RU
Толық нұсқаға өту

Еуропа жанармай тапшылығына алаңдаулы

30.10.2026, 23:30 36

Еуропа елдері жанармай бағасының өсуін тежеу үшін нарыққа ондаған млн баррель мұнай мен мұнай өнімдерін шығарады, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл туралы Люксембургте өткен Еуропалық Одақ энергетика министрлерінің кеңесінде мәлім болды. Жиында энергетикалық қауіпсіздік пен импортқа тәуелділікті азайту жолдары да талқыланды.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

– Таяу Шығыстағы шиеленіс Еуропаның алдына екі бірдей күрделі міндет қойды. Біріншісі – жанармай бағасының өсуін тежеу. Екіншісі – сыртқы энергия көздеріне тәуелділікті азайту. Алдынғысын шешу үшін шұғыл шаралар қажет болса, кейінгісіне жылдар мен қомақты инвестиция керек.

Сондай жедел әрекеттердің бірі – стратегиялық мұнай қорын пайдалану. Мұнда негізгі үлес дизель-отынына тиесілі. Франция да бағаның өсуін уақытша тежеуге бағытталған бірлескен бастамаға өз үлесін қосатынын мәлімдеді.

Ролан Лескюр, Францияның Экономика, қаржы, өнеркәсіп, энергетика және цифрлық егемендік министрі:

– Алдағы үш айда бәріміз бірлесіп, нарыққа 42 млн баррельден астам мұнай мен мұнай өнімдерін шығарамыз. Оның жартысы дизель отыны болады. Франция да қалыс қалмайды. Біз нарыққа 10 млн баррель дизель отынын жеткіземіз.

Бірақ стратегиялық қорды пайдалану қордаланған мәселені түбегейлі шешпейді. Еуропалық Одақ мұнай мен мұнай өнімдерін әлі де сырттан сатып алуға мәжбүр. Кейінгі жиырма жылда Одақ аумағындағы мұнай өңдеу зауыттарының шамамен төрттен бірі жабылды. Бұған өндіріс шығындарының көптігі, шетелдік кәсіпорындармен бәсеке және жанармайға сұраныстың төмендеуі әсер етті. Нәтижесінде мұнай өңдеу қуаты шамамен он пайызға кеміді. Саланың одан әрі құлдырауына жол бермеу үшін Еуроодақтың алты елі ұзақ мерзімді стратегия әзірлеуді ұсынды.

Дан Йоргенсен, Еурокомиссияның Энергетика және тұрғын үй мәселелері жөніндегі комиссары:

– Әлемдік дизель нарығындағы күрделі жағдай 2027 жылы да сақталады деп болжаймыз. Бұл бағаның төмендеуіне кедергі келтіреді. Сондықтан қол қусырып қарап отыра алмаймыз. Халықты, кәсіпорындар мен қорғаныс саласын жанармаймен тұрақты әрі қолжетімді бағамен қамтамасыз етуіміз қажет.

Еуропа өзіне қажетті жанармайды толық өндіре алмағандықтан, импортқа тәуелді болып отыр. Бірақ бір жеткізушіні екіншісімен алмастыру энергетикалық дағдарыс қаупін толық сейілтпейді. Өйткені көп нәрсе әлемдік нарықтағы ахуал мен сауда серіктестерінің шешімдеріне байланысты. Халықаралық энергетика агенттігі де осы тәуекелдерге назар аударып отыр.

Фатих Бироль, халықаралық Энергетика агенттігінің атқарушы директоры:

– Дизель отынына келгенде Еуропа әлемдегі ең осал аймақтардың бірі. Өйткені оны көп мөлшерде сырттан сатып алады. Ал алда қыс келе жатыр. Бұрынғы негізгі тасымалдаушылар – Ресей мен Таяу Шығыс елдері қиындықтарға тап болды. Қазір дизель-отынының шамамен жартысын АҚШ-тан алып отырмыз.

Бірақ қазір жағдай АҚШ-тың өзінде де күрделі. Соңғы аптада ондағы жанармай қоры тағы 1,5 млн баррельге азайған. Дизель бағасы да жоғары деңгейде қалып отыр.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Жиында Еуроодақтың 2030 жылдан кейінгі энергетикалық мақсаттары да талқыланды. Ұйым электр желілерін жаңғыртып, мұнай мен газды біртіндеп электр энергиясымен алмастыруды және энергия шығынын азайтуды көздеп отыр.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz