RU
Толық нұсқаға өту

Әлем елдері ақша-несие саясатын қатаңдатып жатыр

12.11.2026, 14:20 39

Бұған АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс салдарынан инфляцияның күшеюі себеп, деп хабарлайды 24KZ.

Енді тұтыну бағаларының тоқтаусыз өсімінен қауіптенген орталық банктер пайыздық мөлшерлемені қайта көтеруге ниетті.

АҚШ-та инфляцияның одан әрі үдеуіне және пайыздық мөлшерлеменің көтерілуіне қатысты алаңдаушылық күшейіп келеді. Қазан айында тұтыну бағаларының индексі 0,4 пайыз өсіп, жылдық көрсеткіш 3,7 пайызға жетті. Ал базалық инфляция 0,3 пайыз болды. Екі көрсеткіш те сарапшылар болжаған деңгейден жоғары. Осыған байланысты мамандар ақша-несие саясаты одан әрі қатаңдауы мүмкін деп қауіптенеді. Кейінгі жарияланған есеп те АҚШ қор нарығына кері әсер етті. Апта басында Dow Jones, S&P 500 және Nasdaq негізгі индекстері төмендеп, шығын көлемі 0,7 пайызға дейін жетті. Қазір АҚШ-тағы пайыздық мөлшерлеме 4 пайызды көрсетіп отыр. Бұл – ел үшін айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Бұған негізінен Ирандағы қақтығыстар мен Ормуз бұғазындағы шиеленіс салдарынан күшейген инфляция себеп.

Крис Бригати, SWBC инвестициялық компаниясының басқарушы директоры:

– Қазір Американың қор нарығында акцияларды жаппай сату үрдісі байқалады. Алдағы уақытта жасанды интеллект саласының экономикалық өсімге әкелетініне күмән бар. Тұтыну бағалары индексінің деректері нарықтағы құлдырауға түрткі болды. Инфляцияның бірқатар маңызды көрсеткіштері біз болжағаннан жоғары шықты. Сәйкесінше, Федералдық резерв жүйесі алдағы желтоқсанда пайыздық мөлшерлемені көтеруі ықтимал.

Еуроаймақта инфляция қарқыны үдеді

Таяу Шығыстағы қақтығыстың салдары кәрі құрлыққа сәл ерте әсер етті. Еуропалық орталық банк пайыздық мөлшерлемені шілде айында-ақ көтерді. Араға үш жыл салып, қайта өсім көрсеткен пайыздық мөлшерлеме қыркүйекте тағы жоғарылап, 2,65 пайызға жетті. Сарапшылар энергия ресурстарын жеткізудегі іркілістер АҚШ-қа қарағанда Еуропаға ауыр соғып жатыр, дейді. Өйткені аймақ энергетикалық ресурстар импортына көбірек тәуелді. Кейінгі мәліметтерге сәйкес, Еуроаймақтағы жылдық инфляция 4 пайызға дейін үдеген. Енді Еуропалық орталық банк желтоқсанда пайыздық мөлшерлемені үшінші рет көтеруі мүмкін. Бір жыл ішінде ең жоғары өсім Литва, Болгария және Грекия елдерінде тіркелген. Ал Германияда инфляция деңгейі керісінше баяулап, 3 пайыздан төмендеді.

Кристин Лагард, Еуропалық орталық банк президенті:

– Энергия ресурстарының бағасы әлі де өсіп келеді. Бұл – инфляцияның үдеуіне және экономикалық өсім қарқынының баяулауына қауіп төндіреді. Базалық инфляция әзірге тұрақты, ал жалақы деңгейінде айтарлықтай өзгеріс жоқ. Дегенмен энергетикалық дағдарыстың ұзақтығы мен ауқымы ұлғайса, оның жанама салдары мен кейінгі әсерлері инфляцияны одан әрі күшейте түседі. Біз инфляцияны 2 пайызға тұрақтандыру үшін ақша-несие саясатын жүргізуге бел буып отырмыз. Пайыздық мөлшерлемелер жоғары деңгейде қанша уақыт сақталары әзір белгісіз.

Таяу Шығыстағы қақтығыстың салдарынан әлемнің бірқатар жетекші елі ақша-несие саясатын қатаңдатып жатыр. Ирландияда тұрғын үй және коммуналдық қызметтер саласындағы инфляция қыркүйекте 9,5% болса, кейінгі айда 10,7%-ға дейін жеделдеді. Жапонияда пайыздық мөлшерлеме кейінгі 31 жылдағы ең жоғары деңгейге жеткен. Ұлыбритания, Швеция және Үндістан да мөлшерлемені көтеруге кірісті. Ал Норвегия мен Оңтүстік Кореяда жыл басынан бері көрсеткіш екі рет өсті. Аустралияда пайыздық мөлшерлеме қатарынан бес рет көтерілді. Қытай ғана ішкі тұтынуды қолдау мақсатында мөлшерлемені әзірге өзгеріссіз қалдырып отыр. Қазан айының қорытындысы бойынша Қытайдағы инфляция 0,7 пайызды құрады. Бағаның өсу қарқыны ақпан айымен салыстырғанда екі есе баяулағанымен, жылдық көрсеткіш әлі де 3,5 есе жоғары болып отыр.

Авторы: Нұрбике Жігер

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz