RU
Толық нұсқаға өту

Гаитиде аштық күшейді

04.11.2026, 18:55 50

Гаитиде 6 млн-ға жуық адам азық-түліктен таршылық көріп отыр. Олардың 2 млн-ы аш құрсақ жүр. БҰҰ мәліметінше, дағдарысқа қарулы қақтығыстар, қымбатшылық пен аймақта ушыққан қуаңшылық себеп, деп хабарлайды 24KZ.

Сарапшылар егер жағдай оңалмаса келер жылдың ортасына қарай ел халқының жартысынан көбі аштықтың зардабын тартады деп болжап отыр.

Гаитиде әрбір екінші тұрғын жеткілікті азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз етілмеген. Бұл БҰҰ-ның дерегі. Аймақтағы қылмыстық топтар халықтың базар аралап, егістік алқаптарына жетуіне кедергі келтіруде. Салдарынан мыңдаған адам баспанасын тастап кетуге мәжбүр. Ал ұзаққа созылған құрғақшылықтан егін шықпады. Қымбатшылық та алқымнан алып, жұмыссыздық белең алды.

Рейн Паульсен, БҰҰ өкілі:

– Азық-түлік тапшылығына бірнеше жағдай әсер етті. Әлемнің көптеген өңірінде күшейген Эль-Ниньо құбылысы да жығылғанға жұдырық болды. Ол Кариб аймағында қатты сезілді. Гаитиде әдеттегіден де құрғақ ауа райы мен жоғары температура тіркелді.

Халыққа қолдау көрсету мақсатында БҰҰ-ның ФАО ұйымы тұрғындарға тұқым мен үй жануарларын үйлестіре бастады. Бұл оларды азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, қосымша табыс табуға да мүмкіндік береді. Мәселен, тұрғындар жұмыртқа, сүт және еттен артылғанын нарыққа шығарып нәпақасын таба алады. Осы мақсатта ұйым 200 тонна тұқым, 160 мың үй жануары мен құсты тарата бастады. Бағдарламаға 16 млн доллардан астам қаржы бөлінген.

Пьер Вотье, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының Гаитидегі өкілі:

– Үй жануарларын жылдың кез келген мезгілінде таратуға болады. Яғни егін егу науқанын күтудің қажеті жоқ. Фермерлер оларды алған бойда пайдалана алады.

Дегенмен гуманитарлық көмекке бөлінген қаражат жеткіліксіз. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасына Гаитидегі жұмысты наурыз айына дейін жалғастыру үшін тағы 78 млн доллар қажет. Өйтпеген жағдайда млн-даған тұрғын бұдан да ауыр аштыққа тап болуы мүмкін деп ескертеді ұйым өкілдері.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz