RU
Толық нұсқаға өту

Ирак тұрғындары балаларға кітапты тегін таратады

28.10.2026, 09:15 48

«Өзім оқымасам да ұрпақ оқысын!». Ирактың Басра қаласында тұратын қарапайым электр маманынның ұстанымы бұл. Ахмед Әл-Шафари мұқтаж отбасыларға оқулықты тегін таратады. Бір қызығы өзі еш білім алмаған. «Ата-анамның мені оқытуға жағдайы болған жоқ», - дейді ол. Енді ала таңнан жүгіріп өзгелердің сауатын ашуға дем беріп жүр.

Басра қаласының тұрғыны Ахмед Әл-Шарифи оқулықтарды жүк таситын көлігіне тиеп, қаланың бұрыш-бұрышын аралайды. Кітаптарды жинауға мектептер мен қайырымдылық қорлары және жомарт жандар көмектесетінін айтады. «Оқулықтарды үйіне әкеліп, сыныбы мен пәніне қарай сұрыптаған соң, қай күні, қай жерде тарататыны туралы әлеуметтік желі арқылы хабарландыру беремін», - дейді ол.

Ахмед Әл-Шарифи, игі бастаманың авторы:

- Мен өзім сауатсызбын, оқи да, жаза да алмаймын. Бірақ балаларды оқуға ынталандырғым келді. Өйткені елдің дамуы табиғи байлығына емес, адамдардың біліміне, қабілетіне байланысты. Бұл ісімді Ирактың болашағы үшін қыршынынан қиылған азаматтардың рухына арнадым. 

Кітап іздеп келгендердің арасында бала да, ата-ана да көп. Көбі Иракта оқулықтардың бағасы удай екенін айтады. «Бәрін сатып алуға шамамыз жетпейді», - дейді жергілікті тұрғындар.

Саджад Әли, оқушы:

- Кітаптың бәрі қымбат. Ал мына жігіт мұны тегін таратып жүр. Биліктен ешқандай көмек көрсетілмейді. Мен алтыншы сынып оқушысымын. Жаратылыстану бағыты бойынша оқимын. Бірақ қолымызға бірде-бір кітап берілмеді. Қазір біразын алдым. Бірақ әлі үшеуі жетіспейді. Ақшам жоқ. Қалғанын қайдан аламын? Білмеймін.

Мұстафа Салем, жергілікті тұрғын:

- Қазір жағдайымыз мәз емес. Кітап алмақ түгілі, күнімізді әрең көріп жүрміз. Сондықтан осындай игі бастамалар көп болса екен. Балаларыма қажет кітаптарды алдым. Оқулықтар қазір расымен өте қымбат.

Ахмед әл-Шарифи кейінгі екі жылда 5 мыңға жуық оқулықты тегін таратқан. «Биыл тағы 2 мың 500-ден аса кітап жинадым», - дейді өзі. Әлеуметтік жоба авторының айтуынша, тегін кітап тарату қайырымдылық іс қана емес. Бұл өзі кезінде қол жеткізе алмаған білім алу мүмкіндігін өзгелерге сыйлау.

Авторы: Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz