RU
Толық нұсқаға өту

Газада азық-түлік тапшылығы күшейді

10.11.2026, 14:30 49

Қазір Газа секторында ауа температурасы орта есеппен 20 градусты көрсетіп тұр. Алайда кез келген уақытта күн суытып, нөсер жауын басталуы мүмкін, деп хабарлайды 24KZ.

Халықаралық сарапшылардың айтуынша, қыс келе не баспанасыз, не ас-сусыз қалған халықтың жағдайы одан әрі қиындай түседі. Гуманитарлық көмек неге жеткіліксіз? Палестиналықтар қыстан қалай шықпақ?

Қыс тақаған сайын Газа секторында жауын-шашын жиілеп, бірқатар аумақты су басу қаупі күшейді. Өткен аптада нөсер жауын салдарынан 5 адам опат болды. Олардың төртеуі – бала. Қазір 950 мыңнан астам палестиналық су басу қаупі жоғары аймақтарда тұрып жатыр. Толассыз жауын мен қатты жел шатырларды қиратып, төсек-орын, киім-кешек пен күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды бүлдірген. БҰҰ-ның Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасы қазан айындағы жағдайға қатысты жаңа есеп жариялап, дабыл қағып отыр. Ұйымның мәліметінше, Газа секторында бүліну, не құлау қаупі бар 4 мыңнан аса ғимарат анықталған. Олардың 2 300-ден астамында әлі де 44 мыңға жуық адам тұрып жатыр. Тұрғындар қауіпсіз жерге көше алмайды. Өйткені далада шатыр тігуден басқа амал жоқ.

Рамиз Алакбаров, БҰҰ Таяу Шығыстағы арнайы өкілі:

– Қыс мезгілі жақындаған сайын уақыттың тығыз екенін сезініп отырмыз. Болжам бойынша, 950 мың адам су басу қаупі жоғары аймақтарда тұрып жатыр. Халық паналап отырған 4 мыңнан астам ғимарат бүлінген, кез келген уақытта төбелері опырылып құлап түсуі мүмкін. Қазір жергілікті тұрғындармен бірлесіп, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін мұндай ғимараттардан адамдарды көшіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Алайда баспана тапшылығына байланысты отбасылардың көпшілігіне шатырдан басқа барар жер қалмай отыр.

Әл-Мұғрақа ауданындағы тұрғындардың айтуынша, шатырлардың бағасы екі есе қымбаттаған. БҰҰ, халықаралық гуманитарлық ұйымдар, донор елдер мен серіктестердің қатысуымен жүргізілген қысқа дайындық бағдарламасы аясында Газа секторына 91 мыңнан астам шатыр жеткізілген. Сонымен қатар су өткізбейтін жабын, көрпе, қысқы киім-кешек және кәріз жүйелері мен ауруханаларға қажетті жабдықтар жөнелтілді. Алайда гуманитарлық көмекті жолдау мәселесі әлі де күрделі. Израиль әскері мен Бас штаб басқармасы мақұлдаған 850-ден астам өтінімнің шамамен жартысы орындалмай келеді. Израиль тарапының мәліметінше, халықаралық ұйымдар жабдықтарды Газаға әлі жеткізбеген. Бұған логистикалық және қаржылық қиындықтар себеп, дейді. Қазір Израиль енгізген шектеулерге байланысты мотор майлары, қосалқы бөлшектер, генераторлар, ауыр техника және арнайы жабдықтарды жеткізу де шектеліп отыр.

Стефан Дюжаррик, БҰҰ өкілі:

– Газа бойынша бейбіт жоспарды БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мақұлдады. Біз қатысушы барлық тарап оның жүзеге асырылуына жәрдемдесетініне нық сенімдіміз. Бұл – Палестина мен Израильдің бейбіт тұрғындарының алдындағы жауапкершілік. Әріптестеріміз күн сайын өз өмірлерін қатерге тігіп, гуманитарлық көмекті мұқтаж жандарға жеткізуге тырысып жүр. Енді Израиль бізге Газаға гуманитарлық көмекті бұрынғыдан да көп көлемде жеткізуге мүмкіндік беруі тиіс. Бұл мәселе бұған дейін бірнеше рет талқыланды.

Қыс қарсаңында тұрғындар азық-түліктен де қағылып отыр. БҰҰ дерегінше, өңір халқының үштен екісі ас-суға мұқтаж. Қаржы тапшылығына байланысты БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы Газа секторы тұрғындарына көрсетілетін ай сайынғы көмекті қысқартты. Салдарынан енді 1,1 миллион палестиналық қана тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұл – Газа халқының шамамен жартысы. Бұған дейін Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы ай сайын 1,8 миллион адамға көмек көрсетіп келген. Оның көлемі ғана қысқарқартылып қоймай, әр отбасыға берілетін мөлшері де азайтылды. Енді азық-түлік отбасыларға бұрынғыдай екі рет емес, бір рет қана үлестіріледі. Ұн көлемі де азайған. Ал 75 мың отбасыға берілетін ақшалай көмек 400 доллардан 240 долларға дейін қысқартылады.

Карл Скау, БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы атқарушы директорының міндетін атқарушы:

– Қазір Газа тұрғындарының үштен екісі өткір азық-түлік тапшылығын сезініп отыр. Қыс маусымына аяқ басқан тұста гуманитарлық көмек көлемі де қысқарып жатыр. Енді 500 мың адам, яғни жарты миллионға жуық тұрғын біздің көмегімізден қағылуы мүмкін. Мұның басты себебі – қаржы тапшылығы. Біз әлем елдеріне үндеу жасағымыз келеді. Дәл қазір сырт айналатын уақыт емес. Керісінше, қолдауды арттырып, қалпына келтіру жұмыстарын жеделдету үшін күш-жігерді еселеу қажет.

Апта басында халықаралық басылымдар АҚШ президенті Дональд Трамптың Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды Газаға қатысты бейбіт жоспарды жүзеге асыруға шақырғанын хабарлаған еді. Мәліметтерге қарағанда, телефон арқылы сөйлесу кезінде Трамп Израиль үкіметінен келісілген жоспарды іске асыруға кірісуді күтіп отырғанын жеткізген. Бұған дейін Нетаньяху ХАМАС толық қарусызданбайынша, Израиль әскерін Газа секторынан шығаруға қарсы екенін мәлімдеген болатын. Израиль үкіметінің аумақтардағы қызметін үйлестіру басқармасы да ХАМАС талапты орындамайынша, ауыр техника мен қалпына келтіруге қажетті құрылыс материалдарын Газаға кіргізуге рұқсат берілмейтінін айтқан. Израиль тарапы: «Қозғалысты гуманитарлық көмекті өз мүддесіне пайдаланып отыр», - дейді. Ал ХАМАС бұл айыптауларды жоққа шығарып отыр. Осылайша, Газа секторында қысқа дайындық жұмыстары жалғасқанымен, баспана, азық-түлік пен медициналық көмекке деген қажеттілік әлі де жоғары. Ал қаржы тапшылығы мен жүк тасымалына қойылған шектеулер жағдайды одан әрі күрделендіріп отыр. Күн суытып, қар түскенше гуманитарлық көмекті жеткізу мәселесі шешілмесе, миллиондаған адамның өмірі мен денсаулығына төнген қауіп одан әрі күшейе түсуі мүмкін.

Авторы: Нұрбике Жігер

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz