RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ-тағы аралық сайлауда демократтар жеңіске жетті. LIVE

04.11.2026, 20:10 51

АҚШ-та демократтар Конгрестің қос палатасындағы басымдықты қайтарып алды. Осылайша, аралық сайлаудың нәтижесі Дональд Трамптың алдағы екі жылдағы жұмысын қиындатқалы тұр, деп хабарлайды 24KZ.

Енді Ақ үй басшысына заңдар мен бюджет мәселесінде саяси қарсыластарымен келісіп отыруына тура келеді. 

Ердана Ержанұлы, тілші:

- АҚШ-та биліктің саяси тепе-теңдігі өзгерді. Демократтар Сенатта да, Өкілдер палатасында да басымдыққа қол жеткізді. 

Қазіргі қолда бар нәтижеге сүйенсек, демократтардың Сенаттағы тобы 54, республикашылдар 44 орын иеленді. Ал өкілдер палатасында демократтар 232 мандатқа қол жеткізді. Айта кетейік, дауыс беруде басымдыққа ие болу үшін 218 орын жеткілікті. Бұл ақпарат алдағы сағаттарда тағы өзгеруі мүмкін, себебі дауыс беру нәтижелері әлі есептеліп жатыр. Саяси өзгерістің ауқымын Техас пен Канзастың нәтижесінен-ақ көруге болады. Техаста демократ Джеймс Таларико Сенатқа сайланып, осы штатта демократтар партиясын отыз сегіз жылдан кейін қайта билікке әкелді. Ал Канзаста Адам Хэмилтон жеңіп, тарихты жаңартты. Себебі бұл штат соңғы рет демократ сенаторды 1932 жылы сайлаған. Демек, демократтар тек үнемі тартыс өтетін өңірлерде ғана емес, республикашылдар ұзақ жыл бойы басым болған штаттарда да қолдау тапты. Тағы бір ерекше жағдай – Мичиганда Абдул әл-Сайедтің жеңіске жетуі. Ол АҚШ тарихында Сенатқа сайланған алғашқы мұсылман болды. Бұған дейін Конгрестің Өкілдер палатасында мұсылман депутаттар болған, әлі де бар, бірақ дәл Сенатта мұндай жағдай алғаш рет тіркеліп отыр. Джорджия штатында Атлантаның бұрынғы мэрі Кейша Лэнс Боттомс жеңіске жетіп, тек өз штатында ғана емес, бүкіл АҚШ тарихында губернатор болып сайланған алғашқы қара нәсілді әйел атанды. Бұдан бөлек, Нью-Мексикода жеңіске жеткен демократ Деб Хааланд АҚШ тарихындағы байырғы халық өкілдерінен шыққан, губернатор болып сайланған алғашқы әйел атанды. Яғни бұл сайлау партиялар арасындағы күштерді ғана өзгерткен жоқ, жоғары лауазымдарға бұрын сирек жеткен қауымдардың өкілдігін де кеңейтті.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- New York Times газетіне берген сұхбатында Трамп демократтармен жұмыс істеуге дайын екенін айтты. Reuters агенттігі осы сұхбатқа сілтеп, оның сайлау нәтижесін қабылдауға әзір екенін хабарлады. Бірақ өзі қолдамайтын заңдарға вето қоятынын да ескертті. Яғни бітімге дайын болғанымен, саяси қарсыластарының барлық ұсынысын қабылдай қоймайтынын аңғартты. Президент Ирандағы соғыстың республикашылдардың жеңілісіне әсер еткенін мойындады. Бұл жайлы кеше кешке Wall Street Journal газетіне телефон арқылы берген сұхбатында айтты. Дегенмен соғысты бастау туралы шешіміне өкінбейтінін білдірді. Ал сайлаушылар үшін жанармайдың қымбаттауы мен экономикалық ахуал маңызды болғанын сауалнамалар көрсетіп отыр. Енді Трамп жаңа бағдарлама енгізіп, оған бюджеттен қаржы бөлгісі келсе, Конгрестің келісімін алу қажет. Яғни салық, көші-қон және әлеуметтік шығындар төңірегіндегі келіссөздер күрделенуі ықтимал. Сенаттың ауысуы кадрлық шешімдерге де әсер етеді. Осы себепті алдағы екі жылда ірі шешімдердің тағдыры Ақ үй мен Конгрестің қаншалықты келісім таба алатынына байланысты болмақ. Демократтардың өзіне де жауапкершілік күшейеді. Енді сайлаушылар олардан президентті сынауды ғана емес, қымбатшылықты азайтатын нақты шешімдерді күтеді. Жаңа Конгресс келесі жылдың үшінші қаңтарында жұмысын бастайды.

Авторы: Ердана Ержанұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz