласты. Бірақ Түркия Сауд Арабиясына әскер жіберуге асықпайды. Қорғаныс министрі Яшар Гюлердің айтуынша, Анкара қажетті құқықтық рәсімдер мен парламенттің рұқсатын ескере отырып, көрсетілетін көмектің көлемін анықтап алуға тиіс.

Кристиан Александер, геосаяси сарапшы:

- Түркия мен Пәкістан әуе қорғанысы жөнінен қолдау көрсету мүмкіндіктерін бағалаған еді. Сауд Арабиясын қорғауға көмектесу мен хуситтерді талқандауға жауапкершілік алудың арасында үлкен айырмашылық бар. Сырттан келген көмек Сауд Арабиясының қорғаныс қабілетін күшейтетіні анық. Алайда ол хуситтердің қару-жарақ қорын толықтыру мүмкіндігін жоймайды. Хуситтерді зымырандар мен дрондардың едәуір әлеуетіне ие қарулы қозғалыс ретінде қарастыру керек. Иран жеткізген қару-жарақ компоненттері, әскери дайындық және техникалық сараптама хуситтердің мүмкіндіктерін айтарлықтай арттырды деп есептеймін.

Мысырдың Сауд Арабиясына нақты қалай және қандай көлемде көмек көрсететіні белгісіз. Белгілісі Каир бұл қадамға бір есептен өз мүддесі үшін де барып отыр. Аймақтағы шиеленіс бірлесіп әрекет етудің маңызын көрсетті. Дегенмен Сауд Арабиясы мен хуситтердің қақтығысына ешбір мемлекет тікелей араласқысы келмейтіні анық.

Мысыр қолдау көрсетуге ниет білдіргенімен, Мекке келісіміне қосылған жоқ. Ал бұл келісімнің басты қағидасы – бір мемлекетке жасалған шабуыл барлық мүше елдерге көрсетілген агрессиямен тең. Бірақ, бұл әзірге, сөз жүзінде ғана қалып отыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz