Қазір мемлекеттер мен жеке компаниялар жасанды интеллект саласына қаржы құюдан жарысып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Жыл соңына қарай салаға жұмсалған жалпы қаржы көлемі 2,5 трлн доллардан асуы мүмкін деген болжам бар. Алайда технология жетілген сайын, олардың қолжетімділігі де қиындай түсті. Мәселен, күнделікті пайдаланып жүрген компьютер көпшілік үшін қайта арманға айналуы мүмкін. Өйткені оларды құрастыруға қажетті бөлшектер мен жедел жад микросхемаларының тапшылығы артып барады.
OpenAI компаниясының басшысы Сэм Альтман техника тұтынушылары мен IT қауымдастығының сынына ұшырады. Оның технологиялар болашағына қатысты бірқатар даулы мәлімдемелері қоғамның наразылығын күшейтті. Жасанды интеллект саласындағы жетекші компанияның бас директоры дербес компьютерлердегі онсыз да қат жедел жад ресурстары тиімсіз пайдаланылатынын айтқан. Сөзінше, компьютерлерде толық қуаты қолданылмай тұрған жадты деректер орталықтарында үздіксіз пайдалануға болар еді. Сарапшылар: «Альтманның бұл пікірін қарапайым пайдаланушылардың мүддесіне қайшы», - деп санайды.
«Жергілікті есептеулер, яғни компьютер, ноутбук немесе смартфондарда онсыз да тапшы ресурстар қолданылады. Көптеген адам жасанды интеллектіні дербес компьютерде іске қосуға болса, қуатты деректер орталықтарының қажеті жоқ деп санайды. Алайда жаһандық ауқымда қарасақ, бұл – ресурстарды өте тиімсіз пайдалану деген сөз. Әлемдегі жедел жад қорының едәуір бөлігі жеке компьютерлерде орналасқан. Бірақ ол 5 пайыз уақыт қана қолданылады. Ресурстар аса тапшы жағдайда бұлтты есептеу жүйелерінің қуатын барынша жүктеуге ұмтылу қажет», – Сэм Альтман, OPENAI компаниясының бас директоры.
Бірлестік басшысының бұл мәлімдемесі неліктен көпшіліктің наразылығын тудырғаны түсінікті. Өйткені нарықтағы жад микросхемаларының тапшылығы салдарынан дербес компьютерлер қарапайым тұтынушылар үшін қолжетімсіз болып барады. Бұған компьютер құрастыруға қажетті бөлшектер бағасының күрт қымбаттауы себеп. Мәселен, қазір жедел жадтың бағасы жыл басымен салыстырғанда екі есеге жуық өскен. Бұл – Nikkei Asia басылымының дерегі. Ал JPMorgan мәліметіне сәйкес, 2024 жылдан бері оның құны, тіпті, 500 пайызға дейін қымбаттаған. Бейнекарталардың бағасы кейінгі үш айда ғана 35 пайызға артса, деректерді сақтауға арналған SSD жинақтауыштарының құны 300 пайызға дейін шарықтаған. Роботты техника мен ұшқышсыз басқарылатын көлік жүйелерінің дамуы да нарыққа қосымша салмақ түсіреді. Мемлекеттер мен жеке компаниялар жасанды интеллект саласына қыруар қаржы құйып жатқанымен, жад микрожүйесі өндірісін тез арада ұлғайту оңай емес.
Ли Чжэ Мён, Оңтүстік Корея Президенті:
– Біз экономикамыздың өсу әлеуетін арттыру үшін жасанды интеллектіге қомақты инвестиция саламыз. Сондай-ақ жартылай өткізгіштер өндірісін, деректер орталықтарын құруды қоса алғанда, үш ірі жобаға 21 трлн 300 млрд воннан астам қаржы бағыттаймыз.
Фридрих Мерц, Кермания Канцлері:
– Германия жасанды интеллектіні дамыту және оны өнеркәсіп саласына енгізу бойынша Еуропалық одақта ғана емес, бүкіл әлемде ең озық елдердің біріне айналуды көздеп отыр.
Жад микросхемаларын өндіретін әлемдегі ірі компаниялардың бірі – SK Hynix: «Нарықтағы тапшылық 2030 жылға дейін сақталуы мүмкін», - дейді. Ал жасанды интеллект инфрақұрылымының қарқынды дамуына байланысты сұраныс ұсыныстан асып түсуі жалғаса бермек.
Дженсен Хуанг, NVIDIA компаниясының бас директоры:
– Кейінгі бір жылдың өзінде Еуропадағы стартаптарға, сондай-ақ құрлықтың түкпір-түкпіріндегі ірі және шағын серіктестік жобаларға 10 млрд долларға жуық инвестиция салдық. Қазір бізде 12 мыңнан астам серіктес бар. Компьютерлік индустрияның ондаған жылдық дамуынан кейін біз жаңа өнеркәсіптік революцияның табалдырығында тұрмыз.
Осылайша, әлемдік дербес компьютер нарығы күрт құлдырады. Counterpoint Research зерттеу компаниясының мәліметіне сүйенсек, биыл үшінші тоқсанда компьютер жеткізілімі бір жылда 21 пайызға қысқарған. Жад микросызбаларының тапшылығы мен компьютер бөлшектері бағасының өсуі Lenovo, HP және ASUS сияқты жетекші өндірушілердің өнім жеткізу көлемін төмендетті. Тіпті Apple компаниясының компьютерлеріне сұраныс 10 пайызға дейін азайған. Сарапшылардың пікірінше, төртінші тоқсанда әлемдік компьютер жеткізілімі тағы 27 пайызға қысқаруы мүмкін.
Тегтер #24KZ #шартарап #компьютер #жасанды интеллект #сұранысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz