Ирак Таяу Шығыстағы қақтығыстардан 60 млрд доллар шығынға ұшырады, деп хабарлайды 24KZ.
Әсіресе мұнай экспортының тоқтауы ел экономикасына ауыр соққы болды. Енді АҚШ Бағдадтан Иранмен шекарадағы өткізу бекеттерінің басым бөлігін жабуды талап етіп отыр. Бұл Ирактың құрлықтағы саудасына да кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан билік мұнайды тасымалдаудың балама жолдарын іздестіріп жатыр.
Ирак Парсы шығанағындағы шиеленістің күшеюінен ең көп зардап шеккен елдердің біріне айналды. Бұл ел әлемдік мұнай нарығында маңызды орын алады. ОПЕК құрамында өндіріс көлемі жағынан екінші орында тұр. Дағдарысқа дейін Ирак Ормуз бұғазы арқылы тәулігіне 3,5 млн баррель мұнай экспорттаған. Алайда өткелдің жабылуы ел экономикасына ауыр соққы болды. Экспорт көлемі 97%-ға қысқарып, тәуліктік өндіріс 1 млн баррельге дейін төмендеді. Енді АҚШ-тың Иранмен шекарадағы өткізу бекеттерін жабу туралы талабы үкіметті тіпті алаңдатып отыр.
Фуад Хусейн, Ирак Сыртқы істер министрі:
- АҚШ Қаржы министрлігі бізге Иранмен шекарадағы екі бекеттен басқасының барлығын жабуды ұсынды. Бұл ұсыныстың егжей-тегжейін әзірге талқылаған жоқпыз. Аталған шара Иранға бағытталғанымен оның салдары Иракқа да әсер етеді. Мұндай шектеу сауда айналымына нұқсан келтіріп, экономикамыздың дамуын тежейді. Сол себепті қазір Вашингтонмен келіссөздерді жалғастырып жатырмыз.
Ирак Ормуз бұғазына тәуелділікті азайту үшін Сирия арқылы мұнай экспорттауды жоспарлап отыр. Bloomberg мәліметіне сәйкес, Бағдад Жерорта теңізіндегі Банияс портына шикізат жеткізуді қайта бастауды көздейді. Ол үшін бұрынғы Киркук–Банияс мұнай желісін қалпына келтіру қарастырылуда. Алайда ол соғыс жылдарында қатты зақымданып, шамамен 50 жыл бойы пайдаланылмаған. Бұдан бөлек, Сирия арқылы жаңа мұнай құбырын салу жоспары да бар. Оның өткізу қуаты тәулігіне 1 млн баррельге жуық болады деп жоспарланып отыр. Жобаның құны 15 млрд долларға бағаланған.
Ахмед Куббаджи, Сирия мұнай компаниясының вице-президенті:
- Ормуз бұғазы жабылғаннан кейін Сирия отын тасымалының негізгі дәлізіне айналды. Енді Ирактан Сирия арқылы теңізге дейін мұнай құбырын салуды жоспарлап отырмыз. Бұл уақытша шешім емес, ұзақ мерзімді стратегия.
Ирак Ормуз бұғазына балама ретінде Түркия бағытын да қарастырып отыр. Бұл бағыт Киркук-Джейхан мұнай құбыры арқылы өтеді. Ол Ирактың солтүстігін Түркияның Жерорта теңізі жағалауымен байланыстырады. 2023 жылғы жер сілкінісінен құбыр зақымданған еді. Кейін оның жұмысы қайта жанданды. Тамызда екі ел құбырды пайдалану туралы келісімді тағы бір жылға ұзартты. Енді Ирак бұл бағыт арқылы тәулігіне 750 мың баррельге дейін шикізат жөнелтуді көздейді.
ЦИТАТА:
Зияд әл-Хашими, энергетика саласы бойынша сарапшы
Джейхан портынан мұнай Еуропа, Солтүстік Африка және Америка нарықтарына жөнелтіледі. Қазір Түркия құбыры арқылы тәулігіне 200-230 мың баррель қара алтын тасымалданады. Анкарамен жасалған жаңа энергетикалық келісім аясында бұл көлемді 700 мың баррельге, ал болашақта 1 млн баррельге дейін арттырмақпыз.
Ирак мұнай экспортын әртараптандыру үшін Қызыл теңізге шығатын жаңа бағыттарды да қарастырып жатыр. Мәселе бойынша Бағдад Иордания және Мысырмен келіссөз жүргізді. Тараптар жаңа логистикалық дәліздер құруды талқылады. Соның бірі Ирактың Хадиса қаласын Иорданиядағы Ақаба теңіз портымен байланыстыру. Алайда мұндай жобаларды жүзеге асыруға қомақты қаржы мен бірнеше жыл қажет. Бұған елдегі саяси тұрақсыздық пен қауіпсіздік мәселелері де кедергі келтіруі мүмкін. Десек те, ел мұнай өндірісін алдағы алты жылда тәулігіне 10 млн баррельге дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Тегтер #Ирак #Ормуз бұғазы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz