Жақында әлемдегі ең ірі криптовалюта биржасы Байнэнс ((Binance)) ауқымды хакерлік шабуылға ұшырады.
Жалпы құны 6 миллиард 300 миллион доллар болатын цифрлық активтер қолды болды. Бұл криптовалюта тарихындағы ең ірі ұрлық. Кейін АҚШ-тың Федералды тергеу бюросы Солтүстік Кореяның Трейдер-Трейтор ((TraderTraitor)) хакерлік тобын ресми түрде айыптап, Байнэнс ((Binance)) криптобиржасының жұмысы жанданды. Бұл тұста миллиардтаған доллар шығынды өтеу мүмкін бе? Әлемде кибершабуылдар неге жиілеп кетті?
Әлемде жеке деректі ұрлап, қаржыны жымқырып кететін қаскөйлер көбейіп барады. Binance – күнделікті сауда көлемі бойынша әлемдегі ең ірі криптовалюта биржасы. Кейінгі шабуылда хакерлер активтерінің басым бөлігін небәрі жиырма минут ішінде шығарып үлгірген. TRM Labs аналитикалық компаниясының мәліметінше, заңсыз аударымдар бірден он блокчейн желісінде қатар жүзеге асқан. Бастапқыда Binance компаниясы жағдайға қызметкерлерінің ноутбугінің бұзылуы себеп деп болжады. Алайда кейінгі тергеу барысында хакерлердің жүйеге басқа жолмен кіргені анықталған.
ЦИТАТА
Binance компаниясының X әлеуметтік желісіндегі мәлімдемесі
Binance барлық шығынды шұғыл резервтік қор мен компанияның өз қаражаты есебінен өтейді. Пайдаланушылар қаражатын уайымдамаса болады. Алдын ала бағалау бойынша жалпы шығын көлемі шамамен 6,3 миллиард доллар. Қазір серіктестерімізбен бірлесіп, 3 миллиард долларға жуық активті бұғаттап үлгірдік. Тергеу аяқталғаннан кейін нәтижелері туралы толық ақпарат жарияланады.
Ішкі тергеу бойынша ұрланған активтердің бір бөлігі Tether және Circle компанияларының көмегімен бұғатталған. Өйткені қолды болған қаражаттың арасында стейблкоиндер де бар. Оның биткоиннен айырмашылығы, мұндай активтерді қашықтан бұғаттауға болады. Tether компаниясы шамамен 1 миллиард 600 миллион долларды, ал Circle 800 миллион доллардан астам қаражатты аударымына шектеу қойып үлгірген. Ал тергеу мәліметі бойынша қаскөйлер құны 1 миллиард 400 миллион доллар болатын 18 мыңнан астам биткоинді 19 криптоәмиянға бөлген. АҚШ-тың Федералды тергеу бюросы бұл іске Солтүстік Кореяның TraderTraitor хакерлік тобын ресми түрде айыптады. Топтың желіні бұзу әдісі бұған дейінгі қылмыстық істеріндегі айла-тәсіліне ұқсас екені анықталған.
YOUTUBE.COM/@CHANNELNEWSASIA
Ари Редборд, TRM LABS компаниясының жаһандық саясат жөніндегі басшысы:
- Біз бұл шабуылдың артында Солтүстік Корея тұрғанына толық сенімдіміз. Блокчейндегі транзакцияларға жүргізген талдауымыз солтүстік кореялық хакерлерге тән әрекеттерді анықтады. Бұған қоса өзге дереккөздерден алынған сенімді мәліметтер де бұл шабуылға Солтүстік Кореяның қатысы бар екенін көрсетіп отыр.
Бұл жолы шабуылдың ауқымы бұған дейінгі рекордтан төрт есеге жуық асып түсті. Өткен жылдың ақпан айында Bybit криптобиржасынан 1,5 миллиард доллар ұрланған еді. Ол кезде де АҚШ Федералды тергеу бюросы шабуылға солтүстіккореялық хакерлердің қатысы бар деп таныды. Жалпы былтыр 150-ге жуық кибершабуыл салдарынан 2 миллиард 900 миллион доллардың криптовалютасы қолды болған. Енді биылғы жағдай әлемдік цифрлық активтер нарығына да әсер етті. Биткоин бағасы кейінгі алты аптадағы ең төменгі деңгейге дейін түсіп, шамамен 76 мың 400 долларды құрады. Саладағы компаниялардың акциялары да құлдырады. Жалпы цифрлық активтердің қауіпсіздік мәселесі әлі өзекті.
ЦИТАТА Джефф Ко, VIABTC компаниясының бас сарапшысы
Ұрланған биткоиндердің едәуір бөлігі іс жүзінде бұғатталған күйде қалуы мүмкін. Олардың нарыққа қайта шығуы үшін бірнеше жыл қажет болуы да ықтимал. Бұл оқиға орталықтандырылған криптобиржалар мен жалпы криптовалюта нарығындағы қауіпсіздік тәуекелдерін тағы бір мәрте көрсетті. Әсіресе жасанды интеллект дамып жатқан қазіргі кезеңде бұл мәселенің маңызы арта түсті. Әзірге осал тұсымыз смарт-келісім-шарттар емес, аударымдарға қол қою және оларды растау жүйесінде болып отыр.
Ал АҚШ билігі криптонарыққа жаңа талап енгізіп жатыр. Өткен жылы Дональд Трамп стейблкоин шығаруды реттейтін GENIUS Act заңына қол қойған еді. Құжатқа сәйкес, цифрлық активтердің артында қолма-қол ақша немесе қысқа мерзімді мемлекеттік облигациялар болуы қажет. Компаниялар резервтегі активтері туралы ақпаратты жіті бақылап, тұрақты тексерулерден өтуге міндетті. Өзгеріс 18 қаңтардан бастап күшіне енуі тиіс. Дей тұрғанмен, бұл шаралардың криптобиржаларды хакерлік шабуылдардан толық қорғауға әлеуеті жетпейді. Сондықтан әлемдегі кибершабуылдардың алдын алу мәселесі әлі де өзекті болып қала береді. Ал Binance енді жүйедегі осал тұстарын жоюға ден қойып жатыр. Қазір компанияның шұғыл резервтік қоры 1 миллиард долларды құрайды. Бұл ұрланған қаражат көлемінен әлдеқайда аз. Дегенмен, компания шығынның 90 пайызын өтеп, жұмысын жандандырды.
Авторы Нұрбике Жігер
Тегтер #Binance #криптовалюта #Солтүстік КореяPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz