Еуропа елдеріндегі дүкен тоңазытқыштарына жасалған кибершабуылдар жаңа қауіптің бетін ашты. Енді хакерлер тұрмыстық техника мен жеке гаджеттерді де нысанаға алуы мүмкін. Еуропалық одақтың Киберқауіпсіздік агенттігі осындай болжам жасады. Мамандардың айтуынша, хакерлер әдісін өзгертіп жатыр. Ақылды зерденің дамуы бұл қатерді одан әрі күшейтті, деп хабарлайды 24KZ.
Киберқылмыскерлер шабуыл тәсілдерін өзгертіп, нысанасын кеңейтіп жатыр. Енді олардың мақсаты – серверлер, мемлекеттік мекемелер мен сайттармен шектелмейді. Хакерлер өндіріс орындары мен маңызды инфрақұрылым нысандарының басқару жүйелерін бұзуға көшті. Олардың қатарында су құбыры желілері, электр станциялары, зауыттар, шарап өндірісі мен азық-түлік қоймалары бар. Мұндай шабуылдардың салдары цифрлық кеңістіктен әлдеқайда асып түседі. Құрылғылардың істен шығуы өртке, құбырлардың жарылуына және миллиондаған шығынға әкелуі мүмкін.
Сиймен Рувхоф, киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшы:
– Интернетке қосылған кез келген құрылғы кибершабуылға ұшырауы мүмкін. Өйткені құрылғылардың бағдарламалық жүйесінде осал тұстары жиі байқалады. Қауіптің алдын алу үшін бағдарламалық жасақтаманы уақытында жаңарту немесе құрылғыны интернеттен ажырату қажет. Әйтпесе, хакерлер оларды кез келген уақытта бұза алады.
АҚШ-тың кемінде 12 штатындағы су жүйелері кибершабуылға ұшырады. CBS News мәліметінше, оқиға тамыз айында болған. Хакерлер Джорджия, Мичиган және Нью-Джерси штаттарындағы су тазарту станцияларындағы бағдарламалық құрылғыларға кірген. Хакерлер операторлардың жұмысын тежеп, құрылғылардың IP-мекенжайларын өзгерткен. Осыған ұқсас шабуыл Данияда да тіркелді. Копенгаген маңындағы су жүйесін басқару құрылғылары бұзылып, сорғылардың жұмыс параметрлері өзгертілген. Нәтижесінде су қысымы күрт көтеріліп, кемінде үш құбыр жарылды. Оқиғадан кейін шамамен 500 үй жеті сағат бойы сусыз қалды.
Еуропада дүкендерге жаппай кибершабуылдан ең көп зардап шеккен ел – Франция. Хакерлер жүздеген дүкеннің тоңазытқыштарындағы температураны қашықтан 50 градусқа дейін көтерген. Салдарынан олардағы азық-түлік бұзылып, шығын миллиондаған еуроны құрады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, сол кезде донорлық қан сақталатын тоңазытқыштарға да шабуыл жасалған. Франция билігі шабуылға Иранның «Шахед Кавех» хакерлік тобын айыптады. Алайда Иран бұл мәлімдемені жоққа шығарды.
Жан-Ноэль Барро, Франция Сыртқы істер министрі:
– Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы Францияға жасалған ірі кибершабуылға жауапты. Мұндай әрекет елдің қауіпсіздігіне қатер төндірді. Сондықтан Франция Иран елшісін шақырып, наразылық білдірді. Сонымен қатар шабуылға қатысы бар адамдарға Еуропалық одақ көлемінде санкция салынады.
Apple компаниясы 99 елдегі iPhone қолданушыларына ескерту жіберді. Хакерлер смартфондарға тыңшылық бағдарламалар арқылы кіруге тырысқан. Мұндай бағдарламалар жеке хаттарды оқып, телефон қоңырауларын тыңдай алады. Тіпті камера мен микрофонды қашықтан іске қосуға мүмкіндік береді. БҰҰ Даму бағдарламасының мәліметінше, әлемдегі iPhone қолданушыларының 14%-ы ескі iOS нұсқасын пайдаланады. Бұл шамамен 200 миллионнан астам құрылғы. Олардың қорғанысы әлсіз болғандықтан, сәйкесінше кибершабуылға ұшырау қаупі жоғары.
Сарапшылар жаһан елдері 2031 жылға қарай цифрлық шабуылдардан 12 триллион доллар шығынға ұшырауы мүмкін, деп болжайды. Осыған байланысты құрылғы өндірушілерін қауіпсіздік жүйелерін күшейтуге шақырады.
Тегтер #киберқылмыс #еуропа елдері #хакерлер #Киберқауіпсіздік агенттігіPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz