RU
Толық нұсқаға өту

Анталияда әлем көшбасшыларының СОР31 саммиті өтіп жатыр

11.11.2026, 21:34 32

102 елдің басшылары мен 300-ден астам министр жиналған маңызды жиында климаттық дағдарысқа қарсы күрес, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту мәселелері талқылануда. Қазақстан да жасыл энергетикаға көшу бастамаларын ұсынып, тың жобаларымен таныстырды, деп хабарлайды 24KZ.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Анталияда СОР31 халықаралық конференциясы аясында әлем көшбасшыларының климаттық саммиті өтіп жатыр. Екі күнге жоспарланған жоғары деңгейдегі жиынға 100-ден астам елдің басшылары жиналған. Ауқымды басқосуға Қазақстан атынан премьер-министр Олжас Бектенов қатысуда. Үкімет және мемлекет басшылары таза энергетикаға көшу, парниктік газ шығарындыларын қысқарту, климаттық жобаларды қаржыландыру сияқты 7 түрлі маңызды мәселені талқылайды.

Бұл жолғы саммит күрделі геосаяси жағдайда өтіп жатыр. Таяу Шығыстағы қақтығыс әлемдік энергетика нарығына әсер етіп, бірқатар елді мұнай жеткізудің балама жолын іздеуге мәжбүр етті. Ал энергия тапшылығы қаупі кей мемлекеттердің көмірді қайта пайдалануды арттыруына себеп болып отыр. Сол себепті ауқымды жиында жаһандық температураның өсуін шектеуді көздейтін Париж келісімін орындау мәселесі көтерілді. Алайда сарапшылар елдердің климаттық уәделерін нақты іске асыруы үшін қаржы, технология және өзара сенім қажет екенін айтады.

Мұрат Курум, СОР31 президенті:

– Экологиялық мәселелерді шешу үшін қаржыландыру өте маңызды. Алайда одан да маңыздысы – бір-бірімізге деген сенім. Берілген уәдеде тұру, бөлемін деген қаражатты уақытылы беру, қабылданған шешімдердің жүзеге асуына ықпал ету. Себебі климаттың өзгеруіне қарсы күресте уақытында іске аспаған бір жоба болашақта орны толмас апатқа әкелуі мүмкін.

БҰҰ бас хатшысы мемлекеттерді климаттық міндеттемелерді сөз жүзінде қалдырмай, нақты іске көшуге шақырды. Оның айтуынша, жаһандық температураның көтерілуі мен табиғи апаттардың жиілеуі шұғыл шара қабылдауды талап етеді.

Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:

– Біздің жаһандық жылынуға қарсы күрестегі ең маңызды міндетіміз – шындықты айту. Климаттық дағдарыс әлемді жылдам жаулап жатқаны жасырын емес. Былтыр парниктік шығарындылар көрсеткіші рекордтық деңгейге жетті. Сондықтан жаңартылатын энергия көздеріне көшуді жеделдету қажет.

Қазақстан да жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттырып, жасыл технологияларды енгізуге мүдделі. Еуропалық қайта құру және даму банкі Қазақстанның осы бағыттағы бастамаларын қолдауға әзір.

Сун-А Кюн, еуропалық қайта құру және даму банкінің бөлім басшысы:

– Қазақстанның жасыл технологияға көшу бағытындағы мақсаты айқын. Біз елдің жаңартылатын энергия көздерін дамытуына, электр желілерін жаңғыртып, энергияны сақтау жүйелерін енгізуіне қолдау көрсетуге дайынбыз. Мұның бәрі энергетикалық қауіпсіздікті нығайтып, ауаның сапасын жақсартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді. Біз Қазақстанмен бірлесіп жұмыс істеуге және бұл іске басқа да халықаралық серіктестерді тартуға мүдделіміз.

Анталиядағы көшбасшылар саммиті ертең де жалғасады. Ал СОР31 конференциясының өзі 20 қарашада аяқталады. Алдағы келіссөздерде Париж келісімін жүзеге асыру, климаттық қаржыландыруды арттыру және таза энергияға көшу мәселелері талқыланады.

Автор: Әсия Нұрлыбаева

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz