Жасанды интеллект адам өмірін жеңілдете ме, әлде жаңа қауіп әкеле ме? Кей елдер оқушыларды ЖИ-ден қорғауға тырысып жатыр. Енді бірінде ақпарат құралдары зардабын тартып отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Тіпті технологияны жасаушылардың өзі жасанды интеллектінің шексіз дамып бара жатқанына алаңдай бастады.
Google компаниясы бастауыш және орта мектеп оқушыларының аккаунттарындағы Gemini чат-боты мен бірқатар жасанды интеллект құралын өшіруге шешім қабылдады. Бұған The Wall Street Journal басылымының зерттеуі түрткі болды. Оған 60-тан астам мұғалім, ата-ана, оқушы және медицина маманы қатысқан. Журналистер кейбір оқушылардың жасанды интеллектіге сабақ барысында ғана емес, эмоциялық тұрғыдан да тәуелді бола бастағанын анықтаған. Тіпті Google зерттеушілерінің өздері де технологияның балалардың ойлау қабілеті мен эмоциялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін екенін ескерткен. АҚШ-тың Пенсильвания штатында сегізінші сынып оқушысы Ричард Скотт жасанды интеллектіге шамадан тыс сеніп, оқу үлгерімін төмендетіп алған. Салдарынан бұрын математикадан жақсы оқыған бала қорытынды емтиханнан өте алмай қалған екен.
Джош Голин, Fairplay ұйымының атқарушы директоры:
– Google-дың мектептерді жасанды интеллект өнімдерін пайдалануға мәжбүрлеу әрекеті компанияның өзіне кері әсер етуі мүмкін. Оның технологиялары оқу орындарында білім беруді дамытуға емес, балалардың компания өнімдеріне өмір бойы адал болуын қалыптастыруға бағытталған. Жасанды интеллект балалар үшін қауіпсіз емес, білім беру үдерісі мен сыни ойлау қабілетіне кері әсер етеді. Сондықтан мектептерде Google-дың ЖИ құралдарын өшіру қажет.
Жалпы жасанды интеллект төңірегіндегі дау білім саласымен шектелмейді. Түркия Google компаниясына қатысты антимонополиялық тергеу бастады. Мәселе іздеу жүйесінің ақпаратты ұсыну тәсілінде. Бұрын пайдаланушы жаңалықты оқу үшін ақпарат құралының сайтына кіретін. Қазір Google жасанды интеллект көмегімен бірнеше дереккөздегі мәліметті біріктіріп, дайын жауап ұсынады. Салдарынан оқырман бастапқы сайтқа мүлде өтпеуі мүмкін. Бұл редакциялардың жарнамадан түсетін табысына қауіп төндіре бастады. Түркияның бәсекелестікті қорғау органы Google-дан баспагерлерге тең жағдай жасауды және олардың материалдарын пайдалануда экономикалық құнын ескеруін талап етті.
Технологияны әзірлеушілердің өздері де жасанды интеллектінің мүмкіндігін шектеуге кірісті. OpenAI компаниясы 29 қазанда Model Spec деп аталатын ережелер жинағын жаңартты. Құжатта қауіпсіздік, шынайылық, ашықтық және адамның шешім қабылдау еркіндігі басты қағидалар ретінде көрсетілген. Мәселен, чат-бот пайдаланушының кез келген пікірімен келісе бермеуі керек. Қате ақпаратты растаудың орнына оны түзетуге және күмәнді тұстарды ашық айтуы тиіс. Ал қауіпті өтініштерге шектеу қойылмақ. Сондай-ақ 13 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдермен қосымша қауіпсіздік талаптары қарастырылды. Осылайша басты мақсат – ЖИ-нің адамға тигізетін зиянын барынша азайту.
«Модельдеріміз нұсқауларды жай ғана сөзбе-сөз орындаумен шектелмей, ақылды шешімдер қабылдай бастауы көп назар аудартып отыр. Жасанды интеллект жүйелері дұрыс әрекет етіп, адамның ниеті мен құндылықтарын түсінуі қажет. Ол адамның мақсатына сай әрекет етуі тиіс», – OpenAI компаниясы.
Ал Claude жасанды интеллект жүйесін жасаған Anthropic компаниясы қызықты дерекпен бөлісті. Компанияның мәліметінше, биыл мамыр айында өздерінің бағдарламалық жүйесіне енгізген кодтың 80 пайыздан астамын Claude жасанды интеллектінің өзі жазған. Ал инженерлер оған қандай тапсырма орындау керегін түсіндіріп, дайын жұмысты тексерген. Яғни жасанды интеллект енді тек адамның тапсырмасын орындап қана қоймай, жаңа технологияларды жасауға да белсенді араласа бастады. «Болашақта ол өз жұмысын өзі жетілдіруге қатысуы мүмкін», – дейді мамандар. Дегенмен әзірге жасанды интеллект толықтай өздігінен дамып, жаңа модель жасай алатын деңгейге жеткен жоқ. Мамандарды алаңдататыны да осы: технология тым жылдам дамып, оны бақылау қиындап кетуі мүмкін.
Осылайша, әлемде жасанды интеллект төңірегіндегі бәсеке жаңа сипат алып келеді. Бұрын компаниялар кімнің технологиясы қуатты екенін дәлелдеуге тырысса, енді оның салдарына кім жауап беретіні маңызды мәселеге айналып отыр. Мектептер оқушыларды қорғау, ақпарат құралдары өз еңбегінің құнын сақтау, ал әзірлеушілер алгоритмдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етіп отыр. Демек, жасанды интеллектінің мүмкіндігі кеңейген сайын, оны бақылау қажеттілігі де арта түспек.
Авторы: Арайлым Жақсылыққызы
Тегтер #24KZ #шартарап #жасанды интеллект #Google #қауіп #мүмкіндікPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz