БҰҰ-ның дерегі бойынша бұл – елдегі халықтың 20 пайызы. Әрине, халықтың табысы болмаған соң дау көп. Бір ғана мысал, Бейрутте тауық еті қосылған қытырлақ нанның бағасы «Неге қымбат?» деп түсінбей жатыр жұрт.
Өйткені мейрамханалардың бірі бұл тағам үшін 13 доллар сұрайды. Ал өзге орындарда екі есе арзан. Жұрт бір үзім нанға жарымай отырғанда, бұл не қылған баға?
Бейрутте тауық етінен жасалған қытырлақ нанды ұсынатын орындар жетерлік. Алайда Glow Paradise мейрамханасы: «Мәзірдегі тағамымыз ерек әрі денсаулыққа пайдалы. "Келушілер тамсанып жейді, сол себепті бағасы да екі есе қымбат", - дейді. Бұл мәселе әлеуметтік желіде жұрттың қызу талқысына түсті. Желі қолданушыларының бірі: «Мейрамхана бағаны негізсіз өсірді» десе, енді бірі: «Бұл орын тек қалталыларға арналған», - деп санайды.
Натали Абу Каррум, жергілікті тұрғын:
- Ferrari көлігін алайықшы, мұны кез келген адам сатып ала алмайды. Сол секілді бұл тағам да белгілі бір топқа арналған. Сондықтан мейрамхана өніміне қатысты дау шығарудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
Көпшіліктің наразылығына қарамастан, мейрамханаға келушілердің қарасы қалың. «Небәрі 11 күнде тауық еті қосылған 20 мың қытырлақ нан саттық», - дейді кәсіпкер.
Храг Джегалиан, GLOW PARADISE мейрамханасының басқарушысы:
- Бұл – табиғи маркетинг. Яғни тұтынушыға тауарды күштеп таңбайды. Өйткені өнім барлығына бірдей ұнауы мүмкін емес.
Бұл жағдай Ливанда әлеуметтік теңсіздік күшейгенін көрсетсе керек. Қазір елде бес отбасының төртеуінің айлығы шайлығына жетпейді. Ал бизнесте ұсыныс бар, бірақ сұраныс жоқ. Осының салдарынан Бейрутте бір айда 22 бірдей мейрамхана жабылған.
Сами Надер, Бейруттағы Сент-Жозеф университетінің экономисі:
- Бұрын бізде орта тап болатын. Қазір жоқ. Бұған бірнеше дағдарыс себеп. Әуелі 2019 жылы қаржы жүйесі күйреді. Бұдан соң коронавирус пандемиясы, 2020 жылғы Бейрут портындағы жарылыс және екі бірдей соғыс. Ливан халқы бес ірі дағдарысты бастан өткерді. Осының салдарынан ел байлығы азайды.
Дүниежүзілік банктің дерегіне қарағанда, 7 жылда Ливанның жалпы ішкі өнімі 40 пайызға қысқарды. Ал инфляция дес берер емес. Биылғы көрсеткіш 17,5 пайызға жетуі мүмкін. Бұл әлемдік орташа инфляция деңгейінен 4 есе жоғары. Ал еңбақы мөлшері сол баяғы өзгеріссіз күйінде. «Сондықтан адамдар тамақтан үнемдеуге мәжбүр», - дейді тұрғындар.
Фуад Фахреддин, мейрамхана қызметкері:
- Қазір қоғам екі топқа бөлінгендей. Бір тобы өмір сүрсе, екіншісі әйтеуір өлместің күнін кешіп жүр.
Ахмед Рагдо, дүкен иесі:
- Жалақыға өмір сүретін адамның табысы қанша? 400 доллар дейік. Тіпті айына 600-700 доллар тапса да, бұл жеткіліксіз. Үйдің жалдау ақысы, электр энергиясы, генератордың төлемі, су ақысы және басқа да шығындар бар. Халықтың жағдайы мүшкіл.
Ал Ливанның оңтүстігінде Изральдің шабуылдары тоқтамай тұр. Осының салдарынан ауыл шаруашылығы жерлері бүлініп, өндіріс шығыны көбейген. Бұл табысы төмен отбасыларға ауыр тиіп отыр. БҰҰ-ның дерегіне сүйенсек, қазір Ливанда 1 млн-нан аса адам аштық алдында тұр. «Бұл мәселенің алдын алып, шұғыл шара қабылдамаса, көрсеткіш келер жылы тағы 100 мың адамға артады», - дейді ұйым өкілдері.
Авторы: Зайнұр Байжігіт
Тегтер #Ливан #аштық #БҰҰ #табыс #қымбатшылық #мейрамхана #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz