Әлемде млн-даған адам үшін күнделікті ас ішу, қалыпты тіршілік емес, өмір үшін күрес. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, былтыр 645 млн адам аштыққа ұшыраған, деп хабарлайды 24KZ.
Әсіресе Судан, Йемен, Оңтүстік Судан және Газа секторындағы жағдай өте күрделі. Қақтығыстар, климаттың өзгеруі мен қымбатшылық азық-түлік дағдарысын ушықтырып отыр.
Бір үзім нан. Біреулер үшін күнделікті дастарқанның ажырамас бөлігі болса, енді біреулер үшін қол жетпес арман. Әлемде млн-даған адам ертеңгі асын қалай табамын деп, алаңдаумен күн кешеді.
Соғыс, қуаңшылық пен қымбатшылық қарапайым халықтың аузындағы асын тартып алды. Бұл – ХХІ ғасырдағы аштықтың ащы шындығы. БҰҰ мәліметінше, 2025 жылы жер шарында 645 млн адам аштықтан зардап шеккен. Ал 2 млрд 100 млн тұрғын жеткілікті әрі құнарлы асқа қол жеткізе алмайды. Жағдайды әлемде жайлаған соғыс пен жоқшылық одан бетер ушықтыра түсті. Бүгінде аштықтың ең ауыр зардабын Судан халқы тартып отыр. Бірнеше жылдан бері жалғасқан қарулы қақтығыс елдің шаруашылығын күйретіп, млн-даған тұрғынды босқынға айналдырды. 19 жарым млн-ға жуық адам азық-түлік тапшылығының ауыр деңгейіне тап болса, 5 жасқа толмаған 825 мың бала ашқұрсақ жүр.
Карл Скау, Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының өкілі:
– Қазіргі жағдай осыдан 40 жылғы жағдаймен салыстырғанда әлдеқайда күрделі. Бұған қақтығыстар мен гуманитарлық көмектің жеткіліксіздігі себеп. Қаржы тапшылығына байланысты шығындарды қысқартуға мәжбүрміз. Алайда азық-түлік өндірісі мен көмек көлемі азайса, бұл үлкен апатқа әкелуі мүмкін.
Газа секторында да нан – тіршілік үшін күрестің символына айналды. Қираған ғимараттардың, тасталған қоқыстардың арасында азық-түлік іздеген жұрт, көмекті үйлестіретін орталықтардағы ұзын-сонар кезек, бос ыдысын құшақтаған балалар – Газа жұртының бүгінгі жағдайын сипаттайды. Мұнда бір бөлке нанның өзі бірнеше адамға бөлінеді. Гуманитарлық көмек көбейгенімен, 1 млн 400 мың тұрғын аштықта өмір сүріп жатыр.
Нанға зәру елдердің қатарында Йемен, Гаити, Оңтүстік Судан, Ауғанстан мен Палестина да бар. Гаитиде 6 млн-ға жуық адам азық-түлік дағдарысын бастан кешуде. Қылмыстық топтардың зорлық-зомбылығы, қымбатшылық пен табиғи апаттар халықтың күнкөрісін қиындатты. Ал Йеменде млн-даған бала тамаққа мұқтаж. Олардың көбі халықаралық ұйымдардың көмегіне тәуелді.
Сабрина Кухаил, палестиналық тұрғын:
– Онсыз да қиын жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Үш жыл бойы соғыс, қирау мен қантөгістің салдарынан аштықта күн кешіп отырмыз. Бізде қандай өштері бар? Әбден шаршадық! Балаларымызды асырап, өмірімізді жалғастыру үшін бізге ұн, өсімдік майы мен нан беруді сұраймыз.
Карл Скау, Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының уақытша атқарушы директоры:
– Алдағы уақытта 500 мыңға жуық адам гуманитарлық көмектен қағылуы мүмкін. Бұған азық-түлік тапшылығынан бөлек, қаржының жетіспеуі себеп. Қазір қолдауды тоқтататын емес, керісінше күшейтетін уақыт. Газа халқы бұндай жағдайда төртінші қысты қарсы алғалы отыр. Адамдар қираған ғимараттар мен шатырларда күнелтуге мәжбүр. Осындай қиын кезеңде көмекті қысқартуға мәжбүрміз. Сондықтан дүниежүзі елдерін шұғыл әрекет етуге шақырамыз.
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, әлемде аштықтың басты себептері – қарулы қақтығыстар, экономикалық күйзеліс және климаттың өзгеруі. Қуаңшылық егінді күйдірсе, су тасқыны алқаптарды шайып жатыр. Соғыс астық өсіретін шаруаны жерінен, ал қарапайым халықты күнделікті нанынан айыруда. Қымбатшылық та жұрттың тұрмысын қиындатты. Осының салдарынан млн-даған отбасы үшін қара нанның өзі қол жетпес асқа айналған.
Авторы: Арайлым Жақсылыққызы
Тегтер #24KZ #БҰҰ #нан #азық түлік #тапшылық #аштықPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz