АҚШ-тағы аралық сайлау әлемдік қаржы нарығына әсер етті. Бір-ақ күнде біраз дүние өзгеріп жатқанмен, үміт бар. Инвесторлар да Конгрестегі ара салмақтың өзгеруі себепті тез қимылдап, өзіндік жоспар құрып жатыр.
Ал бұл саяси өзгерістің қарапайым америкалықтарға әсері қандай? Алда не күтіп тұр?
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Демократтар Конгрестің қос палатасында жеңіске жеткен бетте АҚШ қор нарығы өсіп, мұнай арзандады, ал доллар негізгі валюталарға шаққанда әлсіреді.
Қарашаның төртіндегі сауда қорытындысында америкалық ірі компаниялардың жағдайын көрсететін S&P 500 индексі 1,6 пайызға көтерілді. Технологиялық компаниялар шоғырланған Nasdaq 1,4, ал Dow Jones 3 пайызға өсті. Reuters мәліметіне қарағанда, сайлаудан кейін саяси бағдардың белгілі болуы және мұнайдың арзандауы инвесторлардың акция сатып алуға ынтасын арттырған.
Лиз Миллер, Қаржылық кеңес беру компаниясының президенті:
- Бүгін сауда басталғаннан-ақ акциялар қымбаттады. Меніңше, инвесторлар Вашингтонда биліктің бірін-бірі тежегенін қалайды. Демократтардың Өкілдер палатасында жеңіске жетуі маңызды болған еді. Бірақ олар қос палатада да басымдық алды. Бұл – сайлаушылардың билікке берген айқын белгісі. Инвесторлар да қазіргі әкімшіліктің кейбір саяси шешімдеріне тосқауыл қойылады деп үміттеніп отыр.
Ең күрт өзгеріс мұнай нарығында байқалды. Brent маркалы мұнай бір күнде 8,7 пайызға арзандап, баррелі 94 доллар 62 центке түсті. Америкалық WTI бағасы 8,3 пайыз төмендеп, 88 доллар 12 цент болды.
Нарық қатысушылары демократтар бақылауындағы Конгресс Трамптың Иранға қатысты әскери қадамдарын шектеп, келіссөзге түрткі болуы мүмкін деп үміттенеді. Алайда бұл – әзірге нарықтың болжамы ғана. Доллар да өзге негізгі валюталарға шаққанда арзандады. Reuters мәліметіне сүйенсек, оның алты жетекші валютаға қатысты құнын көрсететін индексі 0,25 пайызға төмендеді. Бір күн ішінде доллар қыркүйектің соңынан бергі ең төмен деңгейге түсті.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Осылайша қаржы нарығы саяси өзгеріске жылдам жауап берсе, жанармай құю бекеттерінде өзгеріс әлдеқайда баяу. Инфляцияның да жайын бағамдауға әзірге ертерек. Мұнайдың арзандай түссе, баға да реттеледі деген үміт бар.
Авторы: Ердана Ержанұлы
Тегтер #АҚШ #сайлау #нарық #қаржы #инвестор #конгрессPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz