RU
Толық нұсқаға өту

Еуропада ұшақ билеті қымбаттайды

05.11.2026, 20:21 42

Келер жылы әлемдік авиация саласы шығынға ұшырауы мүмкін.

Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан әуе отыны қымбаттап барады. Салдарынан тасымалдаушылар бағыттарын қайта қарап, шығынды қысқартуға мәжбүр. Тіпті жыл соңына дейін ұшақ билеттері қымбаттайды деген болжам бар.

Кәрі құрлықта керосин қымбаттап, жолаушы азайып жатыр. Енді Еуропада ұшақ билеттері 20 пайыз қымбаттауы мүмкін. Ирландиялық Ryanair әуе компаниясы авиациялық отын бағасының күрт өсуіне байланысты шұғыл, әрі ауқымды қысқарту шараларын қолға алды. Бірлестіктің қосымша шығындары 2 миллиард 200 миллион долларға таяған. Осыған байланысты әуежайлармен жасалған келісімдерді қайта қарап, қызметкерлердің жалақысын өсіруді уақытша тоқтату және экипаж жұмысын оңтайландыру көзделіп отыр. Сондай-ақ компания шығындарды азайтып, жұмыс тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын енгізуге ниетті.

Майкл Кевин О’Лири, Ryanair компаниясының бас директоры:

- Бізде жалпы Еуропаның өзге де әуе компанияларында бұған дейін жанармайға қатысты баға тәуекелін басқару бойынша келісімдер болды. Таяу Шығыста қақтығыстар басталған сәтте-ақ біз келесі жылдың наурызына дейін жанармайға қажеттілігіміздің 80 пайызын сақтандырдық. Ал 2027 жылдың сәуірінен бастап мұндай тетіктер болмайды. Сондықтан әуе компанияларының барлығы мұнайды аса қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр болады. Мәселен, бүгінде авиациялық отынның споттық құны барреліне 140-150 доллар. Бұл алдын ала бекітілген бағадан екі еседен астам жоғары.

Енді Ryanair әуе тасымалдаушысы бағыттар желісін кеңейту арқылы жолаушылар ағынын арттыруды көздеп отыр. О'Лиридің айтуынша, компания жанармайға салынатын салық мөлшері жоғары аймақтардағы әуежайлармен келісімді тоқтатып, алымы төмен қалаларға басымдық бермек. Сондай-ақ ұшақтар паркін толықтыру, атап айтқанда, АҚШ-та жасалған Boeing 737 MAX 10 ұшағын 2027 жылдан бастап сатып алу жоспарланып отыр. Компания 2034 жылға қарай жыл сайынғы жолаушылар санын 200 миллионнан 300 миллионға дейін жеткізуге ниетті. 

Ал Германияның Lufthansa әуе компаниясы авиациялық отынның қымбаттауына қарамастан тоқсандық түсім бойынша тарихи рекорд орнатты. Шілде мен қыркүйек аралығында әуе тасымалдаушысының кірісі 9 пайыз өсіп, 12 миллиард 240 миллион еуроға жетті. Ал таза пайдасы 1,5 миллиард еуроға жуықтады. Табыстың басым бөлігін жүк тасымалы бөлімшелерінің кірісі құрайды. Бірлестік шығындарды азайту мақсатында сұранысы төмен, тиімсіз рейстерді қысқартып, шығынға батқан еншілес компанияның бірін жауып тастаған. Нәтижесінде 40 мың тонна отын үнемделген. Бағыттар желісін кеңейту үшін Lufthansa португалиялық TAP әуе компаниясын сатып алуға ниетті. Мәміленің құны 1 миллиард 250 миллион еуро деп бағаланып отыр. Бұл келісім Еуропа, Бразилия, Солтүстік Америка және Африканың португал тілінде сөйлейтін елдер арасындағы әуе қатынасын нығайтуға мүмкіндік береді. Лиссабон қаласын топтың ірі әуе хабтарының біріне айналдыру көзделген.

Луиш Монтенегру, Португалия премьер-министрі:

- Lufthansa Group компаниясының ұсынысы басқа бірлестіктердің ұсыныстарынан 16 пайызға жоғары болды. Бұл компанияның болашағы үшін ең тиімді шешім әрі ұлттық мүддемізді барынша қорғайтын таңдау. Мемлекет акциялардың бақылау пакетін, яғни 50,1 пайыз үлесін сақтап қалады. Осылайша компанияны бақылау құқығын өзінде қалдырып, аталған үлестің болашақта құны артқан жағдайда одан түсетін пайданы да иеленеді.

Әлемдегі ең ірі әуе тасымалдаушылардың бірі, арабтың Emirates компаниясының таза пайдасы да алғашқы жартыжылдықта 66 пайызға төмендеді. Шығындардың өсуіне жанармай бағасының қымбаттауы ғана емес, жалпы аймақтағы қарулы қақтығыстарға байланысты рейстердің тоқтатылуы да әсер еткен. Американдық ірі әуе компаниялары да қаржылық тоқсанды шығынмен аяқтағанын мәлімдеп отыр. АҚШ-та әуе керосинінің бір галлоны 2 доллардан 4,5 долларға дейін, яғни екі еседен астам өсті. Бұл туралы Trading Economics басылымының деректерінде көрсетілген. Болжам бойынша келер жылы жолаушылар үшін әуе сапарлары қымбатқа түсуі мүмкін. Өйткені жанармай бағасының өсуіне байланысты қосымша шығындар билет құнына да әсер ететіні анық, дейді мамандар. 

Авторы Нұрбике Жігер

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz