Эль-Ниньо климаттық құбылыс жаһандық жылыну үдерісін одан әрі жеделдетіп, әлемдегі температураның жаңа рекордтарын тіркеу қаупін күшейтті, деп хабарлайды 24KZ.
Мұхит суының жылынуынан аптап ыстықты, құрғақшылық пен нөсер жауындар жиіледі. Мамандар алдағы жылдары климаттық өзгерістердің салдары одан әрі ауырлауы мүмкін деп ескертеді.
Соңғы 12 жылдың барлығы метеорологиялық бақылау тарихындағы ең ыстық жылдардың қатарына енді. Соның ішінде соңғы төрт жылда ауа температурасы тіпті жоғарылап, аптап ыстық жиіледі. Бұл туралы Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым соңғы баяндамасында жариялады. Халықаралық құрылым дерегінше, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Жер бетіндегі орташа жаһандық температура индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 1,47 градусқа көтерілген. Сарапшылар: «Жыл соңына қарай бұл көрсеткіштің одан әрі өсуі мүмкін», – дейді. Бұған Эль-Ниньо климаттық құбылыстың күшеюі әсер етпек.
«Біз климаттық экстремалды құбылыстардың жаңа дәуіріне аяқ бастық. Эль-Ниньо құбылысының әсерінен климаттық көрсеткіштер бойынша рекордтар жаңарып, табиғи апаттардың жиілігі артты. Әлем көшбасшылары осыған байланысты парниктік газдар шығарындыларын қысқартуды жеделдетіп, қазба отындарынан біртіндеп бас тартуы тиіс. Климаттық өзгерістерге осал елдерді қажетті қаржыландырумен және қорғаныс шараларымен қамтамасыз етуіміз керек», – Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы.
Климаттық өзгерістер мұхиттарға да айтарлықтай ықпал етті. Өйткені Жердің энергетикалық тепе-теңдігі бұзылып, ғаламшар бұрын-соңды болмаған жылу көлемін жинап алған. Салдарынан Жер бетіндегі жылудың шамамен 90 пайызы мұхиттарға сіңіп жатыр. Оны мұздықтардың жаппай еруі мен теңіз деңгейінің көтерілуінен анық байқауға болады. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым дерегі бойынша, бір жылда жоғалған мұз мөлшері әр секунд сайын бес олимпиадалық бассейнді толтыруға жетер еді. Ал 2014 жылдан бері тұщы су қорының азаюы ауызсу қауіпсіздігіне, ауыл шаруашылығына және экожүйелердің тұрақтылығына төнген қатерді одан әрі күшейте түсірді.
Саймон Стилл, БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі атқарушы хатшысы:
– Климаттық жағдайдың ушығуы бізді алға қарай шұғыл әрі батыл қадам жасауға ынталандыруы керек. Жаһандық жылыну қазірдің өзінде Жер бетіне зиянын тигізуде. Қуатты Эль-Ниньо құбылысынан қуаңшылық пен су тасқыны сияқты табиғи апаттар жаһандық экономикаға көп шығын келтіруде. Әсіресе оның ең ауыр зардабын осал елдер тартып жатыр.
Иә, жаһандық жылыну экологиялық мәселе шеңберінен шығып, адамзаттың қауіпсіздігіне, су ресурстарына және экономикалық тұрақтылыққа тікелей әсер ететін үлкен мәселеге айналды. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның бас хатшысы Селест Саулоның айтуынша, әлемде жиілеген аптап ыстық, тропикалық циклондар мен нөсер жауындар мамандардың болжамынан әлдеқайда жиі болып жатыр. Нәтижесінде биыл жүздеген миллион адам табиғат апаттарының зардабын тартты.
Селесте Сауло, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның бас хатшысы:
– Эль-Ниньо құбылысының әсерінен 2026 жылы температураның одан әрі көтерілгенін байқадық. Егер 2024 жыл бақылау тарихындағы ең ыстық жыл болса, 2027 жылы тағы бір температуралық рекордқа дайын болуымыз керек.
Бір ғана аптап ыстықтан биыл Еуропада 50 мыңнан астам адам қайтыс болды. Зерттеулерге қарағанда, өлім-жітімнің үштен екісі тікелей жоғары температурамен байланысты. Ең көп зардап шеккендер – 85 жастан асқан қарттар. Зерттеу 854 еуропалық қаланың деректеріне негізделген. Қайтыс болғандардың көбі Италия, Франция, Испания, Германия және Ұлыбритания тұрғындары.
Крис Боуэн, COP31 келіссөздерінің төрағасы:
– Непалдағы мұздықтардың еріп, опырылуы, Еуропада аптап ыстықтан өлім-жітімнің артуы климаттық өзгерістердің нақты көрінісі. Бұл болашақтың болжамы емес, миллиардтаған адамның күнделікті өміріндегі шындыққа айналды. Оның салдары барған сайын күрделене түсуде. Температураның әрбір градусқа көтерілуі мен әрбір кешіккен әрекет адам өміріне, қоғамға, экономикаға және қоршаған ортаға төнетін қатерді арттырады.
Мамандар: «Климаттық апат кезінде тұрғындар үшін ерте ескерту жүйелерін дамыту маңызды», - дейді. 2015 жылы мұндай жүйелердің бар екенін хабарлаған мемлекеттердің саны 56 болса, былтыр олардың қатары 136-ға жетті. Ал Тынық мұхиты елдерінің өкілдері АҚШ-ты жаһандық жылынуды шектеу жөніндегі халықаралық әрекетті қолдауға шақырып отыр. Олардың айтуынша, АҚШ климаттық саясатта үлкен жауапкершілік алып, белсенділік танытуы тиіс.
Тегтер #24KZ #Жаһандық жылыну #шартарап #экологиялық ахуалPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz