Солтүстік Корея мейрамханаларды көбейтіп жатыр. Reuters агенттігінің дерегі бойынша жаңа нысандар 10-нан аса қалада ашылған. Көпқабатты сәнді ғимаратта мәрмәр үстел, ет қуыратын арнайы құрылғылар – бәрі қызметке әзір, деп хабарлайды 24KZ.
Ал мәзірде сиыр, доңыз, тіпті түйеқұс еті де бар.
Солтүстік Кореяда ет тағамын ұсынатын орындар санаулы еді. Бар болса да, тұрғындардың ілуде біреуі ғана бара алатын. Себебі қымбат. Таяуда 10 бірдей қалада жаңа сәнді мейрамханалар ашылды. Тіпті отшашу атып, тұрғындарға дүбірлі той ұйымдастырды.
Мұны мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Алайда кей сарапшылар Пхеньян билігінің бұл саясатын көзбояушылыққа балайды.
Чжон Ын Ли, Корея ұлттық бірігу институтының Солтүстік Кореяны зерттеу бөлімінің директоры:
– Ким Чен Ын өзін бұқараның қамын ойлаған басшы ретінде көрсеткісі келеді. «Ет ұсынатын мейрамханаларды көбейтіп, халықтың игілігі үшін қызмет етіп жатырмын», - деп беделін арттырмақ. Бұл идеологиялық құрал деуге болады.
БҰҰ-ның 2022 жылғы есебі бойынша Солтүстік Кореяда 10 млн 700 мың адам тойып тамақ ішпейді. Бұл – халықтың 40 пайызы.
Сарапшылар жаңа мейрамханалар көпшілікке қолжетімді бола қояды дегенге сену қиын екенін айтады.
Ли Э Ран, аспаз:
– Солтүстік Кореяда адамдар күнде ет жемейді. Жоғары лауазымды шенеуніктердің де бұған қолы жете бермейді. Пхеньянда үйрек етін ұсынатын мейрамхана болатын. Бірақ мұнда қарапайым адамдар кіре алмайтын. Онда тек шетел валютасын қабылдайтын. «Долларлық мейрамхана» деп атайтын.
БҰҰ-ның тағы бір дерегіне сүйенсек, 2023 пен 2025-шы жылдар аралығында Қытай Солтүстік Кореяға 39 млн доллардың етін жөнелткен. Бұл алдыңғы көрсеткішпен салыстырғанда 4 есе көп. Таяуда Ким Чен Ын елдегі ет өндірісін арттыруды тапсырды. Ал сарапшылар солтүстік кореялық телеарналар халықтың тұрмысына қатысты тек біржақты ақпарат таратынына алаңдайды.
Хейзел Смит, Лондон университетінің зерттеушісі:
– Солтүстік Кореяда телеарналар биліктің бақылауында екенін ұмытпауымыз керек. Теледидардан көрсетілетін ақпараттың көбін әсірелеп береді. Немесе мүлде шындыққа жанаспайды.
Не десек те, Солтүстік Кореяның жағдайын бір білсе көршісі әрі ағайын ел Оңтүстік Корея білуге тиіс. Ал Оңтүстік Корея Орталық банкінің мәліметіне қарағанда, былтыр бұл елдің экономикасы 3 жарым пайызға өскен. Тіпті дерекке қарағанда Пхеньянның экономикалық әлеуеті 3 жыл қатарынан артып келеді.
Авторы: Зайнұр Байжігіт
Тегтер #24KZ #Солтүстік Корея #Ким Чен Ын #мейрамханаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz