Қазақстандық ғалымдар Еуропадағы ірі ғылыми орталықтардың бірінде зерттеу жүргізеді. Женевада Қазақстан мен еуропалық ядролық зерттеулер ұйымы ғылыми тағылымдамалар туралы хаттамаға қол қойды.
Енді отандық мамандар біліктілігін арттырумен қатар халықаралық ғылыми жобаларға қатыса алады.
Жаңа хаттама – бірнеше жылға созылған келіссөздің нәтижесі. Ол Қазақстан мен CERN арасында 2018 жылы жасалған ынтымақтастық туралы келісімді толықтырады. Енді отандық ғалымдар осы орталықта тұрақты түрде тағылымдамадан өте алады. Оны Халықаралық бағдарламалар орталығы арқылы ұйымдастыру көзделген.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- «Болашақ» бағдарламасы аясында 20 арнайы стипендия жыл сайын бөлінетін болды. Енді біз жылына кемінде 10-15 ең мықты зерттеушілерімізді Ұлттық ядролық орталықтан, Ядролық физика институтынан, ең мықты жетекші университеттерімізден, зерттеу институттарымыздан жіберіп тұрамыз. Екіншіден, енді Церн-мен біздің индустриялық компаниялар да тікелей жұмыс істей алады. Үшінші, одан да маңызды жағдай, енді кейбір зерханаларамыз, жоғары оқу орындарымыз, кейбір тапсырмаларды, бірлескен зерттеулерді, сол ЦЕРНде орналысқан жетекші жұмыс топтармен бірге жасайды.
Урсула Басслер, CERN ұйымының Серіктестермен байланыс жөніндегі директоры:
- Қазір Қазақстанның CERN жұмысына қатысуы жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Елде ғылымға ынталы, қабілетті жастар көп. Сондықтан біз қазақстандық мамандарды даярлауға атсалысуға мүдделіміз. Университеттермен, өнеркәсіптік кәсіпорындармен бірлесіп жұмыс істегіміз келеді.
CERN-дегі ең танымал қондырғы – Үлкен адрон коллайдері. Мұнда протондарды жарық жылдамдығына жуық жылдамдықпен соғыстырып, пайда болған бөлшектерді зерттейді. Қазір ол жаңғырту жұмыстарына байланысты тоқтатылған. Бұл бізге 100 метр тереңдікке түсіп, зерттеу қондырғыларын көруге мүмкіндік берді.
Айдана Айтбекқызы, тілші:
- Бұл Үлкен адрон коллайдерінің төрт негізгі детекторының бірі – LHCb детекторы. Салмағы 6 мың тоннаға жуық бұл алып қондырғы протондар соқтығысқанда пайда болатын бөлшектерді тіркейді. Оларды зерттеу арқылы физиктер қазіргі ғылымдағы ең үлкен жұмбақтардың біріне жауап іздейді. Яғни біздің ғалам неге негізінен материядан тұрады, антиматерия өте аз деген сауал төңірегінде толғанады.
CERN-нің ғылыми қондырғыларын жасауға Қазақстан да үлес қосып келеді. Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыты мұнда бериллий металын жеткізсе, алматылық инженерлер бөлшектердің энергиясын өлшеуге көмектесетін арнайы металл блоктар әзірледі. Қазір Қазақстанның Ядролық физика институтының ғалымдары CERN-дегі түрлі халықаралық тәжірибелерге қатысып жүр.
Ержан Мұхамеджанов, ҚР Ядролық физика институтының жетекші ғылыми қызметкері:
- Қазіргі таңда біздің институтымыздан жиырмаға жуық адам ЦЕРН-нің түрлі эксперименттеріне қатысып отыр. Атап айтқанда, N626, SHiP, DRD-1 және LHCb эксперимент. CMS экспериментінде біздің институт тек қана детекторлық зерттеулер ғана емес, институтымызда үлкен дата-центр құруға, сол дата центр CERN-нің таратылған жүйесіне қосылады және де өз үлесін қосады.
Қазақстан алдағы уақытта CERN-нің қауымдастырылған мүшесі болуға ниетті. Саясат Нұрбектің айтуынша, бұл бағыттағы дайындық жақын арада басталады. Әзірге әріптестік ғылыми тағылымдамалар, бірлескен зерттеулер және отандық кәсіпорындардың осы орталыққа қажетті құрал-жабдықтарды әзірлеуге қатысуы арқылы кеңеймек.
Авторлары: Айдана Айтбеққызы, Руслан Өміржан
Тегтер #тағылымдама #ғалым #CERN #Еуропа #Қазақстан #ЖеневаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz