Америкалық жасанды интеллект алпауыты Anthropic АҚШ биржасында акцияларын алғаш рет жариялы түрде орналастыруға өтінім берді. «Рейтердің» мәліметінше, компания IPO барысында 64,5 млрд долларға дейін қаржы тартуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Болжам бойынша, техноалпауыт жария саудаға шыққан кезде тарихтағы ең қымбат компания ретінде SpaceX рекордын жаңартуы мүмкін.
Claude чат-ботын жасаған «Антропик» акцияларын NASDAQ биржасына шығарады. Базалық пакет аясында инвесторларға әрқайсысы 70-78 долларға дейінгі бағамен 825 миллион құнды қағаз ұсынылады. Бұл 64,5 млрд долларға дейін қаржы тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Goldman Sachs, Morgan Stanley және J.P. Morgan сияқты ірі банктер қалауы бойынша тағы 125 миллион акцияны қосымша сатып ала алады. Bloomberg агенттігінің дерегінше, бұл опцион жүзеге асса, тартылған капитал көлемі 94 миллиард долларға жетуі мүмкін. Маусымдағы алғашқы орналастыру барысында Илон Масктің SpaceX компаниясы 75 миллиард доллар инвестиция тартқан болатын.
Пол Марино, ETFS кіріс жөніндегі бас директоры:
– Бұл – таңғаларлық оқиға. Anthropic – жасанды интеллект нарығындағы басты ойыншылардың бірі және өз саласындағы озық компания. Инвесторлар оған қаржы салу мүмкіндігін өте ұзақ күтті. Міне, ақыры сол сәт те келіп жетті. Менің ойымша, индустрия алыптарының биржаға шығуы өте маңызды. Бұл инвесторларға бірегей технологиялық ресурстарға тікелей қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Anthropic стратегиялық серіктестері – Google, NVIDIA және Microsoft үшін акцияларды жабық түрде орналастыруды жоспарлап отыр. Осылайша, компанияның нарықтық құны бір жарым трлн долларға жетуі мүмкін. Қаражаттың бір бөлігі негізгі мамандарды тартуға және ұстап қалуға, сондай-ақ салықтарды төлеуге бағытталады.
Лукас Мюльбауэр, Ipox Schuster қаржылық компаниясының сарапшысы:
– Қазір Anthropic үшін ең бастысы – тұрақты клиенттерді тарту, корпоративтік пайдаланушылар базасын қалыптастыру және оны тұрақты табыс көзіне айналдыру. Инвесторлар алдағы қаржылық есепті мұқият бақылайды: бизнестің өсуі жалғаса ма, қарқыны үдей ме, әлде баяулай бастай ма? Түптеп келгенде, компанияның жетістігі корпоративтік секторды қаншалықты тиімді тарта алатынына және клиенттерді қаншалықты ұстай алатынына байланысты.
АҚШ-тағы аралық сайлауда Демократиялық партия жеңіске жетті. Ал оның мүшелері деректерді өңдеу орталықтарын салуға қарсы. Bloomberg басылымының жазуынша, инвесторлар бұл жағдай жасанды интеллектінің дамуын шектеуі мүмкін деп қауіптенеді. Компанияның қаржылық ахуалы да мәз емес. Жыл басынан бері Anthropic түсімі 81 миллиард долларды құрады. Ал таза шығыны 104 млрд доллардан асып кеткен. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2 есе көп.
Мэтт Кеннеди, Renaissance Capital аға стратегі:
– Миллиардтаған табысы бар компанияны сирек кездестіруге болады. Мұндай ауқымдағы өсім бұрын-соңды болмаған. Қазіргі уақыттағы ең үлкен шығын есептеу ресурстары мен оларға жұмсалатын шығындар болып тұр. Сату мен маркетингке қоса, олар жылдам өсу үшін Google сияқты серіктестерімен ынтымақтастыққа қомақты қаржы салып жатыр. Сонымен қатар біз шығындардың да өсіп жатқанын көріп отырмыз, сондықтан инвесторлар осы жайтты да ескеруі керек деп ойлаймын.
Anthropic Трамп әкімшілігімен тіл табыса алмай отыр. Компания өз технологияларын әскери мақсатта қолдануға қойылған шектеулерді алып тастаудан бас тартқаннан кейін Пентагон Anthropic ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер деп атады. Бұған қоса, компания мамандары жасанды интеллект технологияларының әбден дамып, адам ырқынан шығып кетуі мүмкін деп қауіптенеді.
Фолькер Тюрк, БҰҰ адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары:
– Озық жасанды интеллект адамзатқа қауіп төндіруі мүмкін деген сала мамандарының алаңдаушылығына мен де қосыламын. Жасанды интеллект сынақ ортасынан шығып кететін немесе өзін өшіртпеу үшін өз бетімен әрекет ететін күшке ие. Біз бүгін жасанды интеллект қауіпсіздігінің мызғымас кепілдіктерін қалыптастырып алуымыз керек. Әйтпесе ертең өте кеш болады.
Anthropic 16 қарашадан басталатын аптада биржаға шығуды жоспарлап отыр. Акциялары 19 қарашада саудалана бастауы тиіс. Anthropic ізін ала 2027 жылы оның бәсекелесі – ChatGPT жасаған OpenAI компаниясы да биржаға шығуы керек.
Автор: Ернат Рахметолла
Тегтер #АҚШ биржасы #IPO #жасанды интеллектPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz