RU
Толық нұсқаға өту

Арабтар Ираннан қайта қауіптене бастады

05.11.2026, 09:50 49

«Дубайдан жұрт жаппай кете бастады. Әуежайда артынып-тартынған жолаушы көп». Кейінгі күндері Араб түбегіндегі алып шаһарға қатысты осындай жалған ақпар тарады. Сөйтіп, дұшпандар жұртты дүрліктірді. Ал шын мәнінде ахуал қандай?

Рауан Мыңбай, тілші:

- Дубайда жұрт АҚШ, Израиль және Ираннан қайта қауіптене бастады. Өйткені аралық сайлаудан кейін Пентагон Иранға қайта шабуылдайды деген хабар тарағалы біраз болды. Бұл жақтағы америкалық сарбаздардың да бес қаруын сайлап жатқаны байқалды.

Әуе базаларына қосымша қару-жарақ және техника әкелінген. Расында жаңа жойқын шабуылға қамданып жатқандай. Осы орайда Араб елдері екі оттың ортасында қалғысы жоқ. Арағайын болып, тараптарды бітімге шақыруға көшті. Қатардың бастамашы болуымен Иранның ұсыныстары АҚШ-қа, ал Вашингтонның қарсы талаптары Тегеранға жетті. Екі жақ саудаласып, таразылайтын дүние көп. Трамп Парсы мемлекетінің байытылған уран қорын жойып не толық тартып алуды көздесе, Иран оны бейбіт мақсатта қолдануға мүдделі. Әуе базаларына қатысты мәселе де өзекті. Ислам сақшылар корпусы АҚШ-қа тиесілі әскери нысандардың араб түбегінде мүлде болмағанын қалайды.

"Сондай-ақ Ормузда бұл елдің мұнай тасымалына шектеу қойылмай, бұғатталған қаржы активтері қайтарылсын", - дейді. Онсыз ирандықтар өңірде еш тұрақсыздық болмайды деп шорт кесіп отыр. Айта кетейік, Араб түбегі шикізат өнімдерін экспорттауда біршама қиындық көреді. Су жолынан мұнай-газ бұрынғыдай ауқымды мөлшерде тасымалданбайды. Оның орнын басқа елдер өтейді. Дубайдағы қауіпсіздікке келсек, ахуал қалыпты. Кейінгі кезде әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаларға қарағанда алып шаһардан жұрт жаппай көшіп жатқан тәрізді. Шын мәнінде жағдай дәл солай деуге келмейді. Тек туристер саны азайғаны болмаса, тұрғындардың тыныс-тіршілігі қалыпты. Әуежайлар тұрақты жұмыс істеп тұр.

Авторы: Рауан Мыңбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz