RU
Толық нұсқаға өту

Дөнер тағамы Мадам Тюссоның музейінен орын алды

01.11.2026, 11:19 43

 Балауыздан құйылған дөнер-кәуап Германиядағы Мадам Тюссо музейінің төріне қойылды.

Әдетте мұнда қасиеті мен қабілеті бүкіл әлемде таңданыс туғызған тұлғалардың мүсіндері тұрады. Шығармашылық кеңестің бұл жолғы шешіміне не себеп?

Бұл Берлиндегі әйгілі "Мұстафаның көкөніс кәуабы" дәмханасында әзірленетін тағамның үлгісі. Иесі Тарик Кара кәсібін 2005 жылы бастаған. Қазір аспаздың қолынан шыққан дөнер-кәуаптың дәмін тату үшін әлемнің әр түкпірінен күніне жүздеген адам келеді. Тіпті көпшілік дәмхана алдында сағаттап кезекте тұруға әзір. Кәсіпкер дөнер-кәуаптың балауыздан құйылған үлгісі әйгілі Мадам Тюссо музейіне қойылатынын естігенде қатты таң қалғанын айтады. 

Тарик Кара, дәмхана иесі:

- Түпнұсқаға қатты ұқсайды. Кәуаптың дәлме-дәл көшірмесі. Балауыздан дәл осылай кәуаптың мүсінін жасауға болады деп ойлағам жоқ. Мен Кройцбергте туып өстім. 1980-жылдары кәуапты аптасына әрі кетсе бір рет жейтінбіз. Сол кезде көп жерде кәуап сатпайтын. 

Кәуаптың дәл Берлинде музейге қойылуы тегін емес. Шығармашылық кеңес мүшелерінің айтуынша, Еуропадағы кәуап етінің 80 пайызы дәл осы шаһарда өндіріледі. Қалада 250 ет комбинаты бар. Берлинде кәуаптың саудасы да қызып тұр. Шаһар қонақтары мен тұрғындары күніне 400 мыңын жейді екен.  

БЛИЦ:

- Маған ішіндегі тұздалған қияр қатты ұнады. Әдетте кәуапқа мұндай қоспайды ғой. Дәмі сәл ащылау болғанымен, өте дәмді. Неліктен бұл жердің аты шыққанын енді түсіндім.  

- Бұл жер Берлин мәдениетінің бір бөлігі іспетті. Өйткені бұл қаланы көп адам осы тағаммен байланыстырады. 

- Осы кәуаптың дәмін көру үшін 40 минут күттім. Босқа тұрмаппын. Сүйсініп жедім. 

Аспаз дәмді тағамның құпиясымен де бөлісті. Оның сөзіне қарағанда, кәуапты әзірлеуде көкөніс пен еттің сапасына мән беру қажет. Тарик Караның тағамы тіпті американдық жұлдыздардың арасында танымал. Мәселен, 2023 жылы дәмханада рэпер Канье Уэсттің өзі болыпты. 

Тарик Кара, дәмхана иесі: 

- Табысты арттырудың жолы көп. Қаланың әр бұрышынан дәмхана ашып тастауға болады. Бірақ, бұл менің түпкі мақсатым емес. Тұтынушылар бізді сапа үшін таңдайды. Адамдар дәмханаға әлемнің түкпір-түкпірінен келеді. Сондықтан кәсіпті кеңейтудің қажеті жоқ деп ойлаймын. 

Мүсін таңдалған соң аспаздар бірнеше кәуап әзірлеп берген. Шеберлер тағамды мұздатып, пішініне сай қалып жасаған. Әр бөлігін түрлі балауыздан құйыпты. Композиция құны - 20 мың еуро. Мүсіншілер оның жұмысын аяқтау үшін бірнеше ай еңбектенген. Енді көпшілік әйгілі кәуапты Мадам Тюссо музейінде тамашаласа, ал шынайы дәмін татқысы келетіндер Берлиндегі Мерингдамм даңғылында орналасқан дәмханаға баруы тиіс. 

Авторы Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz