Әлемде 654 млн адам тойып тамақ ішпейді. Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму мақсаттары бойынша бұл көрсеткіш 2030 жылға дейін азаюы керек. Бірақ адамның дегені бола қоя ма?
Бұған осы ұйым құрамындағы Дүниежүзілік азық-түлік және ауылшаруалығы ұйымының өкілдері де сенбейді. Мамандар агро әлеуеті мол Қазақстан сияқты елдер ғана астық, ет және сүт өнімдерін молынан өндіріп, жаһандағы жағдайды түзей алады деген пайымда.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Әлемде климат өзгеріп барады. Топырақ тозып, шөлейт тартқан аймақтар көп. Бұл мәселе, әсіресе, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада өткір тұр. Ал регенеративті ауыл шаруашылығы тұтас өңірге оңтайлы шешім ұсынып отыр.
«GrowTech» - Араб елдеріндегі агроөндіріс әлеуеті таныстырылатын алаң. Көпшілік назарына ұсынылған көрмеге қарағанда, құрғақ климатта дәннен дайын өнім алуға көшкендер бар. Бұл үшін топырақ құнарын қалпыну келтіру, тамшылатып суару, гидропоника және вертикалды ферма тәсілдері қолданылған.
Хасан Халави, агро компания басшысы:
- Арабияда өсірілген жемістер кең танылып келеді. Мақсатымыз – ел нарығына ғана емес, экспортқа шығу. Жалпы агроөндіріс біз үшін ең қиын сала. Жан жақтың бәрінде құрғақшылық. Тек жаңашыл технологияға иек артамыз.
Дегенмен елдегі қажеттілікті өтеуге мұндай бастамалар еш әсер ете алмайды әзірге. Әмірліктер азық-түліктің 80 пайызын сырттан тасиды. Импорттың үлесі көбеймесе, азаяр емес. Тұтас Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада да осындай жағдай. Әлемде тойып тамақ ішпейтіндер 654 млн, ал табиғи таза өнімге қол жеткізе алмай жүргендер 3 млрд екенін ескерсек, жағдай оңай емес. Соның біршама бөлігі осы атырапты да мекендейді.
Ахмад Мухтар, БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымының өңірлік үйлестірушісі:
- Дүниежүзінде жүздеген миллион адам аштыққа тап болып отыр. Шамамен 3 миллиардқа жуығымыз дұрыс әрі пайдалы тамақтанбаймыз. Оған қаржылық мүмкіндік жоқ. Сондықтан бізге шұғыл түрде агро азық-түлік жүйелерін дамыту қажет. Қазақстан секілді ауыл шаруашылық әлеуеті жоғары елдер астық, ет және сүт өнімдерін өндіру арқылы адамзат жайын жақсартуға үлес қоса алады. Ол үшін ауыл шаруашылығына ұзақмерзімді инвестиция салынғаны қажет. Қазақстан билігінің осы бағытқа баса мән бере бастағаны құптарлық дер едім.
Мұндай күрделі мәселеге бір есептен Араб түбегіндегі тұщы су тапшылығы себеп. Тіршілік нәрі жетпесе, агроөнім өндірісін ұлғайту қиын. Мәселеге ғылыми мекемелер араласып, жоқтан бар жасауға талпынып жатыр.
Винай Нангия, Icarda орталығы топырақ, су және агрономия жөніндегі зерттеу бағдарламасының директоры
- Су тапшылығы – ауыл шаруашылығы үшін ең күрделі мәселе. Бұл жағдайда сол ресурсты тиімді пайдалану әрі топырақтың құнарлылығын қалпына келтіруге баса көңіл бөлінгені керек. Регенеративті технология ылғалды жерде барынша ұзақ сақтауға көмектеседі. Әлбетте бұдан өзге де шешімдер бар. Дегенмен құрғақ климатымен ерекшеленетін арабияға ең қажеттісі осы.
Демек агросалада әлеуеті мол мемлекеттерге дүниежүзін пайдалы азық-түлікпен қамтитын қолайлы мүмкіндік туып тұр. Тек экспортқа тікелей дәліз ашқан жөн. Фермерлер осы арқылы табан ақы, маңдай терін ақтайды. Ал су үнемдеу технологиясына келгенде, шаруашылық иелері қосымша шығынға батпауы қажет. Мамандар бұл орайда ұзақмерзімді қаржыландыруды аса маңызды санайды.
Тегтер #БҰҰ #азық түлік #тамақ #климат #адам #әлемдеPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz