RU
Толық нұсқаға өту

Атом энергиясына сұраныс еселеп артады

30.10.2026, 13:30 41

2050 жылға қарай уранға сұраныс екі есе артады. Қазір бұл көрсеткіш жылына – 64 жарым мың тонна. Ал 24 жылда 144 мыңға дейін жетуі мүмкін. Бұл – Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің болжамы.

Сондай-ақ Ирандағы соғыстан әлемде мұнай тасымалы шектеліп, энергетикалық дағдарысқа ұласты. Сол себепті қуат көзі импортына тәуелді елдер атом энергиясын дамытуға бейіл. Алайда қауіпсіздікке кім кепіл? 

Чернобыль апатынан кейін бірқатар ел ядролық бағдарламаларын жауып тастады. Соның бірі Италия еді. Алайда Римнің қазіргі билігі сол кездегі шешімді қателікке теліп отыр. Себебі 40 жылда Италия энергия импортына тәуелді елге айналды.

Джильберто Пикетто Фратин, Италияның қоршаған ортаны қорғау және энергетикалық қауіпсіздік министрі:

- Атом энергиясына қазір инветиция салсақ, болашақта электр қуатының бағасын реттеуге, яғни шығынымызды азайтуға мүмкіндік туады. Энергетикалық қауіпсіздік мәселесін шешу экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге әсер етеді.

Алдағы 10 жылда Италияда электр қуатына сұраныс 30 пайыз өседі. Сондықтан Рим билігі жаңартылатын энергия көздерімен қатар атом энергиясын жетілдіруге басымдық бермек. Таяуда Италия сенаты тиісті заңды бекітті. Алайда станса құрылысы әзір басталмайды. Үкіметтегілер: «Құқықтық негізін құрып жатырмыз», - дейді.

Джильберто Пикетто Фратин, Италияның қоршаған ортаны қорғау және энергетикалық қауіпсіздік министрі:

- Біз жаңа буындағы шағын модульды реакторларды салуға көшеміз. Бұлардың қауіпсіздік деңгейі жоғары. Құрылысы арзан әрі жылдам. Жоба іске асса, алғашқы реакторларды 2033-2035 жылдары іске қосамыз.

Таяуда Словакия жаңа ядролық реакторды іске қосты. Былтыр бұл елде электр қуатының 66 пайызы атом электр стансасында өндірілген. Төртінші блок толық қуатта жұмыс істесе, бұл көрсеткіш 70 пайыздан асып, Словакия тіпті саланың көшбасшысы Францияны басып озуы мүмкін.

Иван Ференц, Моховце атом электр станциясының инженері:

- Бір энергоблоктың қуаты – 470 мегаватт. Бір сағатта 200 мың тұрғыны бар қаланы бір тәулік бойы электр қуатымен қамтамасыз етуге жететін энергия өндіре алады.

Ширек ғасыр бұрын Кәрі Құрлық елдері электр қуатының үштен бірін атомнан өндіретін. Қазір бұл көрсеткіш 20 пайызға дейін құлдыраған. Алайда Ирандағы соғыс ЕуроОдақтың энергетикалық саласына қауіпті көбейтті. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің дерегі бойынша, қазір әлемнің 31 елінде атом электр стансасы бар. Тағы 40 мемлекет бейбіт атомды дамытқысы келеді.

Бұлардың қатарында Бангладеш, Вьетнам, Филиппин, Индонезия бар. Ал Оңтүстік Корея мен Тайвань тоқтап тұрған реакторларды қайта іске қосты. Тіпті Жапонияда да Фукусимадағы апатқа қарамастан саясатын өзгертті. Азиядан бөлек, Африкадағы 54 елдің 20-ы бейбіт атом энергиясын дамытуға ниетті.

Рейчел Бронсон, Атом ғалымдары бюллетенінің аға кеңесшісі:

- Ирандағы соғыс атом энергиясына оралу үдерісін жеделдетті. Мұның 3 себебі бар. Біріншісі, геосаяси жағдай. Адамзат энергия импортына тәуелді болу қауіпті екенін түсінді. Екіншісі, өнеркәсіп толыққанды жұмыс істеуі үшін үздіксіз қуат көзі қажет. Үшіншіден, қазір әлем елдері жасанды интеллект саласын жетілдіремін деп бұл салада бәсекелестік күшейді. Ал оның салмағы алдымен деректер орталығына түседі. Демек деректер орталығына да қосымша энергия керек. 

Goldman Sachs-тың есебі бойынша, 2030 жылға қарай деректер орталықтары тарапынан электр энергиясына жаһандық сұраныс 165 пайызға артады. Ал жасыл энергия қоршаған ортаға зиянсыз, әрине. Бірақ кемшін тұстары да бар. Күн мен жел стансаларын желіге қосу жағынан шығыны көп.

Вивиана Кручиани, Латина атом электр станциясы бағдарламасының кеңесшісі:

- Әлемде атом энергиясына қатысты адамдардың пікірі екіұдай. Чернобыль апатын көріп, естіп өскен аға буын ядролық реакторлардың салынуына үзілді-кесілді қарсы. Ал жастардың пайымы басқа. Олардың арасында билік осы уақытқа дейін бұл технологияны дамытпай келгеніне өкінетіндер бар. 

Қазір әлемде қолданыста 400-ден аса ядролық реактор бар. Соның 94-і АҚШ-та, 61-і Қытайда, 57-сі Францияда орналасқан. Нарықтың алпауыттары болашақта өндірісті еселеуге бейіл. Демек алдағы уақытта уранға сұраныс артпаса, кемімейді. Биыл 3-тоқсанда бағалы метал бағасы шамамен 5 пайыз қымбаттады. Бүгінде әлем жаңа технология, жасанды интеллект дәуіріне аяқ басты. Ал бұл жаңашылдықты игеруге көп энергия қажет. Bloomberg агенттігінің есебіне қарағанда, 2035 жылға қарай дүние жүзінде электр қуатын тұтыну шамамен 30 пайыз өседі. Ал 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 70 пайызға жетеді. Демек қай ел энергияға ие болса, сол мемлекеттің жаңа технологияны дамытуға мүмкіндігі болады.  

Авторы: Зайнұр Байжігіт

 

 

 

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz