Жасанды интеллект кибершабуылды көбейтеді. Ұлыбританияның Ұлттық киберқауіпсіздік орталығы осылай деп дабыл қақты, деп хабарлайды 24KZ.
2028 жылы хакерлер тіпті электр стансалары мен ауруханалар және әуежайларға шабуылдауы мүмкін екенін ескертеді. Бұлайша алаңдауына негіз бар. Өйткені қаскөйлер Еуропаның 7 бірдей елінде ірі дүкендердің температураны реттейтін жүйесін бұзып, тоңазытқыштарды қыздырып жіберді. Екі апта бұрын мұндай жағдай Францияда да болған еді.
Интернетке қосылған құрылғылардың қай-қайсысы да қауіпті болып барады. Хакерлер тоңазытқышқа да шабуылдауы мүмкін. Мәселен, қаскөйлер Еуропаның 7 бірдей елінде ірі дүкендердің салқындату жүйесін бұзып, бағдарламасын еріту режиміне ауыстырған. Тоңазытқыштар қызып кеткен соң, азық-түлік түгел бүлініп, кәсіпкерлер қыруар шығынға батты.
Матье Тильман, Delhaize супермаркетінің менеджері:
– Мұны қалай жасағанын түсінбедім. Түпкі мақсаты неде? Әлемде аш, тамаққа жарымай жүрген адам қаншама? Ал біз қыруар өнімді қоқысқа тастадық. Бұл жағдай жанға батады. Кейде жұмыстан кеткім келеді. Ал мен өз жұмысымды жақсы көремін.
Кибершабуылдан Бельгия, Люксембург, Швеция, Финляндия, Ирландия, Нидерланд және Эстонияда ірі дүкендер зиян шекті.
Екі апта бұрын мұндай жағдай Францияда да болған еді. Сол кезде кәсіпкерлер 1 млн еуроның өнімін қоқысқа тастады. Ал бұл жолы хакерлер IT мамандарын біраз әуреге салды. Мәселені бағдарламаны жаңарту арқылы шеше алмады. «Тоңазытқыштардың чиптерін ауыстыруға тура келді», – дейді мамандар.
Катриен Эггерс, Бельгияның киберқауіпсіздік орталығының өкілі:
- Бұл шабуылды кім ұйымдастырғаны белгісіз. Қаскөйлерді ешқашан анықтай алмауымыз да мүмкін. Бірақ мұндай жағдайдың жиілеп бара жатқаны алаңдатады. Бұл жасанды интеллектінің кері әсері деп ойлаймын.
Кибершабуылдың қайдан келгені белгісіз. Ал хакерлердің ойлағаны не? Құзырлы органдар мейлінше жолын кесіп, құрыққа түсіруге тырысып жатса да, алаяқтар айылын жияр емес. Мұны сандар да растап отыр. Биыл әлемде киберқылмыс деректері 20 пайызға көбейген.
Омер Дембински, Check Point Research компаниясының деректерді зерттеу бөлімінің менеджері:
- Қыркүйектегі мәліметке қарағанда, жалған хабарламалар арқылы дерек ұрлау жиілеген. Компьютердегі ақпаратты бұғаттап, оны қайта ашу үшін ақша талап ететіндер көбейді. Ал жасанды интеллект бұл қауіпті еселеді. Қазір әр жүйені жеке-жеке қорғау жеткіліксіз. Кешенді шешімдер қажет. Яғни қауіптің алдын алуға және қорғаныс жұмыстарын автоматтандыруға басымдық берген жөн.
Ұлыбританияның Ұлттық киберқауіпсіздік орталығы 2028 жылы адамзат кеңауқымды кибершабуылға ұшырайтынын ескертеді. «Киберқылмысты жасанды интеллект көбейтеді», – дейді. Себебі ақылды машина компьютер желілерінің осал тұсын әп-сәтте анықтай алады. Шабуыл жасалатын нысанды зерттеп, зиянды бағдарламалар да жасайды. Алаңдатарлығы сол, хакерлер нысанның стратегиялық маңызы бар ма, жоқ па, қарамайды. «Тіпті электр стансалары, ауруханалар және әуежайлардың бағдарламаларын да бұзуы мүмкін», – дейді сала мамандары. Сондықтан киберқауіпсіздік саласына қаржыны көбейтуге шақырды. Бұған қоса, қосымша қорғаныс ретінде көп деңгейлі тексеру жүйесін қосуға кеңес береді.
Джозеф Сквиллаче, Пенсильвания штаты университеті Киберқауіпсіздік кафедрасының доценті:
– Екі факторлы және көп факторлы тексеру жүйесі – жеке деректерді қорғаудың ең тиімді жолы. Әрине, мұның аздаған қолайсыздығы бар. Жүйеге кірген сайын қолыңызда екінші құрылғы, мысалы, смартфон болуы керек. Бұрынғыдай бірден автоматты түрде кіре алмайсыз. Бірақ қосымша тексеру хакерлердің аккаунтқа кіруіне жол бермейді.
Бұрын кибершабуылды тек жеке деректердің ұрлануы мен сайттардың бұғатталуымен байланыстыратын. Қазір қаскөйлер электр қуатын өшіріп, аурухана мен әуежайлардың жұмысын да тоқтата алады. Сарапшылар жасанды интеллект хакерлердің мүмкіндігін арттырған сайын, оған қарсы киберқауіпсіздікті де күшейту маңызды екенін айтады.
Авторы: Зайнұр Байжігіт
Тегтер #24KZ #шартарап #Еуропа #тоңазытқыш #хакерлер #кибершабуыл #жасанды интеллектPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz