RU
Толық нұсқаға өту

Әлемде риелтордың қызметі қалай реттеледі?

01.11.2026, 11:00 73

Әлемде риелтор термині алғаш рет 1916 жылы АҚШ-та пайда болған.

Арада бір жыл өткен соң Калифорния штатында оларды лицензиялау басталады. Жалпы әлемнің өзге елдерінде жылжымайтын мүлік агенттерінің қызметі қалай реттеледі?

АҚШ-та риелтор болып жұмыс істеу үшін ресми лицензия алу қажет. Оған қол жеткізгісі келетін маман жылжымайтын мүлік бойынша курстан өтуі керек. Яғни келісім-шарт жасау, маркетинг, салық, риелтор этикасы мен ипотекалық несие рәсімдеудің қыр-сырын меңгеруі тиіс. Құрама Штаттарда мәмілені брокерлер жасайды. Сондықтан емтиханды сәтті тапсырғанымен кез келген адам өзін риелтор деп атай алмайды. Ол әуелі лиценциясы бар брокерлік компанияның құрамына кіруге міндетті. Өйткені сатып алушы мен сатушы алдында сол брокерлік мекеме жауапкершілік арқалайды. Бұл заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Сингапурда риелторлардың қызметін 15 жыл бұрын құрылған Жылжымайтын мүлік жөніндегі кеңес қадағалайды. Бұл елде лиценциясыз мәміле жасау түгіл, тіпті тұтынушыларға кеңес беруге тыйым салынады. Сондай-ақ риелторлар ұдайы ізденіп, нарық бойынша білімін жетілдіріп отыруы керек.  Қос тарап та, яғни сатып алушы мен сатушы да комиссия төлейді. Оның мөлшері әдетте 2 пайыздан аспайды. Бірақ Сингапурда тұрғын үйдің саудасы қарқынды емес. Мәселен, 2024 жылы 18 мыңнан астам мәміле жасалған. Ал риелторлардың саны 36 мың. Яғни нарықта бәсеке жоғары. Олар түрлі айла-шарғыға бармас үшін әдеп кодексі енгізілген.

Франциядағы жылжымайтын мүлік нарығы Еуропадағы ең қатаң қадағаланатын жүйенің бірі. Риелторлардың қызметін сонау 1970 жылы қабылданған арнайы заң реттейді. Жылжымайтын мүлік агентті болып жұмыс істеу үшін мүшелік жарна талап етіледі. Сонда риелтордың қызметінен әлдекім зардап шексе, оған сақтандыру компаниясы өтемақы төлейді. Бір тараптан, яғни сатушыдан ғана комиссия алынады. Оның мөлшері 8 пайызға дейін болуы мүмкін. Алайда іс жүзінде риелторлар комиссияны үйдің бағасына қосып көрсетеді. Ал мәмілені нотариустар арқылы жасайды. Ол меншік құқығын тексереді, келісім-шарттың үлгісін дайындайды. Сатып алушыға 10 күн уақыт беріледі. Осы аралықта ойы өзгермесе, меншік құқығы ауысады. 

Авторы Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz