RU
Толық нұсқаға өту

Климаттың өзгеруінен Түркия шаруалары шығынға батты

11.11.2026, 10:00 44

Климаттың өзгеруі себепті Түркия шаруалары егіп жүрген дақыл түрін алмастыруға мәжбүр.

Өйткені бірі құрғақшылықтан зардап шексе, енді бірінің жерін су басқан. Оның үстіне суару және жанармай құнының өсуі жағдайды одан әрі қиындатты.

Осының салдарынан мақта алқаптары қысқарды. Шаруалар енді бидай мен күнбағыс өсіруге көшіп жатыр. 

Түркияның батысындағы Сёке өңірінде фермерлер жылдар бойы мақта өсіріп келген алқаптарға енді бидай мен күнбағыс егуге көшті. Бұған климаттың құбылуы, су тапшылығы мен өндіріс шығындарының күрт өсуі себеп. Бір жылы құрғақшылықтан егін күйсе, келесі жылы су тасқыны алқаптарды шайып кеткен. Осындай тұрақсыздық шаруаларды тығырыққа тіреді.

Мехмет Кабак, фермер:

«Үш жыл бұрын өңірде құрғақшылық болып, судың жетіспеуінен толық өнім жинай алмадық. Ал биыл жыл басында керісінше су тасқыны жүріп, егініміз түгел дерлік су астында қалды. Қазір топырақтың ерекшелігіне байланысты мақтаға басымдық берілгенімен, алдағы уақытта бидай мен күнбағыс өсіруге көбірек көңіл бөлетін шығармыз». 

Алайда егін түрін өзгерту мәселені толық шешпейді. Мәселен, суару, жанармай мен тыңайтқыш бағасының қымбаттауы шаруалардың шығынын арттырып отыр. Салдарынан Сөке өңіріндегі мақта алқаптарының көлемі соңғы жылдары шамамен 60 пайызға қысқарды. Ал фермерлердің бір бөлігі күнкөріс үшін банк несиесіне тәуелді болып отыр.

Мустафа Таньери, аудандық ауыл шаруашылығы палатасының төрағасы:

«Соңғы 4–5 жылда шаруалар пайда таба алмай келеді. Қарызымыз көбейіп барады. Бұрын банктер мен ауыл шаруашылығы кооперативтерінің несиесімен күн көретінбіз. Бірақ соңғы екі жылда бұл да жеткіліксіз. Сондықтан жеке банктерден де қарыз алуға мәжбүр болдық».

Ендігі міндет – суды үнемдеп пайдаланатын технологияларды енгізу және топырақ құнарын қалпына келтіру. Ал тіршілік көзін тиімді пайдалану үшін түрлі суару тәсілдерін қолдану. Дегенмен, мұндай технологияларды енгізу үшін алдымен қажетті инфрақұрылым мен қаржылық қолдау керек дейді жауаптылар. Жалпы Түркия ауыл шаруашылығына елдегі су қорының 79 пайызын жұмсайды. Сондықтан мәселе тек фермерлердің емес, тұтас елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты. Мамандар су үнемдеуге бағытталған нақты қадамдар жасалмаса, климат өзгерісінің экономикалық салдары әлдеқайда ауыр болады дейді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz