RU
Толық нұсқаға өту

Ирандағы соғыс жаңа сипатта өрбуі мүмкін

05.11.2026, 07:20 46

Онсызда 8 айға созылған АҚШ пен Иран соғыс тағы қашанға дейін жалғасады? Бұл тұтас жаһан жұртын алаңдатып отырған мәселе. Кейінгі келіссөздер «нәтижелі» деп бағаланғанымен, қауіп сейілер емес.

Тіпті кей дереккөздерде АҚШ ядролық қару қолдануы мүмкін деген хабар тарады. Ал аралық сайлау өтіп жатқан кезде АҚШ-тың Парсы шығанағындығы Кешм аралына астыртын соққы жасауы неліктен?

АҚШ-тың Иранға қарсы кез келген соққысы ұзақтығы, ауқымы мен мақсаты жағынан әртүрлі болуы мүмкін. Өткен аптада Трамп «тағы бір шағын эпикалық қаһар» операциясын қарастырып жатқанын мәлімдеген еді. Алайда дәл қазіргі АҚШ-тың әскери әлеуеті ауқымды қақтығысқа дайын емес те секілді. АҚШ Конгресі зерттеу қызметінің дерегіне сүйенсек, соғыс басталғалы 81 әскери ұшақ апатқа ұшырап, зақымданған. Сондай-ақ соғыс барысында АҚШ-тың 21 әскери қызметшісі қаза тапты. Вашингтондағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының деректеріне сүйенсек, 2026 жылдың ақпаны мен шілдесі аралығында АҚШ-тың Patriot зымыран-тосқауылдарының шамамен 65 пайызын жұмсаған. Ал мұндай қару-жарақ қорын қысқа мерзімде толықтыру өте қиын.

Ал Иран билігі соғыс қайта ушыққан жағдайда бұрын-соңды болмаған деңгейде жауап қайтаратын ескертті. Иранның шабуылдары Ормуз бұғазындағы суасты кабельдерінен бастап деректерді өңдеу орталықтарын дейін қамтуы мүмкін. Иран қауіпсіздік кеңесінің басшысы Мохсен Резаи кейінгі апталарда жаңа операциялық құрылғыларды іске қосуға, жаңа майдандарды ашуға және АҚШ пен Израиль бұл қақтығыста бұрын-соңды көрмеген ауқымды операция әзірлеп жатқанын айтты. Қыркүйекте Оман теңізінде жаңа зымыранды сынақтан өткізген еді. Бұл 1200 шақырымға дейін ұша алатын, электрлі-оптикалық бағыттау жүйесі бар маневрлі оқтұмсықпен жабдықталған «Касем Басир» зымыраны.

АҚШ пен Израильдің Иран Ислам Республикасының аса маңызды инфрақұрылымына бағытталған соққылары соғыстың сипатын түбегейлі өзгертуі мүмкін. Өз кезегінде Иранның шабуылдары бұрынғыдан да қарқынды болуы ғажап емес. Бұл әрекеттер қақтығысты тежеудің орнына, жағдайды одан сайын ушықтырады.

Былтыр маусымда өткен 12 күндік соғыс кезінде АҚШ Иранның ядролық бағдарламасындағы маңызды үш нысанға соққы жасады. Фордо, Натанз, Исфахан ауқымды шабуылға ұшырады. Ендігі нысана – Пикакс тауы. Бұл Тегераннан оңтүстікке қарай шамамен 220 шақырым жерде және Натанз ядролық кешенінен шамамен 2 шақырым қашықтықта орналасқан. Кейінгі жылдары Иранның ядролық бағдарламасына қатысы бар аса маңызды жерасты нысаны ретінде халықаралық назарға ілікті. АҚШ пен Израильдің де көздегені осы жер. Халықаралық атом энергиясы агенттігі Иранда 9 тоннадан астам байытылған уран бар екенін мәлімдеген. Ал Пикакс тауы Иранның ядролық бағдарламасын қайта қалпына келтіруде маңызды рөл атқаруы мүмкін деген пікірлер бар.

Пикакс тауындағы нысанның нақты ішкі құрылымы мен ондағы жабдықтар туралы ақпарат аз. Белгілісі жерасты құрылымы кәдімгі әуе шабуылдарынан жақсы қорғалған. МАГАТЭ инспекторлары кешеннің ішіне кіріп, оның нақты жағдайын тексере алмаған. Иран өз кезегінде ядролық бағдарламасының бейбіт мақсатта жүзеге асырылып жатқанын алға тартады. Ал АҚШ Президенті Дональд Трамп Пикакс тауына соққы беретінін бірнеше мәрте айтты. Оны жою үшін АҚШ-тың әскери арсеналындағы ең қуатты бомбаны қолданатынын да ашық айтты. 

Трамптың меңзегені – «MOAB» бомбасы. Бұл қару – бомбалардың анасы деген атаумен белгілі. Салмағы шамамен – 9,5 тонна. Кәдімгі бомбалаушы ұшақтарға сыймайды. Оны баяу қозғалатын C-130 әскери-көлік ұшағымен тасымалдайды. Ядролық қару емес, бірақ өте қуатты. Басты ерекшелігі өте күшті, жойқын жарылыс толқынын тудырады. Жер үстіндегі ғимараттар мен құрылыстарға үлкен зиян келтіруі мүмкін. Бұл бомба түрі ең алғаш 2017 жылғы 13 сәуірде Ауғанстанда қолданылды.

The Wall Street Journal басылымының дерегіне сүйенсек, өткен аптада АҚШ Орталық қолбасшылығының қолбасшысы, адмирал Брэд Купер Ақ үйге барып, Трампқа қақтығыс аймағындағы жағдай туралы баяндама жасаған. Сондай-ақ кейінгі аптада CENTCOM зымыранға қарсы қорғаныс құралдары мен оқ-дәрілерді жеткізу арқылы ауқымды шабуылдарға дайындық жұмыстарын жүргізген. Ал бірер күн бұрын Ормуз бұғазындағы Кешм аралына соққы жасалды. Вашингтон мұны қорғаныс сипаттағы операция деп атады.

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz