RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ-та жолақты алабұға саны азайды

07.11.2026, 10:36 47

АҚШ-тың шығыс жағалауында жолақты алабұға саны азайып барады, деп хабарлайды 24KZ.

Сегіз жылда балықтың негізгі көбею аймағында жаңа ұрпақтың өсімі төмендеген. Бұған шамадан тыс аулау мен судың жылынуы әсер етіп отыр. Мамандар маңызы зор балық түрін сақтап қалу үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет екенін ескертеді.

АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы балық аулаудың танымал орталығы саналатын Монтокта жолақты алабұға саны азайып барады. Балықшылар бұрын жағалауға үйірімен жақындайтын балық қазір сирек кездесетінін айтады.

Билл Ветцель, балық аулау жөніндегі гид:

- Балық қоры айтарлықтай азайды. Тіпті жойылып кетуге шақ тұрғандай әсер қалдырады. Бұрын олар солтүстікте де, оңтүстікте де қаптап жүретін. Ал кейінгі төрт жылда балықтардың су бетіне шығып, қорекке таласқанын бірде-бір рет көрмедім.

Мамандардың мәліметінше, Чесапик шығанағында жолақты алабұға сегіз жыл қатарынан көбеймеген. Мұны қолайлы жағдайдың жоқтығымен түсіндіреді. Мәселен, судың жылынуы, табиғи жағдайдың өзгеруі және итбалық пен акула сияқты жыртқыштардың артуы алабұғаның өсіп-өну аумағын тарылтып, кері әсер еткен.

Бет Версак, табиғи ресурстар департаментінің маманы:

- Қорды басқару тұрғысынан бұл балық шамадан тыс ауланған деп есептеледі. Дегенмен, ересек балықтар әлі де жеткілікті. Мәселе олардың көбеюінде болып тұр. Жаңа ұрпақтың өсіп жетілуі үшін табиғи жағдайлардың барлығы бір мезгілде қолайлы болуы керек.

Билл Якоб, Монток балықшылар қауымдастығының президенті:

- Мен коммерциялық кемелерде жұмыс істедім. Монтоктағы туристік және жалдамалы балық аулау кемелерінде жиырма жылдан астам еңбек еттім. Сондықтан балық қорының азайып бара жатқанын білемін. Бірақ балық аулау қанымызға сіңген кәсіп, біздің өміріміздің ажырамас бөлігі.

Енді балықшылар мен ғалымдардың алдында ортақ міндет тұр. Ол Атлант мұхиты жағалауындағы маңызы зор жолақты алабұғаның қорын қалпына келтіру. Мамандардың пайымынша, бұл үшін балық аулауды шектеп, оның табиғи көбеюіне қолайлы жағдай жасау қажет.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz