RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстанның ауқымды реформалары Тәжікстан төрінде талқыланды

29.10.2026, 15:55 35

Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай бастаған делегация Душанбеде өткен Орталық Азия мемлекеттерінің IV Парламентаралық форумына қатысты.

«Орталық Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік және өркендеу жолындағы бірлік» тақырыбына негізделген жиында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан Парламенттерінің өкілдері бас қосты. 

Форумда спикер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жайын баяндады. Нәтижесінде соңғы жеті жылда ел экономикасының 30 пайызға өсіп, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің 15 мың доллардан асқанын тілге тиек етті.

Сондай-ақ Президенттің кешегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауының маңызын атап өтіп, құжат еліміздің түрлі салаларына тың серпін беріп, қазақстандықтар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын жеткізді.

Айбек Дәдебай, ҚР Құрылтайының Төрағасы:

- Бүгін біз өңірлік, су және экологиялық қауіпсіздік, сондай-ақ экономикалық интеграцияны тереңдету мәселелерін талқылап отырмыз. Бұл мәселелердің барлығы Орталық Азия өңірінің тұрақты дамуы үшін айрықша маңызды. Заманауи сын-қатерлерге тек бірлесе әрекет етіп, парламенттеріміздің күш-жігерін біріктіру, заңнамалық жұмысты үйлестіру және ортақ ұстанымдарды қалыптастыру арқылы ғана тиімді жауап бере алатынымызға сенімдімін.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz