RU
Толық нұсқаға өту

Ауғанстан халқының тең жартысына жуығы көмекке мұқтаж

29.10.2026, 20:51 36

Ауғанстанда соғыс тоқтағанымен, халықтың тұрмысы түзелер емес.

Тәліптер билікке келген 5 жылда елдегі гуманитарлық дағдарыс одан бетер қиындай түсті. Қазір тұрғындардың 45 пайызы көмекке мұқтаж. Халықаралық ұйымдар тарапынан қаржыландырудың қысқаруы жағдайды одан әрі ушықтырып жіберді. 

Ауғанстанда соғыс тоқтап, жағдай тұрақталғанымен гуманитарлық дағдарыс күшейген. «Талибан» қозғалысы 2021 жылы Кабул қаласын басып алып, билікке қайта келгеннен бері елде кедейлік ушығып, миллиондаған халық аштық қаупімен бетпе-бет өмір сүруде. БҰҰ мәліметінше, қазір тұрғындардың шамамен 45 пайызы гуманитарлық көмекке мұқтаж. Жұмыссыздық, азық-түлік тапшылығы мен қуаңшылық қараша жұрттың күнкөрісін әбден қиындатты.

Стефан Дюжаррик, БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі:

- Ауғанстанда медициналық мекемелердің үштен бірі, соның ішінде 815 емдеу орталығы жабылған. Әйелдер мен балалардың медициналық көмек пен құнарлы тағамға қол жеткізуі қиын. Бүгінде 19 миллионнан аса тұрғын азық-түлік тапшылығына тап болған. Аштықтан 4 миллион бала мен 1,3 миллион ана зардап шегуде. Ал қыс мезгілінде олардың жағдайы не болмақ? Жиналған қаражат тек 1 миллион адамға ғана жетеді. 

Гуманитарлық дағдарыстың ең ауыр зардабын балалар тартып отыр. Онсыз да ашқұрсақ жүрген бүлдіршіндер медициналық көмекке де қол жеткізе алмайды. Әсіресе шалғай аудандарда жағдай қиын. Құндыз бен Бадахшан провинцияларында ата-аналар балаларын ауруханаға дер кезінде жеткізе алмайды. Кейбіреулеріне дәрігерлердің көмегі тым кеш жетеді.  

Фархан Хак, БҰҰ Бас хатшысы ресми өкілінің орынбасары:

- ЮНИСЕФ пен «Аштыққа қарсы әрекет» ұйымының мәліметінше, келесі жылы 4 миллионнан астам бала емделуге мұқтаж болады. Бұл соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Олардың 1 миллионнан астамы дұрыс тамақтанбаудан өлім аузында тұр десе болады. 

Климаттық апаттар да Ауғанстандағы ахуалға жығылғанға жұдырық болды. Елдің бір аймағын құрғақшылық жайласа, басқа өңірлерді су тасқыны, жер сілкінісі немесе лай көшкіні әбігерге салды. Биыл кейбір өңірлерде егін түсімі жақсы болғанымен, бес жылға созылған қуаңшылықтың зардабын бір жылғы өнім құтқара алмады. Оның үстіне ауыл шаруашылығындағы оң өзгерістер елдің барлық аймағын қамтымаған.

Елдегі әйелдерге қатысты шектеулер де гуманитарлық жұмысты қиындатып тұр. Өйткені ауған әйелдеріне БҰҰ кеңселерінде жұмыс істеуге тыйым салынған. Жергілікті тәртіп пен шектеулер нәзік жандылардың  гуманитарлық көмекті алуға және оны таратуға кедергі келтіреді. Қыздардың білім алу мүмкіндігінің шектелуі де ұзақ мерзімді әлеуметтік мәселеге әкеледі. БҰҰ мамандары мұның зардабы алдағы онжылдықта айқын сезілетінін ескертеді.

Тамана Заряб Парияни, ауғанстандық құқық қорғаушы:

- Халықаралық қауымдастық ауған әйелдерін сөзбен емес, нақты іспен қолдауы керек. Күн сайын әйелдер мен қыздар өз мүмкіндіктерінен, армандары мен болашағынан айырылып жатыр. Әйелдер құқығының бұзылуына көз жұму бұл мәселені одан әрі ушықтырады. Халықаралық қауымдастық қарулы топтардың өкілдерін тыңдаумен шектелмей, өз құқықтары үшін күресіп жүрген ауған әйелдерінің үнін есту керек. Ауғанстанда әділ әрі тең қоғам құру үшін әйелдердің бейбітшілік орнатуға, гуманитарлық көмек көрсетуге және құқық бұзушыларды жауапқа тартуға толық қатысуы қажет. 

Дағдарысты еңсеруге қаржы тапшылығы да қолбайлау. БҰҰ-ның гуманитарлық көмек жоспарына қажетті қаражаттың небәрі 31 пайызы ғана бөлінген. Салдарынан бірқатар бағдарлама қысқарып, кейбірі толық жабылды. Қаржы тапшылығынан небәрі алты ай жұмыс істеген медициналық мекемелердің өзі жабылуға шақ тұр. Бұған қоса Пәкістанмен шекарадағы қарулы қақтығыстар бейбіт тұрғындарға қауіп төндіруде. БҰҰ өкілдері Ауғанстандағы дағдарысты тек азық-түлік таратумен шешу мүмкін емес дейді. Айтуынша, тұрақты қаржыландыру, инфрақұрылымды қалпына келтіру, жұмыс орындарын ашу және білім беру жүйесін қолға алу керек. 

Авторы Арайлым Жақсылыққызы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz