Ал Қытай адам тақылеттіес роботтарды көбейтіп жатыр. Биылдың өзінде 100 мың данасын іске қосады. Кейін өндірісті тағы арттырады. Бұл қарқынмен Қытайда адамнан робот көп болатын тәрізді.
Өйткені көрші мемлекеттің үкіметі қаржыландыру көлемін ұлғайтты. Тіпті роботтарды мұнда адамдар құрастырып жатқан жоқ. Бұлар өзін өзі өндіретін деңгейге жеткен. Құлтемірлер өндіріске икемді, тұрмыста да шаруаны дөңгелетіп әкетеді.
Қытайда адам тәрізді робот өндірісі күрт өсті. Биыл былтырғыдан үш есе көп құлтемір жасалды. Бұл – тек жарты жылдың статистикасы. Елдің өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігінің мәліметіне сәйкес 2025 жылы жалпы саны 13 мың данасы шығарылған, ал биыл 6 айдағы көрсеткіш 40 мыңнан асып отыр. Бұған әсер еткен фактор көп.
Ван Вэймин, Қытайдың Өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігінің бас инженері:
- Жасанды интеллект. Бұл өнеркәсіптік трансформацияны жеделдетуге ықпал етті. Дәстүрлі өндірісті өзгертіп, жаңа модельдерді қалыптастырып отыр. Әлемде сұраныс өсті. Статистикалық өсім ай сайын өзгеруде. Өйткені біздің роботтар арзан әрі қол жетімді.
Бүгінде Қытайда роботтардың 400-ден астам моделі бар. Олар өнеркәсіп, логистика, сауда және тұрмыстық қызмет көрсету сияқты сан алуан салаға еніп отыр. Тіпті роботтар өз-өзін өндіретін деңгейге жетті.
Чжан Шаоюй, ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері:
- Жылдан жылға роботтардың шапшаң, аса дәлдікпен жұмыс істейтін түрлеріне сұраныс артып келеді. Мәселен, 2023 жылы адам мен роботтың өзара әрекеттескен технология жоғары сұраныста еді, енді биылдан бастап ақылды бионикалық және адам тәрізді роботтарға сұраныс өсіп келеді. Тауар 148 мемлекет пен аймаққа шығарылып жатыр. Ең көп сатылатын өндіріске икемделген құлтемірлер.
Қытай әлемдегі ең ірі робот өндіруші елге айналып отыр. Дүниежүзі нарығында 13 жыл қатарынан алда келеді. Бүгінде көрші мемлекетте зияткерлік робототехника саласында 500 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Айта кету керек, өткен жылы ғана қытайдың роботөндіруші кәсіпорындарының басым бөлігі импортқа тәуелді еді. Қалыптасқан геосаяси жағдайда қытайлық өндіріс орындары техникалық мүмкіндіктерін жетілдіруге күш салып қысқа уақытта таза өз өнімдерін экспортқа шығара бастады.
Авторы: Руслан Бақытбекұлы
Тегтер #робот #адам #Қытай #өндірісPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz