Қытай мұнай импортын көбейтіп жатыр.
Мұны шығыстағы көршіміздің кеден басқармасының сандары растап отыр. Өткен айда бұл елге тәулігіне шамамен 10 млн баррель қара алтын жеткізілген. Бұл Ирандағы соғыс басталғалы ең жоғары көрсеткіш. Қытай - мұнайдың ең ірі тұтынушысы. Яғни оның қанша баррель сатып алатыны әлемдік нарыққа әсер етеді. Импорттың өсуі жаһандық сұранысты көбейтеді деген сөз. Президент Трамп Иранға қайта соққы беруі екіталай екенін жеткізді. Ал Вашингтон Тегеран билігімен расымен келісімге келсе, мұнай нарығы қалай құбылады? Сарапшылар не дейді?
Биыл қазанда Қытайдың мұнай импорты 307 млн баррельден асты. Бұл алдыңғы аймен салыстырғанда 9,4 пайызға көп. Десе де, былтырғы көрсеткіштен 13 пайызға аз. Демек, көрші ел мұнай сатып алуды көбейтіп жатыр. Бірақ бұрынғы көлемге әлі жете қоймады. Қытай жиып қойған стратегиялық қара алтын қорынан күзге дейін шашау шығармай келді. Мұның орнына коммерциялық қорды пайдаланды. Бірақ Kpler компаниясының дерегіне қарағанда, биыл қыркүйекте көрші елдің қоры 57 млн, ал қазанда тағы 7 млн баррельге кеміді. Қытайдың сұранысты көбейтуінің түпкі себебі осы, дейді сарапшылар.
Қытайдың мұнай импорты
қазан 2026 жыл
307 млн баррель
алдыңғы аймен салыстырғанда +9,4%
былтырмен салыстырғанда - 13%
Алекс Шинделар, Energy Intelligence компаниясының президенті:
- Ормуз бұғазы жабылып, мұнай тасымалы азайған кезде Қытай импорт көлемін реттеді. Мұның көлемін тәулігіне 5 миллион баррельге қысқартты. Егер сұранысты азайтпағанда, қара алтын қазіргі бағасынан әлдеқайда қымбат болар еді. Егер болашақта қара алтын тасымалы қайта үзілсе, балама жолдарын табатыны кәдік.
Жаһандық мұнай өндірісі қайта жанданды. Energy Aspects компаниясының мәліметінше, қазанда оның көлемі тәулігіне 85 миллион баррельге жетті. Бұл кейінгі 5 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Бұған Ормуз қақпасы арқылы мұнай тасымалының қалпына келуі себеп. Аралық сайлаудан соң Президент Трамптың Конгрестегі ықпалы әлсіреді. Қазір Ирандағы соғыс осымен тоқтай қояды деген сенім басым. Вашингтон мен Тегеран расымен келісімге келсе, әлемдік нарықта мұнай көлемі шамадан тыс молая түседі, дейді сарапшылар
Гаурав Шарма, энергетика нарығының сарапшысы:
- Таяу Шығыста бейбітшілік орнайды деген үміт пайда болған сайын мұнай бағасы төмендей береді. Мұнай фьючерстеріне қарасақ, баға бірде 4-5 долларға өсіп, бірде қайта төмендеп, үнемі құбылып тұрады. Ал дәл осы сәттегі сұраныс пен ұсынысты ағымдағы баға, яғни спот нарығы көрсетеді.
Ормуз бұғазының жабылуын пайдаланып, АҚШ, Бразилия және Канада өндірісті арттырған еді. Ирандағы соғыс осымен аяқтала қойса, нарықта нағыз бәсеке басталады. Себебі биыл мұнайға жаһандық сұраныс азайды. Мұның көлемі тәулігіне 3,3 млн баррельге кеміген. Осы жағдайды ескеріп, Сауд Арабиясы Азия елдеріне мұнайды арзанға бермекші. Ресми Эр-Рияд Азия үшін Arab Light маркалы қара алтынға 2 долларға төмен баға ұсынып отыр.
Гаурав Шарма, энергетика нарығының сарапшысы:
- Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнайдың басым бөлігі Азия елдеріне жеткізілетін. Энергетикалық дағдарыс қара алтын тасымалының балама жолдарын іздеуге мәжбүрледі. Мәселен, Ормуз арқылы өтетін танкер Сингапур немесе Гонконгқа 3-4 аптада жетсе, ал АҚШ-тан мұнай тасымалдауға 3 есе көп уақыт қажет. Бұл тұтынушы елдер үшін тиімсіз.
Ирандағы соғыстан Парсы шығанағы елдері бюджетінің бүйірі толмай тұр. Демек, Вашингтон мен Иран келісімге келсе, әр мемлекет өзінің бас пайдасы үшін мұнайды көптеп өндіреді. Алайда Таяу Шығыс пен Ресейде соғыстың кесірінен қара алтын өңдейтін біраз инфрақұрылым бүлінді. Биыл әлемдегі мұнайдың стратегиялық қоры 1 млрд баррельге кеміді. Демек, тұтынушы елдер қоймаларын толтыруға кірісуі тиіс. Алайда баға әзір қымбаттау. Сондықтан тұтынушы мемлекеттер арзандағанын күтеді, дейді сарапшылар. Әйтсе де саланың кей мамандары мұнайға сұраныс артанына сенеді.
ЦИТАТА: Рон Буссо, Reuters агенттігінің энергетика саласы бойынша сарапшысы
Біріншіден, биыл жанармай бағасы қымбаттаған соң әлемнің біраз елі тұтынуды қысқартуға мәжбүр болды. Бірақ бұл сұраныс толығымен жойылды деген сөз емес. Тек уақытша шара. Екіншіден, Иран мен Украина мәселесі көп ұзамай шешілсе, мұнай өңдеу зауыттары да іске қосылады деп ойлаймын.
Ирандағы соғыс әлемде энергетикалық дағдарыс туғызды. Сарапшылар шиеленістің аяқталуы керісінше қара алтынның шамадан тыс көбеюіне әкелетінін айтады.
Авторы Зайнұр Байжігіт
Тегтер #мұнай нарығы #құбылмалы #24KZ #Таяу ШығысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz