Жанармай бағасының шарықтауы дүниежүзілік саяхатқа аттанған круиздік лайнерге де әсер етіп отыр. 2 жыл бұрын жолға шыққан кеме сапарын тоқтатуға мәжбүр.
Өйткені әлем бойынша шарықтап кеткен отын құны компания бюджетіне салмақ салып отыр.
Круиздік кеме иелері 200-ге жуық жолаушыны Камбоджаның Сиануквиль қаласында жағаға түсіру туралы шешім қабылдады. Лайнер тұрғындары не істерін білмей әлек. Өйткені бірқатары осы сапарға аттану үшін үйлерін сатып жіберген. Сондай саяхатшылардың бірі – АҚШ азаматтары Линн және Пол Монтойя. 179 мың доллар тұратын бөлме алу үшін олар Вайоминг қаласындағы баспаналары мен көліктерін сатқан. Ерлі-зайыпты кеме бортында 17 ай өткізді.
Пол Монтойя, Villa Vie Odyssey круиздік кемесінің тұрғыны:
- Бар өмірімізді жұмыс пен бала тәрбиесіне арнадық. Зейнетке шыққан соң, зайыбым екеуміз әлем аралап, саяхаттағымыз келді. Круиздік лайнерді таптырмас мүмкіндік деп білдік. Алайда компанияның бизнес жоспары дұрыс құрылмаған деп ойлаймыз. Олар жанармай мұншалықты қымбаттайды деп күтпесе керек.
Villa Vie Odyssey лайнері жолаушыларға уақыт жағынан шектеу қоймайды. Әрқайсы мұнда қалағанынша өмір сүре алады. Осындай мүмкіндік беретін лайнерлер әлемде көп емес. Сондықтан бағасы да қымбат. Каюталарда тұрақты тұру құны 440 мың долларға дейін барады. Қазір компания өкілдері кеме тұрғындарын Камбоджада орналастыруға кірісті.
Стив Скульнич, Villa Vie Odyssey круиздік кемесінің тұрғыны:
- Келесі айлаққа жету үшін кеме иелері бізден ақша жинағысы келді. Бірақ ешкім қалталарынан қаражат шығарғысы келмейді. Сондықтан бізді кемеден түсіріп тастады.
Компанияның мәліметіне сүйенсек, бұған дейін жанармайға жұмсалатын ай сайынғы шығын бір каютаға шаққанда орта есеппен 1 800 доллар болатын. Алайда кейінгі уақытта Азияның кейбір аймақтарында бұл көрсеткіш 6-8 мың долларға дейін өскен.
Эмануэле Джудиче, Villa Vie Odyssey круиздік кемесінің капитаны:
- 203 жолаушыны кемеден шығаруға тура келді. Біз үшін бұл оңай шешім болмады. Жолаушыларымыз отбасымыздың мүшемізге айналып кеткендей. Жанармай жетіспеген соң, бір генератор мен жарық көздерін өшіруімізге тура келді. Мәселе қазір жанармай бағасы өте қымбат. Бұл сапарымызға қатты әсер етті.
Лайнер 2024 жылдың қазан айында Белфастан жолға шыққан. Саяхат кемінде 3,5 жылға созылып, 150-ге жуық елді қамтуы тиіс еді.
Тегтер #круиздік лайнер #жанармай #дүниежүзілік саяхат #кемеPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz