RU
Толық нұсқаға өту

Әлемде роботаксиге сұраныс артып келеді

03.11.2026, 09:50 44

Tesla-ның робот таксилері енді тәулігіне 12 сағат емес, 20 сағат қызмет көрсетеді. Жұмыс уақыты түнгі 2-ге дейін ұзарды. Бұл нені білдіреді?!

Компания өкілдерінің айтуынша, алдымен табыс артады, сосын шығын азаяды. Енді жүргізушісіз таксидің көбеюі біраз адамды нәпақасынан айыруы мүмкін. Сосын қазіргідей жол апаты көбейген тұста робот-таксилер қаншалықты қауіпсіз?

Әуелде ат жеккен пәуеске түрінде дамыған такси қызметінің бүгінде әлемдік нарықтағы үлесі басым. Миллиондаған адамды жұмыспен қамтып, жыл сайын жүздеген миллиард доллар табыс әкелетін, қызмет көрсету саласына айналды. Бірақ жаңа заманның талабы басқа. Озық технология бұл салаға да ауқымды өзгерістер әкелді. Қазір ешкім таксиді сағаттап күтіп тұрмайды. Тіпті жүргізушінің рөлі біртіндеп автоматты жүйеге ауысып жатыр. Робот-таксилер соның дәлелі. Не бары 5 жыл бұрын ғана нарыққа енген еді. Morgan Stanley сарапшылары: «Бұл нарықтың көлемі 2040 жылға қарай 1 триллион АҚШ долларына жетуі мүмкін мүмкін» деп болжайды. 

Роботакси индустриясының дамуы жаңа кезеңге өтті. 2035 жылға қарай әлем бойынша шамамен 2,5 миллион роботакси пайдаланылуы мүмкін. Саладағы тың серпілістер жасанды интеллектінің қарқынды дамуымен байланысты.

Технологияның адамнан басты артықшылығы үздіксіз жұмыс істей береді. Тек дұрыс алгоритм мен жеткілікті қуаты болуға тиіс. Tesla компаниясы роботаксилерді бір күнде 20 сағат жұмыс істету арқылы, біраз шығынның орнын толтыруға мүдделі. Мысалға, қарапайым такси жүргізушісі күніне 8-12 сағат жұмыс істейді делік. Жанармайға немесе электр қуатына кететін шығыны бар. Көлігі бұзылып, оны жөндетуге біраз уақыт жұмсауы мүмкін. Сосын тапсырыс болмаса, табыс та жоқ. Сондықтан Tesla үшін бұл жай ғана такси қызметін кеңейту емес, жаңа бизнес-модель қалыптастырудың жаңа үлгісі іспетті. 

Дегенмен жүргізушісіз таксилердің көбеюі еңбек нарығындағы бәсекелестікті күшейтуі мүмкін. Мысалға, тақауда Лондонда жүргізушісіз көліктерді сынауға қарсы наразылық акциялары өтті. Жүргізушілер жаңа технология олардың күнкөріс көзіне айналған кәсібін ығыстырады деп қауіптенеді. Демек роботакси нарығының дамуы тек көлік индустриясын емес, миллиондаған адамның табысын да, кәсібін де өзгертуі мүмкін. Тағы бір маңызды жайт – жол қауіпсіздігі. Роботакси айналасын камера, радар және лазерлік сенсорлар арқылы бақылайды. Жол белгілерін таниды, жаяу жүргіншілерді ажыратады, қозғалыс бағытын өзі анықтайды. Бірақ жолдағы түрлі кедергі кезінде жүйенің қалай әрекет ететіні әлі де маңызды мәселе.

Қалай дегенмен нарық бір орында тоқтап тұрған жоқ. Урбанизация дамып, ақылды қалалардың бой көтеруі де роботакси өндірісінің ілгерілеуіне қолайлы жағдай жасайды. Өйткені мұндай көліктерді пайдалану үшін реттеуші органдардың рұқсаты, инфрақұрылымның дайындығы қажет. Халықаралық энергетика  агенттігінің дерегіне сәйкес, былтыр жыл соңында әлемдік роботакси паркі екі есе өсіп, шамамен 8 мың көлікке жеткен. Коммерциялық қызметтер шамамен 20 қалада жұмыс істеген. Бұл көрсеткіш 2035 жылға қарай 40-80 қаланы қамтып, роботакси саны 3 миллионға дейін жетуі мүмкін. Қазір роботакси қызметтері негізінен Қытай мен АҚШ-та. Сондай-ақ Дубай мен Абу-Дабиде де коммерциялық роботаксилер біртіндеп қолданысқа еніп келеді. Ал Еуропа, Жапония мен Оңтүстік Кореяда автономды таксилер әзірге пилоттық жоба ретінде сынақтан өтіп жатыр.   

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz